Ақша жейтін әкім ол емес!..

0
664

«Директор болсаң қандай материал қайдан алынатынын білмейсің бе? Менің көзім материалдың сапасы нашар екенін танып тұр. Өзің қала тұрғынысың ба? Қалаға жаның ашиды ма? Жаның ашыса жұмысты дұрыстап неге істемейсің? Сендерге ақша игерілуі керек, қалай болса солай бітіріп шығу керек деген әңгіме жоқ. Игерілмесе, бір сөгіс алармыз, бірақ жұмыс сапалы болуы керек, не істесек те… Ертең ел қала әкімі қайда қарады демеуі керек, болмаса бізде жақсы бір сөз бар ғой “ақшаны жеп кетіпті” деген. Маған оның керегі жоқ. Маған сапалы жұмыс керек. Алматыдан, Шымкенттен сапалысын алдырт, тендерден жеңіп алдың, енді сапалы істе, әйтпесе дұрыс істейтін адамға бер. Мына жұмыс қабылданбайды, тоқтат. Маған көзбояушылық керек емес. Қазір келдік, теледидарға түстік, үйттік-бүйттік дегендей, біз ол үшін жүргеніміз жоқ, өзімізді насихаттап. Маған насихаттың да керегі жоқ, бүгін келген әкім емеспін. Ел біледі, таниды. Насихатқа құмар да емеспін, шынын айтқанда, жұмысты көруге жүрмін».

Қаладағы М.Исаев көшесінің бойында салынып жатқан жаяу жүргінші жолының құрылысымен танысқан қала әкімі Н.Нәлібаев мердігер “Мақсат ЛТД” ЖШС мекемесіне жасап жатқан жолының сапасына көңілі толмайтындығын айқын айтты.

Қала келбетінің келісті болуы – баршаға ортақ. Қуантарлығы, шаһарымыз жыл санап жаңаруда, әрі заманға сай жандануда. Зәулім ғимараттар бой көтеріп, Қызылорданың көлемі кеңеюде. Сырттан қонақ келсе, қаланы ұяла емес қуана аралататындай деңгейге жеттік.

Әсіресе, соңғы жылдары еңсесін тіктеген қала кейпінің жаңаруына басшылықтың үлесі басым деуге негіз бар-ақ… Өзі туралы насихатқа емес, тірліктегі сапаға мән беретін әкім жұмысына халықтың пікірі де оң.

Мақсат – Нұрлыбек Нәлібаевтің қызметін дәріптеу емес, қала тіршілігінің жандануына қосқан үлесін айту. Олай болса, басшының бұл аптадағы бағытына тоқталайық.

Әкімнің кезекті жұмыс күні қаладағы құрылыс нысандарынан бастау алды. Ол Сәдуақас және Байқоңыр көшелерін жалғастыратын көпірге ат басын бұрды.

Қызылжарма ауылдық округіне тиесілі Нысанбаев көшесіндегі жол сапасына тексеріс жұмыстарын жасап, асфальт қабатының қалыңдығы тиісті талаптарға сәйкес келмейтіндігін көзбен көрді.

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

— Жұмыс талапқа сай емес. Нәтижесі міне, екінші қайтара орындауға мәжбүр болдыңыздар. Әрине, сапалы салынса, бүгінгі жұмыстарыңызға оң баға берер едік. Бұл тапсырма барлық мекемелерге жүктеледі. 260 көше талапқа сай салынуы тиіс.

Жұмыс барысындағы талап мердігер мекемелерге жүктелсе, қалаға жаңашырлық ортақ болары сөзсіз. Әсілінде, әкімнің бұл сыни пікірлері дұрыс-ақ. Жоғарыда атап өткендей, қала ажарының айшықталуына сапалы құрылыс та, талапқа сай салынған жол да сеп болады. Әйтпесе, кейін бұл жұмыстардың нәтижесіздігіне куә болмасымызға кім кепіл?!

Нұрлыбек Машбекұлы А.Тоқмағанбетов көшесіндегі ойын алаңының құрылыс барысын да бақылауға алып, өз қаласына жанашырлықпен қарамайтын тұрғындарға наразылығы барын да жеткізді. Дәлел – ойын алаңдары жиі жаңарса да, тұрғындар тарапынан сындыру мен қиратуға тоқтам болмай отыр.

— Шыны керек, халық өз ақшаларына салынған ойын алаңдарына ұқыптылықпен қарамайды. Әлеуметтік желіден көп сыни пікірлер жазылуда. «Қирап қалды, сынып қалды, қайда кетті» деген сияқты. Біз жыл сайын ойын алаңдарына қатты мән беріп жүрміз. Өздеріңіз білесіздер, қалада 210 аула болса, оның ішінде 140 аула спорт және ойын алаңдарымен қамтылған. Осы жылы жаңадан 30 жерге балалар ойын спорт алаңқайларын салу жоспарланған. Сондай-ақ, 140 аулада орналасқан ойын алаңдары жөнделіп, жыл сайын тек әрлеу жұмыстарымен шектелген алаңдар толығымен жаңартылады. Өкінішке орай, аталған жұмыстар атқарылып болып жатса, артынша ол алаңдар қайтадан жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Осы тұрғыдан, қала тұрғындарын балалары үшін салынған және жаңартылған ойын алаңдарын күтіп ұстауда жанашырлық танытуын сұраймыз», — деп тұрғындарға өз базынасын жеткізген қала әкімі Белкөл кентіне де бағыт алды. Ондағы балабақшаға жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. «Балапан» балабақшасы біраз жыл бойы жөндеуден өтпеген. Сәті биылға түсті. Кент әкімінің сөзінше, Белкөлдің бүлдіршіндері үшін жасалып жатқан құрылыс жұмыстарының сапасы қатаң бақылауда. Ал Нұрлыбек Машбекұлы «Белкөл» әкіміне балабақша құрылысын оқу жылына дейін тәмамдап, бүлдіршіндерді жаңа ғимаратта қарсы алуға дайын болу керектігін тапсырды.

P.S. Жол жөндеу жұмыстарының талапқа сай келмеуіне байланысты қала әкімі мердігер мекемелерге кемшіліктің ретке келтірілуін қатаң тапсырды. Олай болмаған жағдайда жол жөндеу жұмыстары қабылданбайтындығын ескертті. Осы жағдайлардың алдағы уақытта қайталанбауы және оның алдын алу үшін жол сапасын қадағалайтын халықтық бақылау орнату мақсатымен қала әкімінің өкімімен арнайы топ құрылды. Бұл топқа қоғам белсенділері және құзырлы мекеме қызметкерлері мүше болып енді.

А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here