БЕТПЕРДЕЛІ ҰБТ

0
525

Дерт белең алса да жоспарға сай республика көлемінде білім сынақтары өткізіледі. Тек, ҰБТ-ны ұйымдастыру барысында тәртіп мен сақтық шаралар өз деңгейінде сақталуы маңызды. Министрлік бекіткен талапқа сай, біздің қаладағы мектеп түлектері де аталған тестті тапсыруға дайындық үстінде. Биыл қала бойынша 50 мектептен 1881 оқушы түлек атанды. Соның 1716-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға ниетті.

20 маусым мен 5 шілде аралығында өтетін білім сынағында тест тапсырушыларға 100 мл-ден аспайтын антисептикалық құрал, 2 сағат сайын ауыстырып тұратын бетперделермен кіру міндеттелмек. Ал ұйымдастырушылар олардың қауіпсіздігі үшін ғимараттардың кіре берістеріне дезинфекциялық туннельдер орналастырады. Тест сынағының өткізудегі тағы бір жаңалық – тестілеу пункттерінің аумағына ата-аналар жіберілмейді. Тест тапсырушыларды күту кезінде адамдардың жиналуы бір жерде 3 адамнан аспауы да ескеріледі. Жиын барысында сөз алған қалалық білім бөлімінің міндетін атқарушы Парасат Жаңабергенов одан өзге де ережелерді тізбектеп айтты.

Қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы П.Жаңабергенов:

— ҰБТ өткізу пунктінің жабдықталуы бойынша да біршама жұмыстар атқарылуда. Барлық аудиториялар бейнекамералармен және кондиционерлермен жабдықталған. Сонымен бірге, ұялы телефон байланысын тұншықтыратын 13 құрылғы және металл іздегіш 2 рамалы құрылғымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін күндері Қызылорда қаласына қарасты ауылдық окргутердегі мектептердің оқушыларын тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылатын болады.

Осылайша Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысымен таныстырған жауапты маманға және өзге де басшыларға қала әкімі біршама тапсырмаларды жүктеді. Атап өтер болсақ, қауіпсіздік шараларының сақталуын, тазалық жұмыстарына мән беруді, ауыз сумен және электр жарығымен қамтамасыз етуді, тестілеуге қатысушылар мен ұйымдастырушылардың дене қызуын тексеруді және қажет болған жағдайда бірінші медициналық көмектердің көрсетілуін қатаң жүктеді.

P.S: «Алтын белгі» иегері – 154, «Үздік аттестат» иегері – 114 оқушы. Былтырғымен салыстырғанда биыл «Алтын белгі» иегерлері 22 пайызға, «Үздік аттестат» иегерлері 11,4 пайызға артқан.

А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here