Әзір айыппұл салынған жоқ

0
216

Елде төтенше жағдай аяқталғанымен, әр облыстағы карантин әлі де жалғасуда. Оның алыну, алынбауы немесе жеңілдетілуі облыстағы ахуалға байланысты. Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова таза ауада да бетперде тағып жүру керек деген болатын. Және індеттің таралуына тосқауыл болу үшін қандайда бір адам көп шоғырланатын орындарға барғанда арақашықтықты сақтап, тіпті бетпердені тастамауға кеңес берді. Егерде өңірлердегі эпидемиологиялық ахуал ушығып кетсе көшеде бетпердесіз жүрген тұрғындарға айыппұлдар салынып, басқа да жаза қолданылуы мүмкін.

Бүгінде Қызылордада індет жұқтырғандар саны 318-ге жетті. Жұқтырғандардың басым көпшілігі Қызылорда қаласында. Олардың бүгінгі 27 мамырдағы жағдай бойынша саны — 158. Бұл көрсеткіш қалада карантин талаптары жеңілдеген соң орын алып отырған сыңайлы. Себебі, жақында облыстың бас санитар дәрігерінің жаңа №13 қаулысы шығып, қалада базарлар мен басқа да нысандар өз жұмысын бастаған болатын. Базарлар ашылды. Бірақ онда барған халықтың бетінде бетперде, қолында қолғабы мен антисептигі көрінбейді. Тіпті десеңіз арақашықтық та сақталмай отыр. Соның салдарынан қалада індет жұқтырғандар көбеюде.

Жақында тұрғындар арасында «Қызылорда базарлары қайта жабылады» деген қаңқу сөздер айтылған еді. Осы және өзге де сұрақтар бойынша Қызылорда қаласы әкімдігінің төтенше жағдайдағы жедел штабының мониторингтік талдау топ жетекшісінің орынбасары Индира Ақжігітовамен сөйлескен едік.

– Бүгінде қала аумағындағы базарларда адам қарасы қалың. Құдды бір бүгін-ертең базар жабылатындай. Жақында шыққан «базарлар қайта жабылады» деген қауесет бойынша не айтасыз? Ол қаншалықты рас?

— Жалпы дәл бүгінгі күні бұл ақпарат жалған. Ал егерде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанбайтын болса тиісті шектеу шаралары қайта қаралып, күшейтілуі мүмкін. Негізі дәл қазіргі басты мәселе базардың жабылу, жабылмауы емес. Ең бастысы санитариялық нормаларды сақтай отырып барынша сол талаптарды орындауды міндеттеу. Және соған күнделікті қалыптасуымыз керек. Себебі, бұл бүгін-ертең жабылып, немесе бүгін- ертең шешіле салатын нәрсе емес.

– ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері көпшілік орындарда бетпердесіз жүрмеуге кеңес берді. Егер де жағдай ушығып кетсе, бетперде тақпағандарға айыппұл салынуы мүмкін. Жалпы, Қызылордада бетпердесіз жүргендерге қандай шаралар қолданылады? Айыппұл салынады ма?

– Қалада маска тақпай жүргендерге байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің негізінде тиісті шаралар қабылданатын болады. Егер де ескерту жасалғаннан кейін де бетперде тақпаса айыппұл салынуы мүмкін. Ал айыппұлдың көлемі қанша болатыны тек әкімшілік хаттама толтырылғаннан кейін соттың нақты шешімімен белгілі болады.

– Сонымен, әлі ешкімге айыппұл салынбады дейсіз ғой…

Иә, бүгінгі күнге дейін айыппұлдар салынбады. Қазақстанның басқа өңірлерінде бұл жұмыстар қарқын алуда. Бірақ Қызылорда қаласының аумағында қазір тек осы шараның алғышартындамыз. Бұл тек ескерту жұмыстарын жүргізуге байланысты.

– Жалпы, карантин уақытында тәртіпке бағынбай, санитарлық нормаларды сақтамаған кәсіпкерлерге қандай шаралар қолданылуда?

Қазір облыстың бас мемлекеттік санитарының қаулысына сәйкес мобильдік топ құрылып, сол топтың жұмысымен қазір барлығына тек ескерту шаралары жүргізіліп жатыр.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here