АУЫЛҒА МАХАББАТПЕН КЕЛДІМ…

0
555

Қармақшы ауданы «Ақжар» ауылдық округінің әкімі Нұржамал БЕКТАЙҚЫЗЫ:

Билікте ауыс-түйістің болуы заңдылық. Жаңа басшы, жаңа леп, әрі жұмыстың жаңа қарқыны. Бұндай жаңалық соңғы уақытта Қызылордада жиі орын алуда. Бәрінің көкейінде қай қызметке де ісіне тиянақты, әрі іскер басшы келсе деген ой. Қармақшы ауданының «Ақжар» ауылдық округінің әкімі лауазымына жаңадан сайланған Нұржамал Тұрсынбаева — соңғы уақытта билікке келген сыр бойындағы санаулы әйел әкімнің бірі. Бұған дейін мықты баспасөз хатшы, өңірлік коммуникациялар орталығының білікті маманы ретінде танылып, БАҚ саласының үздігі болған ол ендігі қызметтегі міндетін қалай орындайды екен деген сауал біразды толғандырғаны тағы бар. Біз оған хабарластық, тілдестік және көкейдегі бірнеше сауалдың жауабын білдік. Сөйтіп, бір кездері төртінші билік өкілінен болған ол атқарушы биліктің биігінен көрінсін деп тіледік.

— Жаңа қызметіңіз құтты болсын! Екі апта әкімнің міндетіне тиесілі жұмыс барысымен танысып үлгеруге жеткілікті. Сіз үшін қиыны мен қызығы неде екен?

— Рақмет! Қиыны — ауыл тұрғындарының жауапкершілігін арқалау. Жұрттың бәрі саясатпен айналысып отырған жоқ, сондықтан да аз ғана мәселені қозғайды. Түсіндіруге тырасамын, мемлекеттік бағдарламалар мен үкіметтің өзге де тиімді жобаларын насихаттаудамын. Ауылдың әлеуметтік, инфрақұрылымдық жайымен танысып жүрмін. Көп істерді жылжыту керек екендігін түсіндім. Бір-екілі ұсынысымды аудан әкіміне жолдадым. Ол жақтан қолдау білдіріліп жатыр. Қызығы — келгеніме 10 күннен асты. Ауыл кәсіпкерлігін дамытқым келеді. Соның негіздерін іздеп шарқ ұрып жүрмін. Жастармен сөйлесіп, олардың пікірлерін жандандыруға күш салып жатырмын.

— Уақыт өте келе бұл бағытты да игеріп әкетіп, тәжірибе жинақталса ауылдың «Нұржамалы» боламын деген сенім бар ғой?

— Бәрі де көріп, танумен, ізденумен, тәжірибемен келеді. Бұл жағынан жаңа ортам, яғни Қармақшы ауданының барлық бөлімдері қолдау көрсетіп жатыр. Өзім «Ақжар» ауылының келінімін. Мен қызмет қуып келгем жоқ, ауылымды бір белеске көтерсем деген махаббатпен келдім. Алдағыны уақыт көрсетеді. Бірақ сенімнен ешқашан ажыраймын деп ойламаймын. Білімім, қажырым жеткенше жұмыс жасауға дайынмын.

— Биылғы жылы біздің өңірде биліктегі әйелдердің көбейюіне қолайлы жыл болды десек те болады. Ауыл әкімі болуға неліктен таңдау сізге түсті деп ойлайсыз?

— Ауыл әкімі ретінде сайлауға түсіп, қолдау таптым. Депутаттардың алдында не үшін әкім болғым келетінін ашық айттым. Сірә, шынайы пікірімнің септігі тиген болар. Осында келерімде облыс аппаратынан пікірлесуден өттім. Ол жерде де шынайы, утопиясыз ойларымды тізіп шықтым. Мүмкін содан да болар.

