Бағана басындағы жарық есептегіш

0
75

Қалаға қарасты Ақжарма ауылдық округінде соңғы жылдары соны серпіліс байқалады. Өткен жылдың соңына таяу ауылда жаңадан мәдениет үйі бой түзеп, ел игілігіне пайдалануға берілген. Ауыз су, аяқ су мәселесінде де анау айтқандай түйткіл жоқ.

Алайда ауылға барған сәтімізде тұрғындар тарапынан ауыл кемшілігін тілге тиек еткендер де кездесті. Ел болғасын күрмеулі мәселелер болмай тұрмайды. Оның үстіне жарық мәселесіне қатысты түйткілдер де бір төбе. Ауылда жарық бағаналарының ескіргендігі жиі сөз болуда. Жарық есептегіштің көшедегі жарық бағаналарының ұшар басына іліп қойылғандығы көпшілікті күмәнді ойларға жетелеп отыр. Ауыл халқы жарыққа төлем жасайтын уақыт таяған сайын қанша ақша төлейтінін білмей жүреді. Бағана басындағы есептегішке жерден күмәндана қарап, төлем жасағанша сабырсызданумен болады.

Сонда дейміз-ау, жарықты есептегіш құрылғыны адам көзі жетпейтін бағананың басына іліп қоюға не түрткі болды екен? Жарық жағатындар жағынан халықтың жарыққа берешегін төлейтін кезде оның есебін қалай көретіні ескерілмегені біртүрлі түсініксіз болып тұр.

Тұрғылықты халыққа есептегіші бағана басына орнату себебі түсіндірілмеген. Соның салдарынан ауыл халқы тарапынан түсінбеушіліктер жиі орын алуда.

-Бұл жағдай өзімізге де жұмбақ күйінде қалып отыр. Жарық есептегіш құрылғысын бағана басына орнатып кеткен «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ мамандары халыққа оның себебін кеңінен түсіндірген жоқ. Десе де бұл соңғы заманауи технологиямен жабдықталған құрылғы екенінен хабардар болдық. Халық арасында бұл жарық есептегіш құрылғыларға қарсы пікір айтушылар аз емес. Алайда өз тарапымыздан бұл мәселені шешуге қауқарсызбыз. Оған жарық есептегішті орнатып кеткен аталмыш компания жауапты – дейді, бізге осы мәселе төңірегінде ауыл әкімі Жұмабек Әлиев.

Соңғы кездері ауыл ішіндегі электр бағаналарының ескіргендігі, соның салдарынан түрлі келеңсіздіктер орын алып отырғандығы жиі сөз болатын. Енді оған жарықты есептеу құралына қатысты түйткіл тағы қосылып отыр.

Ауыл ішін аралап шыққанымызда барлық тұрғын үйлер мен мекемелердің жарық есептегіш құралдары шыныменен әрбір нысанға жақын орналасқан тоқ сымдары бағаналарының ұшар басына ілініп қойылғанын аңғардық Оның себебін білу мақсатында аталмыш компанияға қоңырау шалғанымызбен, жауапты мамандармен тілдесе алмадық.

Қалай дегенде де есептегіш құралдарын орнатуда мамандардың үй қожайындарымен, ауыл халқымен санаспай, ойларына келгенін жасай салғаны түсініксіз ойларға жетелейді. Оны орнатуда халықтың талап-тілегі ескерілмегеніне қарағанда құзырлы орындар тарапынан ақжармалық ағайынға электр энергиясының есебін өз көздерімен көріп отыру үшін бір-бір кран алып беретін шығар.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here