«5-10-20»-ға баспанасыз отбасылар қатысады

0
328

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалының директоры Әділжан РАХЫМЖАНҰЛЫ:

«Тұрғын үй мәселесін шешу үшін жаңа «5-10-20» ипотекалық несие беру бағдарламасын іске асыруды тапсырамын. Бұл мақсатқа дағдарысқа қарсы қаражаттан 390 млрд теңге бөлеміз. Биыл елімізде 15 млн шаршы метр немесе 150 мың пәтер құрылысының рекордтық көлемі жоспарланған» -деп Мемлекет басшысы тұрғын үй мәселесін шешу үшін жаңа бағдарламаның қолданысқа еңгізілуін тапсырған болатын. «5-10-20» ипотекалық несие беру бағдарламасының өңірдегі аяқ алысын «Қазақстанның тұрғын үйқұрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалының директоры Сәулебаев Әділжан Рахымжанұлынан білдік.

— Әділжан Рахымжанұлы, тұрғын үй мәселесін шешу үшін жаңа бағдарлама жүзеге аспақ. Ерекше талаптарына тоқталып өтсеңіз…

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында баспана алу үшін жаңа «5-10-20» бағдарламасы іске қосылатынын мәлімдеген болатын. Расында бұл қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік бермек. Баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады. Бүгінде жобаның нақты, әрі толық шарттары талқылануда. «5-10-20» пилоттық жобасы халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған қосымша шара ретінде әзірленіп жатыр.

— Демек, бұл «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты ғой?

-Иә, дұрыс айтасыз. Жүргізіліп жатқан «Әскери баспана», «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» және енді іске қосылатын «5-10-20» бағдарламаларының барлығы, «Нұрлы жер» бағдарламасының тармақтары болып саналады.

— Шаршы метрі қаншаға бағаланады?

-Қызылорда қаласында 160 мың теңгеге дейін бекітілді. Әкімдіктер салған несие тұрғын үй бойынша 1 шаршы метр үшін осы бағамен сатылады деп жоспарлануда. Ал ең жоғары заем сомасы жеке құрылыс салушылар ұсынған жаңа үйлер бойынша Қызылорда облысы үшін 12 млн теңге.

— Бастапқы жарнасы мен несие мөлшерлемесі қаншаны құрайды?

-Жаңа пилоттық жобаның шарты бойынша тұрғын үй сатып алу үшін 20 жыл мерзімге 10% бастапқы жарнамен 5%-дық несие беру қарастырылады. «5-10-20» пилоттық жобасына тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар қатыса алады.

— Бұл бағдарлама аясында кезекте тұрғандардан өзге кімдер баспаналы бола алады?

-Тек жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтар қатыса алады.

— Сондай-ақ, Президент «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде «Отбасы банкін» құруды да тапсырған болатын…

-ҚР президенті Қ.Тоқаев атап өткендей, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі базасында жыл соңына дейін «Отбасы банкі» атты толыққанды институты құрылады. Ол есепке алу, тіркеу және тұрғын үйді бөлуді бір орталықтан атқаратын болады. Қойылып отырған міндетті орындау үшін қазіргі кезек жүйесін әкімдіктерден «Отбасы банкке» беру жоспарланып отыр. Өз кезегінде «Отбасы банкі» баспанасы жоқ жанұялар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет ұсынатын болады.

— Бағдарлама арқылы үй алуға ниетті отбасылардың табысы қандай болу керек?

1) Отбасының бір мүшесі үшін бір күнкөріс шегінен (32 668 теңгеден) төмен табыс табатын отбасылар үшін сатып алу құқығынсыз үйді жалға алу мүмкіндігі ұсынылады.

2) 2 күнкөріс шегіне (65 336 теңгеге) дейін табысқа ие баспанасыз отбасылар:

— көпбалалы,                                             

— толық емес және

-мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған отбасылар «Бақытты Отбасы» бағдарламасына қатысады.

3) ал 3,1 күнкөріс шегіне (101 271 теңгеге) дейін табысқа ие баспанасыз отбасылар «5-10-20» пилоттық жобасына қатыса алады деп жоспарланып отыр.

— «5-10-20» ипотекалық несие беру бағдарламасы арқылы Қызылорда қаласы бойынша қанша пәтер берілмек?

-Биылғы жылдың соңына дейін қаламыздың сол жақ жағалауынан 53 пәтер «Тікелей сатылым» арқылы, 590 пәтер аталған бағдарлама арқылы берілмек. Сол себептен, Банк салымшылары қазірден бастап жеңілдетілген бағыт бойынша пәтер сатып алуға дайындалып, қаражаттарын жинақтағаны жөн деймін.

— Тұрғындар қай уақыттан бастап құжаттар тапсыра алады?

-Осы күнге дейін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалы әр бағдарламаны жоғары деңгейде жүзеге асырып келеді. Жаңа бағдарлама да нәтижелі орындалатынына сенімдіміз. Бүгінде тиісті қаулылар мен қаражаттың бөлінуін күтіп отырмыз. Бірақ, негізгі талаптары дайын. Пайыздық көрсеткіш нақтыланған, баға белгіленген. Сондай-ақ, бағдарлама жергілікті тұрғындардың табыс көлемдеріне орай қойылды.

— Бағдарлама қатысушысынан жинақтаушы зейнетақы қорына ай сайын жарна түсуі де міндетті ме?

-Иә, міндетті түрде жұмыс орнынан зейнетақы қорына аударылған қаражат есепке алынады. Жалпы санат үшін соңғы 6 айлық табыс талап етілсе, жеке кәсіпкерлерден (ИП) 12 айлық табыс сұратылады.

А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here