Шектеулер азайды

0
111

 Қала карантиннен шығуда

Дүйім жұртты дүрліктірген дерт біздің қаланы да айналып өтпеді. Республика бойынша алғаш болып індет табылған аймақтардың тізімінде Қызылорда да болды. Күн сайын инфекцияны жұқтырғандардың саны облыс орталығынан бөлек, аудандарда да өсті. Сәйкесінше, наурыз айының соңында Сыр елі карантинге жабылды. Аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы облыс тұрғындарына осыны мәлімдеген болатын.

— Қазір кез-келген адам вирус жұқтыруы ықтимал. Қаулы ережесін бұзғандарға шара қолданылатын болады, — деп індеттің белең алуын алдын алды.

Осы хабарламадан кейін Қызылорда қаласының айналасына 5 тосқауыл бекеті қойылды. Вирус жұқтырғандардың саны артқан сайын, жаңа қаулылар қабылданып, талаптар күшейді. Облыс түгілі аудан, қалаға қарасты ауылдық округтер арасындағы байланыс тоқтады. Бастапқыда қоғамдық көліктер шектеулі уақытпен жұмыс істесе, кейін ол қызмет түрі мен таксилердің жүргізілуіне де тыйым салынды. Кәсіпкерлік нысандар да уақытша жабылды.Қала көшелерінде үш адамнан артық топтасып жүруге шектеу қойылды. Қоғамдық тамақтану орталықтары қызметтерін жеткізіп беру әдісі бойынша жүзеге асырды. Бұл – карантин уақытындағы шектеулердің бір тармағы ғана. Наурыз айының соңында бастау алған осы талаптарды қала тұрғындары мамыр айының орта тұсына дейін ұстанып келеді.

Онлайн жұмыс және оқу

2 ай үзілісте жұмыс орындары да онлайн жүйеге көшкен болатын. Бас санитардың талабына сай, барлық жұмыс орындарындағы қызметкерлерлің 70 пайызы міндеттерін қашықтықтан жалғастыруға мәжбүр болды. Тіпті, карантин кезінде уақытша қызметтен шектетілгендердің де саны артты. 1-11 сынып оқушыларына арнайы кесте құрылып, телеарналардан қосымша 2000-нан аса бейнесабақтар көрсетілді. Одан қалды қала оқушылары желілер арқылы мұғалім тарапынан берілген тапсырмаларды орындап, кері байланыс орнатты. Жиынтық бағалаулар қойылып, тоқсан қорытындыланды. Қаладағы білім ошақтарының қызметкерлері бұл кезеңді де абыроймен аяқтауда. Бұрын «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деген тіркесті «Үйде оқып жүр, талай мектеп оқушысы» деген оймен қорытындылауға болатындай…

Сонымен қатар, төтенше жағдай уақыты да қалада 500-ге жуық мәдени шаралар мен спорт саласындағы жаттығушылар онлайн негізде жүзеге асырылған болатын. Ал бүгінде мәдениет саласының қызметкерлері шараларды көрерменнің қатысуынсыз өткізуге рұқсат алса, спорт саңлақтарына арнайы алаңдарда жаттығуларына мүмкіндік бар.

Қала көшелерінде қоғамдық көлік пен такси қатынады

«Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-нің қызметкерлері дежұмыстарына кірісті. Күшейтілген санитарлық дезинфекциялық режим негізінде қала тұрғындарына сағ 07.00 мен 21.00 аралығында қызмет көрсетуде.Сондай-ақ, қалаішілік такси қызметі де 07.00 ден 23.00 ге дейін тұрғындарды тасымалдауда. Жүргізушілер желіге шығарда және автопарк тұрағына келген сәтте және әр соңғы аялдамада қоғамдық көліктерге тазалық жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, жолаушылар автобустарға орындық санына қарай отырғызылуда.

