Қызылордалықтардың цифрлық сауаттылықтары артты

0
288

Республика көлемінде індеттің белең алуына орай, Қызылордада алдын алу жұмыстары уақытылы пысықталды. Соған сәйкес, халықтың қауіпсіздігі үшін біршама жұмыс орындары қызмет тәсілін жаңалады. Мәселен, көпшілік жиі шоғырланатын халыққа қызмет көрсету орталықтары жаңа жүйені негізге алуда. Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы әдістерді тұрғындар қай сатыда меңгергенін білу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаевпен тілдестік.

“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Айдын Қайруллаев:

— Айдын мырза, карантин мерзімі жеңілдеп, тұрғындар халыққа қызмет көрсету орталықтарына табан тіреуде. Сақтық шараларына қаншалықты мән берудесіздер?

— Халыққа қызмет көрсету орталықтары барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып жұмыс істеуде. Атап айтқанда, орталықтарда маскалық режим енгізілді. Мамандар толық қорғаныш бетперделерімен және қолғаптармен қамтамасыз етілді. Ғимараттарда санитайзерлер мен антисептиктер орналастырылды. Сонымен қатар, нысандарға дезинфекция жұмыстары күніне 3 мәрте жүргізіледі. Кезекте тұрған азаматтар үшін ғимараттың ішіне де, сыртына да індетті жұқтыру қаупін болдырмау мақсатында 1,5 – 2 метр қашықтықта белгілер қойылды.

— Карантин мерзімінде жұмысын қайта бастаған орталық қазір халыққа жаңа жүйеде қызмет көрсетуде екен…

— Иә, облыс бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарына жүктелген жауапкершілік бұрынғыдан да артып, жаңа форматта қызмет көрсете бастады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коронавирус пандемиясы белең алуына байланысты мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа форматын ұсынған болатын. Осыған сәйкес азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарынан тек «қағаз жүзіндегі» және онлайн түрде рәсімделген қызметтердің нәтижелерін ала алады. Сондай-ақ, бұл тек алдын ала жасалған брондау арқылы ғана жүзеге асырылады. Халыққа қызмет көрсету орталығына кезек уақытын egov.kz порталы мен Telegram-Bot қосымшасы арқылы немесе 1414 нөміріне қоңырау шалу арқылы белгілеуге болады. Бұл сақтық шаралары азаматтардың ХҚО-да жиналуын болдырмауға және індеттің жұқтыру қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, осы әдістер тек қалалық халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына ғана қатысты. Көші-қон орталығы мен аудан орталықтарында орналасқан бөлімдерде келушілердің ағыны қалаға қарағанда айтарлықтай аз болуына байланысты өзгеріссіз бұрыңғы режимде жұмыс істейді.

— Тұрғындар ғаламтор негізінде және байланыс нөміріне хабарласу арқылы кезекке тұруға қаншалықты бейімделді?

— Алғашқы жұмыс күні яғни, 18 мамырда осы ХҚО-ларда 2359 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың 50%-дан астамы алдын ала брондау арқылы қамтамасыз етілді. Қалғандары сол жерде бронь жасап, операторлардың босауын күтті. Қазіргі таңда тұрғындар бұл енгізілген механизмге үйреністі десек те болады. Жалпы, қызмет алу үшін өз кезегін алдын ала брондап келіп жатқандар саны бүгінде күн санап артуда. Кезекті алдын ала брондау – ең алдымен азаматтар үшін өте ыңғайлы болып табылады. Яғни, ХҚО-ға бірден қызмет алу үшін немесе құжатын алып кету үшін ғана барады.

— Жалпы мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа әдістерін қызылордалық халық қай сатыда меңгеруде?

— Коронавирус пандемиясы жағдайында халыққа қызмет көрсету орталықтары әзірге бұрыңғы режимде жұмыс істей алмайды. Қазір ақпараттар да күн сайын жаңалануда. Қауіпті індет мемлекеттік қызмет көрсету саласына да көптеген әсерін тигізді. Қызметтердің онлайн форматқа көшу процесін де жылдамдатты. Жаңадан жүйелер енгізілді. Кез келген жүйені оңтайландыру үшін уақыт қажет ететіндігі белгілі. Осы ретте тұрғындарды түсіністікпен қарап, сақтық шараларын сақтап, мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алуға шақырамыз. Қуантарлығы, қала тұрғындары тарапынан жаңа әдістерді меңгеру сатысы жоғарылауда. Орталыққа кезекке тапсырыс бермеген қызмет алушылардан да жағымды пікірлер естудеміз. Олар қызметтерді тез алуға болатындығына куә болып, келесі жолы тек брондау арқылы келуге уәде беруде.

— Енді көпшілік egov.kz-тегі қолжетімді қызметтерін тек онлайн түрде жүзеге асырады. Орталықта тек қағазға негізделген қызмет түрлері көрсетілуде. Жаңа жұмыс жүйесінің бұл әдісі кей тұрғындарға тиімсіз болары айқын. Өйткені, бірі интернетке қол жеткізе алмаса, басқаларына техникалық жабдықтар тапшы. Ондай сәтте тұрғындар өз жұмыстарын қалай реттей алады?

