Қалада қоғамдық көліктер кондукторларсыз жүруде

0
230

 «Қызылорда автобус паркі» ЖШС басшысы Нұржан АХАТОВ:

Төтенше жағдай аяқталғанымен, қаладағы қоғамдық көліктерге тиесілі талаптар күшін әлі жойған жоқ. Халық сұранысына ие болса да, автобус паркінің қызметкерлері жұмыстарына толық кіріспеген. Иә, бұл сәтте әншейінде жұмыс жүйесін сынайтын көпшілік қоғамдық көліктердің де маңыздылығын ұғынғандай. Серіктестік басшысымен хабарласып, парктің бүгінгі көрсетілер қызметімен таныстық.

— Төтенше жағдайдан кейін жұмысқа қайта оралған тасымалдаушылардың жұмыстары қалай өрбуде?

— 11 мамырдан бастап «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-не тиесілі автобустармен тұрғындарды тасымалдау мақсатында қызметкерлер жұмыстарына кірісті. Күшейтілген санитарлық дезинфекциялық режим негізінде қала тұрғындарына сағ 07.00 мен 21.00 аралығында қызмет көрсетудеміз.

— Қоғамдық көліктердің жүргізілуіне рұқсат берілді. Бірақ, қала көшелерінде автобустардың тапшылығы әлі де сезіледі…

— Иә, мұндай пікір бар. Бірақ, төтенше жағдай аяқталғанымен, тиісті талаптар өз күшінде. Қаламызда инфекцияның таралу үлесін азайту мақсатында түрлі бағытта жүргізілетін қоғамдық көліктердің 50 пайызға қысқартылуына орай, толықтай қызмет көрсете алмай отырмыз. Әйтпесе, қызметкерлер тарапынан жұмысқа шығудан бас тартып жатқандар жоқ. Бұйыртса, індеттің қаупі сиреген уақытта қала көшелеріне қоғамдық көліктер толығымен шығарылады.

— Автобус паркінің бүгінгі жұмыс жүйесінде одан өзге де өзгерістер бар секілді?

— Дұрыс айтасыз. Жаңа тоқталып өткенімдей қала көлемінде дерттің бұдан әрі таралуының алдын алу үшін қоғамдық көліктердің жартысы ғана жұмысқа кірісті. Сонымен қатар, ол автобустарда әзірге тек жүргізушілер қызмет көрсетуде. Жолаушылар және серіктестік қызметкерлері арасында инфекцияның таралуын алдын алу мақсатында кондукторлар жұмысқа шыққан жоқ. Негізі ережеге сәйкес жолаушылар автобусқа мінген сәттен жолақы төлеуі тиіс. Алайда бүгінде олар төлемдерін түсетін аялдамаға тоқтаған сәтте төлеуге дағдыланған. Осыған байланысты қоғамдық көлікті пайдаланушылардың жауапкершілігін күшейту мақсатында және кондукторлардың болмауына байланысты жолаушылар артқы есіктен мініп, алдыңғы есіктен түседі.Бүгінде осы тәсіл арқылы жүргізушілерге жолақыларын төлеуде.

— Қоғамдық көліктерге дезинфекциялық жұмыстар күніне неше мәрте және қалай жасалуда?

— Әр соңғы аялдамаға келгенде жүргізушілер автобустарға дезинфекция жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, линияға шығарда және автопарк тұрағына келген сәтте тазалық жұмыстары назарға алынуда.

— Қоғамдық қөлікке мінетін жолаушылардың санында шектеу бар ма?

— Қызылорда облысының бас санитарының соңғы қаулысына сәйкес қоғамдық көліктерге салон ішіндегі орындық санына қарай жолаушылар отырғызылады.

— Ұжымдық тасымалдаудың мерзімі бітті ме, әлде кей қызметкерлер әлі де осы қызмет түрімен жұмыспен қамтылуда ма?

— Серіктестікпен 11 мекеме келісім-шартқа отырып, 22 автобус ұжымдық тасымалдауға қолғабыс еткен болатын. Сондай-ақ, төтенше жағдай уақытында қала әкімдігі жанынан құрылған жедел штабтың жұмыстарына да біздің қызметкерлер үлес қосты. Қоғамдық ұйымдар мен қайырымдық көмек көрсетушілерді де парк автобустары тасымалдады. Қоғамдық көлік қызметін толығымен тоқтатқанда кей қызметкерлер осы жұмыстармен айналысты. Алайда, ұжымдық тасымалдау қызметі 11 мамырдан бастап тоқтатылды.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here