Медиацияның межесі мен мерейі

0
82

Медиация қазақ қоғамында ертеден орныққан дүние болғанымен қазіргі уақытта өзгеше реңкте аталып жүрген ұғым. Интернет бетін ашып қалсаң медиация туралы шалыс ұйқасты ақпараттар легі толассыз атып шығады. Дегенмен, медиацияның шегі қандай, негізгі мақсаты не, жалпы медиация дегеніміз не, оның пайдасы барма деген сұрақтарға нақты әрі ұғынықты түсінік берген ақпарат некен-саяқ. Медиация екі жақты өзара тиімді келісімге жеткізуші делдал. Медиаторлар кәсіби және кәсіби емес (қоғамдық) болып екіге бөлінеді. Бұлардың аражігін ажырату қиын емес. Арнайы сертификаты бар адам және отставкадағы судья кәсіби медиатор бола алады. Ал, қырық жастан асқан жоғары білімі бар азаматтар кәсіби емес (қоғамдық) медиатор болады. Медиатор болу үшін заңгерлік білім қажет емес. Медиацияның негізгі қағидаты еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық болып табылады. Медиотордың қызметін ертеде билер атқарған. Осындайда өзі сот, өзі прокурор әрі адвокат және медиатор болған қазақ билеріне тәнті боласын. Олардың қызыл тілдің көсемі, кемеңгер дана болғандығын қазіргі уақыттағы сан сала қызметтің тізгінің ұстағанынан-ақ аңғаруға болады. Қазіргі уақытта бір саланың өзін игере алмай, ілініп-салынып жүріп, абыройлы қызметіне жүрдім-бардым қарайтындардың бар екендігі қынжылтады. Жә, әңгімеміздің арнасын тақырып төңірегіне қарай бұрсақ. Сонымен, бір ғана мысал медиацияның тиімді тұсын айшықтап бере алады. Бір ғана соттың өндірісіндегі 37 іс медиациямен, 19 іс бітімгершілікпен қысқартылған. Бұл тараптарға қандай пайда әкелуі мүмкін. Сотта іс қаралуы үшін мемлекеттік баж төленуі қажет. Яғни сіздің дауыңызды сотта қарауға мамандардың еңбегі, қаншама ресурс, электр тоғы бұның тысында қаншама қағаз және оны жолдауға пошта қызметіне төленетін ақы кетеді. Әділеттілік таразысына салсақ дауласушы тараптардың баж төлеуі заңды. Сонымен, бір ғана сотта қаралған бас-аяғы 56 істен тараптарға қайтарылған баж сомасының мөлшері 36 119 768 теңгені құраған. Бұның тараптар үшін қаншалықты табысты болғандығын, ал бұл бітімге келмеген жағдайда қаншалықты шығынға бататындығын түсіндірудің өзі артық болар сірә.

Медиация сотта қаралатын істің бәріне жаппай қолданылады екен деген жаңсақ пікірлерде қоғамда ұшырасып жатады. Негізі ол олай емес. Медиацияға қатысты да шек пен шектеу бар. Мәселен, азаматтық істер бойынша бір тарап мемлекет болып табылса медиация қолданылмайды. Қылмыстық істер бойынша да бірқатар шектеулер бар. Сыбайлас жемқорлық санатындағы, аса ауыр қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі мүлде қолданылмайды. Ал, ауыр істерге байланысты белгіленген реттерде ғана қолданылады. Денсаулыққа зиян келтіру, қазаға ұшартумен

байланысты емес қылмыстар бойынша алғаш рет жасаған кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдерге, зейнеткерлерге, мүгедектерге, жалғыз асыраушыларға ғана қолданылуы мүмкін. Яғни, қыз зорлаған да, адам өлтірген де медиациямен жауаптылықтан босатылуы мүмкін деген дақпырт негізсіз болып табылады. Бұның жай-жапсарын заңнан аз-кем хабары бар адам бірден түсінеді.

Дегенмен, сан қуып сарсаңға түсетіндер медиацияның мерейлі атына селкеу түсіріп, жаңсақ пікірдің қалыптасуына түрткі болады.

Қорыта айтқанда, медиацияның межесі анық, бағыты айқын. Елдік мұрат жолында берері мол болғандықтан қашанда медиацияның мерейі үстем болған алдағы уақытта да үстем бола бермек!

Қызылорда қаласының

мамандандырылған тергеу сотының

аға сот приставы: Б.Керуенбаев

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here