Сұлулық салондары ашылды

Қалада орналасқан әртүрлі бағыттағы нысандар жұмысын тоқтатқан болатын. Олардың қатарында бүгінде қадам басқан сайын кезіктіретін сұлулық салондары бар. Тіпті, екінің бірі осы саланы таңдап, біршама табыс көздеріне кеңелсе де карантиндегі тәртіп оларға да ортақ болды. Алайда, сұлулыққа жандары әуес мамандарға жұмыстарына қайта оралуға рұқсат берілді. Сөздерінше, жаңа қаулыны тағатсыздана күткен көрінеді. Мәселен, қала орталығында орналасқан салондардың бірінде қызмет атқаратын Мақпал Борамбаева бет әрлеумен айналысады. Қыздарды мерекелік кештерге әсемдеп, одан қалды өзге де қызмет түрлерін ұсынады. Ол карантин режимі жалғасса да, сұлулық салондарының ашылғанына қуанышты.

— Шыны керек, әлемді жаулаған вирус біраз жұрттың жұмысының жандануына кері әсерін берді. Бірақ, біз өзімізді ғана емес жақындарымызды және келушілеріміздің денсаулықтарын ойлағандықтан талапқа бағынуға міндеттіміз. Өтпелі кезең ғой. Сәл шыдадық. Енді жұмысқа қайта кірістік. Қала тұрғындарының сұлу болып жүруіне әдеттегідей өз үлесімізді қосудамыз. Күнделікті жұмысты ғана ойлаған біздер үшін карантин сәл тынығуға да сеп болғаны жасырын емес.

Дүкендер мен базарлардың жұмысы қайта жанданды

Көпшілік керегін алу үшін базарлардың ашылуын күтіп, әуреге түсті. Мейлі, карантин мерзімі болса да есігінің ауласына егін егіп, ағаш отырғызатын сәттен қалыс қалғысы келмегендер де бар. Қаулыда бұл ескерілді. Көктемгі егін жұмыстарына қажетті өнімдер сатылатын базар алдын ала ашылып, сауда жасауларына рұқсат берілді. Сондай-ақ, көлемі 500 шаршы метрден асатын бөлек тұрған азық-түлік емес тауарларды сататын нысандар мен базарлар сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істеуде. Қазір киім-кешек сататын жеке дүкендердің саудалары қызған сәт… Мезгілге сәйкес киім-кешек іздеген тұрғындарды сол дүкендердегі тізілген кезектерден кезіктіруге болады. Ал азық-түлік өнімдерін сататын дүкендердің шектеулі уақытына өзгеріс еңгізілді. Нақтырағы, енді қала тұрғындары қажеті үшін дүкен жабылады деп алдын ала қамданбайды. Саудагердің жұмысын жүргізіп, сатып алушының сауда жасауына сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін рұқсат берілді.

Қала дәмханаларында тұтынушыға жеткізіп беру әдісі жанданды

Төтенше жағдай мерзімінде қоғамдық тамақтану орталықтары мен дәмханалардың да жұмыс жүйелеріне біраз өзгерістер еңгізілді. Мәселен, бұған дейін тапсырыс берушіге жеткізіп беру тәртібі арқылы жүргізілді. Алайда, аталған нысандар жұмысын осы апта қайта бастады. Бірақ, талап күшінде. Қоғамдық тамақтану нысандарында арақашықтық сақталып, бір мезетте 30 адам ғана қабылдаулары тиіс. Таңғы 10.00-ден 20.00-ге дейін осы тәртіп бойынша кәсіпкерлер өз иеліктеріндегі дәмхана жұмыстарын жалғастыруда. Егер ол тамақтану орталығының жазғы алаңы болса, қашықтық сақталып отырғызуды басты назарға алу керек.

Айта кету керек, карантин мерзімінде тұрғындар үй жағдайында әзірленген тағамдарды тұтынды. Дүкеннің не дәмхананың шектеулі талаптары сеп болып, біраз қыз-келіншек ас үйінде түрлі тағам түрлерін әзірлеп мәз болуда. Бұл – қалтаға да тиімді. Сондай-ақ, қала көлемінде тұтынушыға жеткізіп беру әдісі де карантин мерзімі арқылы біраз жанданғаны жасырын емес. Келген қонақтарға ғана зер салып, қызмет көрсететін тамақтану орталықтарының мамандары енді осы әдіске басымдық берері сөзсіз.

А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here