«Соңғы қоңырау әрбір түлек үшін маңызды…»

0
1127

Қызылорда қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Динара БАЙМҰРЗАЕВА:

Биылғы оқу жылы да аяқталуға таяу. Қазіргі кезде оқушылар тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) тапсыруда. Ол қалай жүргізіліп жатыр? Оқушылар оқулықтарды қалай өткізеді? Жалпы оқу жылы қорытындысына қатысты осы және өзге де сұрақтар бойынша Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймұрзаевамен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Карантинге байланысты білім деңгейі төмендеп кеткен жоқ па?

– Төмендеген жоқ. Сабақтар жеңілдетілген бағдарламамен өткізілуде. Оның үстіне қазіргі ақпарат пен технологиялар заманында қосымша оқып, білім жетілдірудің, танып-білудің мүмкіндігі көп. Негізі, өз ойымша осы карантиннен кейін білім саласында басқаша бір өзгерістер орын алатыны сөзсіз.

– Қорытынды тоқсандық жиынтық бағалау қалай жүргізіліп жатыр? Қиындықтар болып жатқан жоқ па?

Қазір бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) аяқталды. Осы апта да тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) өтіп жатыр. Ол бір аптадан аса уақытта бітеді. ТЖБ бойынша қиындық болып жатқан жоқ. Жеңілдетілген түрде өтіп жатыр. Балалар онлайн оқуға үйреніп қалды. Төртінші тоқсандағы қиын тақырыптар келесі оқу жылына қалдырылды. Қалған тақырыптар келесі жылы қосып оқытылатын болады.

Бүгінде ата-аналар да, мұғалімдер де «Kundelik.kz» электронды журналы арқылы жұмыс жасауда. Бұл электронды күнделіктің төтенше жағдай кезінде көп көмегі тиді. Ол ата-анаға да, мұғалімге де ыңғайлы. Себебі, оны ноутбукпен, ұялы телефонмен де ашып пайдалана беруге болады. Негізі осы электронды журналды пайдаланып келе жатқанымызға осымен 3-ші жыл. Мұнымен жұмыс жасау бастапқыда қиындау болғаны рас, кейін үйренісіп кеттік. Мұғалімдер күнделікті тақырып бойынша слайдтарын, тапсырмаларын журналға жүктеп қояды. Содан соң оны оқушы қарап, мүмкіндігі болып жатса мұғалімімен кері байланыс жасайды. Егер мүмкіндігі болмаса орындаған тапсырмаларын «Whatsapp» немесе «Telegram» қосымшалары арқылы жүктеп әрі қарай жұмыс жасай алады.

– Оқушылардың барлығына ноутбуктар мен планшеттер жеткілікті ме?

Пандемия кезеңінде мектептерде 5 сәуірден бастап 4-ші оқу тоқсаны қашықтықтан оқыту жүйесіне көшірілгені белгілі. Кімге ноутбук, кімге планшет керек сол бойынша бізге өтініштер келіп түсті. Барлығына уақытында қажетті техникалар беріліп, толығымен қамтамасыз еттік. Бұған қоса, қазір «Балапан» мен «Ел Арна» телеарналарында күнделікті телевизиялық сабақтар өткізіліп келеді. Және оны көре алмағандар өзіміздің жергілікті «Qyzylorda» және «Қоғам тв» телеарналары арқылы қайта көруге мүмкіндіктері бар.

– Қашықтықтан оқыту кезінде ата-аналардан қандайда бір шағым түсті ме? Олармен қалай жұмыс жасап отырсыздар?

– Шағым түспейді емес, түседі. Ол белгілі нәрсе деп ойлаймын. Өйткені, бір баласы бар отбасының қалай оқитыны, төрт баласы барлар қалай оқитыны бесенеден белгілі нәрсе. Аздап қиындық болады. Бірақ барлығына түсіністікпен қараудамыз. Байланыс жасап отырмыз. Кешегі күннің өзінде бір шағым түсті. Мәселе шешімін тапты.

– Осы тұста сұрап өтейік, телевизиялық сабақ өткізген мұғалімдерге алдағы уақытта сыйақы беріледі ме?

– Иә, сыйақы беріледі. Бұл бойынша министрден тапсырма келді. Бізде «Мұрагер» мен С.Толыбеков атындағы №3 IT-мектебінің мұғалімдері телевизиялық сабақ өткізіп жүр. Жалпы, бұл сабақтарды да түсіру негізі оңайға түспеді. Камераның алдында тұрып, сабақ өту үйренбегендіктен қиынға соқты. Мұғалімдер сабақ өткенде, арасында қате кетіп қалып жатады. 10 минуттық сабақты 1 күн кейде жарты күнде түсіріп тастаған кездер болды. Мұғалім барлық мағлұматты оқушыларға жеткізгісі келеді, бірақ уақыт жеткіліксіз болғандықтан қысқартып тастап жатамыз. Ол да оңай жұмыс емес. Міне, осындай еңбектері үшін оларға сыйақы береміз деп отырмыз.

