Парк пана бола алады ма?

0
262

Қызылордада аптап ыстық басталды. Әдетте, бұл уақытта қызылордалықтар ашық аспан астындағы қалалық демалыс паркінде кешкі уақытта бой сергітіп, бір сәт отбасымен бірге түрлі аттракциондарды қызықтап, мәдени іс-шаралардың көрермені болатын еді. Бүгінде есігінде қара құлып тұр. Бұған себеп — елдегі пандемия.

Бірнеше ай бойы үйінде болған қызылордалықтар төтенше жағдай аяқталып, карантиндік талаптар жеңілдеген соң сыртқа шығып серуендейтін болды. Бірақ дәл бұрынғыдай емес… Қазір сыртқа шыққанның өзінде бетперде, қолда медициналық қолғап пен қалтада антисептик болуы керек.

Бұл әрине сайып келгенде өз денсаулығымыз үшін. Десе де «Парк қашан ашылады екен?» деп елеңдейтініміз анық.

Қызылордалықтардың сүйікті орнына айналған қалалық мәдени және демалыс паркінде 93 аттракцион бар. Оның 84-і жеке кәсіпкерлердікі болса, қалған 9-ы демалыс паркіне тиесілі дүние. Әр жыл сайын көктем, жаз бірнеше ай бойы қала тұрғындарына қызмет көрсетіп мұндағылар өз кәсіптерін әрі қарай дөңгелетіп, түскен қаражаттарымен өз өздерін қамтамасыз етіп отырушы еді. Айта кету керек, былтыр қалалық мәдени-демалыс паркінің алдындағы «Сыр батырлары» ескерткіші мен кіреберіс қақпасы, сахна қайта жөндеуден өткен болатын. Және де бұрынғы жазғы кинотеатр ғимаратының алаңы орнына ролик тебу алаңы салынды. Сонымен қатар, паркке келушілерге «Ана мен бала» бөлмесі, «Полиция бекеті», «Медпункт», «Анықтама бюросы», 3 қоғамдық әжетхана, арнайы темекі шегетін орындар қызмет көрсетеді. Биыл парктің ашылуы екіталай. Егер қаладағы коронавирус жұқтыру деңгейі 2 пайыздан төмен болса парктің ашылуы бек мүмкін. Бұл әрине біздің болжам.

P.S: 2018-2019 жылдары демалыс паркіне кәсіпкерлердің өз қаражатынан жаңадан 9 аттракциондар, 11 батуттар орнатылған. Егер биыл парк ашылмай қалған жағдайда ол аттракциондар мен батуттар іске қосылмайды ма? Ал жеке кәсіпкерлердің жағдайы қалай болар екен?.. Бәрін айт та, бірін айт ала жаздай үйінде болатын балалар енді қайда серуендер екен? Алда 1 маусым – Балаларды қорғау күні мерекесі.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here