Лагерлер жұмыс істейді ме?

0
383

Тоғыз ай мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындап, ұстаздан тәлім алған оқушылардың демалыс мезгілі де келді. Індеттің салдарынан оқу жылының соңғы үш айы онлайн режимде өткізілді. Жаңа тақырыптарды түсіну мен талқылау, берілген тапсырмаларды игеру мен орындауда оқушылар жаңа тәсілді қолданды. Шыны керек, бұл — жедел әрі оңтайлы шешім біздегі білім жүйесіне тиесілі жаңа қадам. Тәсілдің тиімсіз тұстары да бар. Біріне ғаламтордың қолжетімділігі мәселе болса, енді біріне қашықтан оқуды меңгерудің төмендігі сеп болды. Бірақ, білім көкжиегін кеңейтуге шын ықыласы бар балаларға бұл еш мәселе емес екенін тағы айтпай кетуге болмас. Өйткені, министрліктің бұл қадамы – оқушылардың аман болғанын һәм дерттен ада болуларын көздейді. Әйткенмен, қаладағы білім ошақтары бұл тапсырманы абыроймен атқарып, ұстаздар мен оқушылардың үзіліссіз байланыс орнатуына мүмкіндіктерді жасады.

Үш айға жуық уақытта әншейінде түймедей мәселені түйедей етіп мұғалімге шүйлігетін кей ата-аналар мектеп пен ондағы әр қызметкердің қадірі мен міндетін ұғынды. Оған дәлел де жеткілікті. Ұстаздарға алғысын жеткізіп, білім беру әдістерін өздері де меңгерді. Нәтижесінде, оңай емес, әрі аса жауапкершілікті талап ететін сала екенін түсінгендей.

Карантин уақытында осылай қорытындыланған оқу жылынан кейін балалардың жазғы тынығу лагерлері жұмысын бастайды ма деген сауал біразды толғандыруда. Өйткені, қалада карантин саты бойынша жеңілдеуде.

Жазғы тынығу лагері балалардың бос уақытын тиімді пайдалануын ұйымдастырып ғана қоймай, жаңаша қабілеттерін тануына мүмкіндік береді. Жаңа ортадағы қатысушылармен пікір алмасып, мәдени және спорт бағытындағы шаралардың өткізілуіне үлес қосады. Үйге қамалған оқушыларға бәлкім жаз мезгілінде жылдағы дәстүрге сүйеніп, тынығу лагерлеріне қатысуға мүмкіндік берілер деген үміт те басым ата-аналарда… Сонымен, тиісті талаптар қаперге алынып, сақтық шаралар негізінде биылғы тынығу лагерлері жұмыс істейді ме?

— Бастапқыда жазғы тынығу лагерлері жұмыс істеуі мүмкін деген ой болды. Алайда, індеттің күн сайын өршуін ескеріп, бұл жоспарды биыл жүзеге асырмаймыз деп шешім қабылдадық. Өйткені, балалардың денсаулығын біз әркез бірінші орынға қоямыз. Тынығу лагері жұмысын бастаса, бір топтың өзінде бірнеше бала бірлесіп шараларға қатысады. Нәтижесінде біз үшін қауіпті вирустың тез таралуына мүмкіндік беруіміз ықтимал. Карантин жеңілдегенімен, алдын алу ережелерін ұстану керекпіз, — деп сауалға қалалық білім бөлімінің бас маманы Ерлан Теңізбайұлы жауап берді.

Әйткенмен, «онлайн жаз» жобасы қала оқушылары үшін жүзеге асырылады. Жоба арқылы 1 маусымнан бастап тынығу лагерлеріндегі бағдарлама негізінде балалардың уақытын тиімді өткізуге атсалыспақ. Онда таңғы жаттығу түрлерінен бастап, өнер үйірмелері мен спорттық бағдарламалар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, байқаулар мен конкурстар да өткізіледі. Ол үшін мектеп оқушылары инстаграм желісіндегі online_vacation_qzo парақшасына тіркелуге міндетті.

P.S: Жыл сайын тұрмысы төмен отбасылардың балалары жазғы тынығу лагерлеріне тегін жолдама алатын. Бұл жолы демалыстың бұл түрі ұйымдастырылмағандықтан, уақытты тағы да үйде өткізуге мәжбүр. Ал онлайн жүйеге олардың мүмкіндіктері жетеді ме және ол қаншалықты ескеріледі?!

А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here