— Дұрыс айтасыз. Ол қызметтерді тұрғындар енді кез-келген жерде egov.kz электронды үкімет порталы немесе смартфонның көмегімен мобильді қосымшалар арқылы оңай ала алады. Иә, әлі де онлайн қызметтерді ала алмайтын азаматтар бар. Осы ретте оны да ойластырып, egov.kz порталындағы қолжетімді қызметтерді кедергісіз алу мақсатында қаламыздағы бірнеше ғимараттардан «Өзіне-өзі қызмет көрсету» секторларын аштық. Ол секторлар халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараттарында емес, қалаға қарасты барлық ауылдық округтер мен кенттердің әкімдіктерінде, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада, Сол жағалауда орналасқан облыстық жастар ресурстық орталығында, «Бақытты отбасы» орталығында, қаламыздағы барлық емханалар мен мектептерде орналастырылды. Тұрғындар электронды форматқа аударылған және egov.kz порталында қолжетімді барлық мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын сол арқылы өздігінен онлайн түрде ала алады. Сондай-ақ, азаматтар egov.kz электронды үкімет порталындағы «Виртуалды көмекші» сервисі көмегімен бейнеқоңырау шалу арқылы операторлар кеңес беріп, мобильді азаматтар базасына тіркеп, электронды цифрлы қолтаңбаны қашықтықтан рәсімдейді.

— Бүгінге дейін «Өзіне – өзі қызмет көрсету» секторлары негізінде қанша қала тұрғыны жұмыстарын реттей алды?

— Бүгінгі таңда азаматтар өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары арқылы 3 мыңға жуық қызметтер алды. Негізі, тұрғындардың цифрлық сауаттылықтары артып келеді.

— Орталықтың қызметкерлері қаладағы зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың мерзімі өткен жеке куәліктерін үйлеріне барып, рәсімдеуде. Бұл игі бастама біраз уақытқа дейін жалғасын табады ма?

— «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филалы көші-қон басқармасы және облыстық білім басқармасымен бірлесіп, карантин уақытында куәлік мерзімі өткен соғыс ардагерлерінің, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне барып, құжаттарын рәсімдеуге көмек көрсетті. Осы игі бастама аясында 300-ден астам тұрғындардың куәліктерін рәсімдедік. Енді жеке куәлік мерзімі өткен зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар 1414 байланыс орталығына хабарласып, электронды өтініш білдіруге болады. Содан кейін мамандар үйлеріне барып, құжаттандыру жұмыстарын жүргізеді. Індетке шалдыққандардың көрсеткіші сейілген сәтке дейін бұл қызмет түрі жалғасын табады деп күтілуде.

— Мерзімі асып кеткен құжаттар шілде айына дейін жарамды… Соның өзінде жеке куәліктерін ауыстыру үшін де біраз өтініш келіп түскен болар?

-Жалпы, төтенше жағдай мерзімінде 9 мыңнан астам қызылордалықтардың жеке куәліктері жарамдылық мерзімінен асып кеткен. Ішкі істер органдары өз тараптарынан ол азаматтарға ешқандай айыппұл салынбайтынын жеткізген болатын. Тұрғындар жеке куәліктерін 10 шілдеге дейін ауыстыруға мүмкіндіктері бар. Бүгінде облыс бойынша ХҚО-ға 3 мыңнан астам тұрғын құжаттарын жаңалау үшін өтініш берді.

— Карантин уақытында орталықта барлығы қанша қызмет түрі көрсетілді? Олардың басым көпшілігі қандай мәселе турасында болды?

— Төтенше жағдай режимінен кейін ашылған халыққа қызмет көрсету орталығында бүгінге дейін 5 мыңнан астап қызмет түрлері көрсетілді. Мәселен, облыс көлемінде жылжымайтын мүлік саласы бойынша — 523, әлеуметтік төлемдер бойынша — 940, жер кадастры саласы бойынша — 343, жергілікті атқарушы органдар арқылы — 367, басқа да салалар бойынша 3121 қызмет түрлері көрсетілді. Жалпы, 3 күн ішінде азаматтарға барлығы 5293 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

— Демек, карантин уақытында онлайн қызметті алушылар саны әдеттегіден артты ғой?

— Әрине. Мәселен, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау бойынша төтенше жағдай кезеңінде азаматтардың құжаттары egov.kz электронды үкімет порталының «Электронды өтініштер» сервисі арқылы қабылданған болатын. 26 наурыз бен 10 мамыр арлығында облыс бойынша әлеуметтік салаға қатысты 1938 электрондық өтініш келіп түсті. 1453 адам портал арқылы балалар жәрдемақысы мен мүгедек баланы күтіп ұстау үшін құжат тапсырды. Айта кету керек, жаңа босанатын ана егер босанғанға дейін мобильді азаматтар базасына ұялы телефон нөмірін тіркеген болса, онда перзентханадан 3 қызметті проактивті форматта бір ғана СМС-тің көмегімен алуға мүмкіндік алады. Нақты атап өтер болсам, Туу туралы куәлігін алу мен 1 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысын тағайындау және балабақша кезегіне қою. Осыған орай, барлық болашақ аналарды ұялы телефондарын egov.kz электронды үкімет порталының төменгі оң жағында орналасқан жасыл түстегі «Виртуалды көмекші» сервисіне кіріп оператормен бейне байланыс арқылы МГОВ-қа тіркелуге шақырамыз.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасхан А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here