– 9-11 сынып оқушыларының емтихандары мен аттестаттары жайлы айта өтсеңіз…

– 9-11 сыныптардың мемлекеттік емтихандары болмайды. Жылдық қорытынды бағасы қандай болады, сол бойынша баға аттестатқа түседі. Қазір 9-11 сыныптарының аттестаттары «Негізгі орта білім туралы аттестат» және «Жалпы орта білім туралы аттестат» деп аталады. Осы екі құжат та 25 мамырдан бастап облыстық білім басқармасынан келетін болады. Сосын оқушыларға таратып беретін боламыз.

– Дәл қазіргі елдегі жағдайға байланысты мектеп бітіруші жас түлектер соңғы қоңырау болады ма деп сұрап жатады. Сонымен соңғы қоңыраудың соғылатыны белгілі болды. Бұл бойынша не айтасыз?

– Иә, соңғы қоңырау өтетін болды. Бұл мектеппен қоштасып жатқан әрбір түлек үшін маңызды деп ойлаймын. 11-сыныптардың соңғы қоңырау мен аттестат тапсыру рәсімі 3-4 маусымда болады. Негізі бұрын 25 мамырда соңғы қоңырау соғылса, кейін барлық емтихандар біткен соң аттестат берілетін еді. Қазір пандемияға байланысты осы екі іс-шараны екі күнге бөліп өткізейін деп отырмыз. Мұнда әр сыныптың іс-шарасы бөлек және 45 минуттан аспайтын болады. Арасында үзіліс болып отырады. Содан соң келесі сыныптың шарасы өткізіледі. Шараға ата-аналар қатыса алмайды. Оған түсіністікпен қарайды деп ойлаймыз. Сондай-ақ, сырттан да ешқандай қонақтар келмейді. Тек өздерінің ғана қатысуымен өтетін болады.

Мектеп оқушыларының оқулықтарды өткізуі қалай болады?

– Қазіргі таңда оны ойланып отырмыз. Мүмкін кітаптарды ата-аналардың өздері әкеліп, өткізіп кетер. Өйткені біз жағдайға байланысты балалардың барлығын әкеп, кітап өткіздіре алмаймыз. Қанша баласы болса, соның барлығының кітаптарын кесте бойынша ата-анасы әкеліп өткізеді. Сабақ 25 мамырда аяқталады, содан соң кітаптарды қабылдау басталады.

– Оқушылар мектепте болғанда ыстық тамақ берілетін еді. Қазір сол ыстық тамаққа бөлінетін қаржы қайда жұмсалып жатыр?

Оның қаржысы қазір тоқтатылып тұр. Бізде атаулы әлеуметтік көмек алатын ата-аналардың балалары бар. Міне, соларды киіммен, мектепке қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз ететін боламыз. Алдағы уақытта бүкіл қаржыны жинақтап, сараптама жасаймыз. Бұрын балаларды мектеп жабдықтарымен толықтай қамтамасыз ету болмаған, ол кезде тек аяқ-киім немесе сөмке беретін еді. Ал, біз бұны басқаша етіп, балаларды толықтай қамтамасыз етеміз деп отырмыз.

– Түсінікті. Ендігі сұрақты ҰБТ-ға қарай бағыттасақ. Бүгінде оқушылар ҰБТ-ға қатысу үшін өтінішті онлайн тастауда. Қала бойынша қанша оқушыдан өтініш келіп түсті?

Биыл бітіруші түлектер саны — 1881. ҰБТ 2 пунктте өтеді. Бірі – Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да және «Мұрагер» мектебінде. Қазір 1696 бала өтініш беріп отыр. Қалғандары Ресейге, Назарбаев университетіне т.б сол секілді басқа жаққа оқуға баратындар. Оларға ҰБТ-ға қатысу міндетті емес. Қазіргі таңда, сол пункттердің дайындығы бойынша жұмыс жасап жатырмыз. «Мұрагер» мектебінің бір сыныбына әр партаға бір оқушыдан 15 бала кіргізіледі. Ал, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың дәрісханасына 60 оқушы кіреді. Әр оқушының аралары 1,5 метрден болады. Бұл бойынша алдағы уақытта толықтай мәлімет беріліп, хабарланатын болады.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here