— «Ақжар» — тарихы тереңде жатқан, әрі кезінде жан-жақты өркендеген ауылдардың бірі болды. Өзіңіздің сеп болуыңызбен енді бастапқы бастамалар қайта қолға алынып, үлгілі ауылдардың тізіміне ілігер, бәлкім?!

— Осыдан 2 жыл бұрын әкім болу жайлы ой келді. Ол кезде ауылымыздың 60 жылдығын атап өттік. Тарихымыз таразыланды. Өткен ғасырдың 80 жылдарының екінші жартысында Ақжар ауылы өркендеген ауыл болды. Ұн диірмені, 8 түрлі сүт өнімдерін шығаратын Израйль цехы, ұн өнімдерін дайындайтын зауыт, рожки цехы, шемішкі май зауыты, 2 қырман, 2 машина жөндеу гаражы, монша, Әуез және спорт мектептері, стадион, құс фермасы болған ауыл еді. Соның бәрі көз алдымызда өтті. Кеңестік заман ыдырау кезінде ауыл халқы абдырады. Сол бозторғай жұмыртқалаған кезеңді қайтармасам да, ауылдастарымды жақсылыққа, бақуатты болуға үндесем деймін. Акжар — өте жақсы ауыл. Бірнеше рудан құралған. Атақты Ораз ахун, Дүрман қожа, Батыр қожа, Көшеней, Сәрсенбай жыраулар шыққан жер. Екі аяғын трактор жұлып кетсе де ғұмырының соңына дейін еңбек еткен Еңбек Ері Қасымтай Ізтілеуов, Салима Жұмабекова, Күлайым апаларымыздың өмірлерінің өзі рухымызды асқақтады. «Алтын асар», «кіші асар» бізде жатыр. Айта берсем өте көп. «Тегіне тартпағанның қары сынсын» дейді ғой. Балаларымның тегі шыққан жер ғой. Осы текті ауылымның болашақ ұрпақтарының санасына сіңіре алсам деген арман бар.

— «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қиғиданы қаншалықты ұстанасыз?

— Сұрағыңызға жауапты болашақ айқындап береді деп ойлаймын. Қазіргі кезде көкіректе тек ізгі ой ғана.

— «Ақжар» ауылы сізді қандай түйіткілді мәселелерімен күтіп алды?

— Орындыққа отырмастан «аяқ су» мәселесі алдымнан шықты. Дегенмен сәл ғана үйлестірудің нәтижесінде, ауылға тартылған инвесторлардың көмегімен шешілді. Менің қызметім тек ұйымдастыру ғана болды.

— Сараптай келе, алдымен қай саланың ілгері дамуына басымдық бермексіз және шешімін қалай таппақсыз?

— Кәсіпкерлікті дамытуға күш салғым келеді. Байқағаным ауылда кәсіп бар. Тек шашыраңқы, ұйымдаспаған. Соларды біріктірсем деген ой бар. Ол үшін біраз жүгіретінімді де сезіп отырмын. Мүмкін тауым да шағылар. Бірақ алған бетімнен қайтпақ емеспін.

— Қауырт тірлігіңізден сәл уақытыңызды бөліп, бізбен тілдескеніңізге алғыс білдіреміз!

— «Жалғыз ағаш орман болмайды» деген. Сіздің редакция ұжымына да рахмет, құрмет білдіріп жатсыздар. Әкім болып жалғыз өзім ештеңе бітіре алмаспын. Мақсатымыз — мемлекеттің саясатын ілгері апарып, елге қызмет жасау. Бұл жолда аудан әкімшілігі, халық қалаулылары, ауылдың инвесторларымен біріге еткен еңбектің жеміс беретінін айтқым келеді. Мен халықтың, ауылымның қызметшісімін. Ал қызметші қызметін абыроймен, жауапкершілікпен, жүрекпен жасауы тиіс. Тіпті сенім арқалағаннан кейін, міндетті дер едім.

Ауыл әкімімен әңгімелескен А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here