Қалада 500-ге жуық онлайн мәдени шара өткізілді

0
301

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқарбек ЕСЖАНОВ:

Еліміздегі төтенше жағдайға сәйкес, біршама жұмыс орындары жоспарларын әдеттегіден өзгеше форматта жүзеге асырып келеді. Мәселен, мәдениет саласы да онлайн жүйені негізге алды. Түрлі сайыстар мен шараларды қалалық мәдениет бөлімнің мамандары кешеуілдетпей-ақ жұртшылыққа ұсынуда. Асқарбек Есжанов басқаратын ұжымның төтенше жағдай кезіндегі аяқ алысы мен өңірдегі өнердің деңгейін білдік. Ол үшін сұхбатқа зер салыңыз.

— Төтенше жағдай мәдениет саласының да біраз жоспарын кең көлемде жүзеге асыруға кедергі болғаны жасырын емес. Алайда, өз тараптарыңыздан шараларды онлайн жүйеде өткізудесіздер. Қалай өтуде?

— Дұрыс айтасыз, төтеннен келген бұл індет қазір тек қазақстандықтардың ғана емес, әлем жұртының жұмыс жоспарына, өмір сүру дағдысына өзгеріс енгізуге мәжбүрледі. Барлық сала қызмет көрсетудің халыққа қолжетімді болуын ескеріп онлайн нұсқадағы жұмыс тәртібіне көшті. Біздің ұжым да төтенше жағдай жарияланғалы мүмкіндігінше шараларды онлайн форматта өткізуде. Арнайы медиа- жоспар әзірленген болатын. Сол жоспар негізіндегі жұмыстарды жалғастырудамыз. Тоқталып өтер болсам, бүгінгі күнге дейін түрлі форматтағы 500-ге жуық онлайн мәдени шара көрсетілді. Қаралым саны да жоғары болып, 20 000 аса көрермен қамтылды. Сондай-ақ, қала әкімдігі тарапынан «Youtube» бейнехостингінен «Қызылорда арнасы» ашылды. Төтенше жағдай кезінде ұйымдастырылған күнделікті бейнематериалдар осы арнаға енгізілуде.

— Көрермендер концерттерді Мәдениет үйінен тікелей тамашаламаған соң ерекше әсерге бөленбесі де айқын. Онлайн жүйе сіздер үшін осынысымен де тиімсіз болар?

— Әрине, онлайн түрде өткізілген шаралар тікелей Мәдениет үйінен тамашалағандай әсер қалдырмасы анық. Алайда, мұның бәрі уақытша деп ойлаймын.Індеттің алдын алып, одан әрі таралмауы үшін біз де тиісті талапқа бағынғанымыз жөн. Халқымызға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау — біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Дерттің белең алуы бәсеңдегенде барлығы өз қалпына келеді. Яғни, алдағы уақытта мәдениет үйлерімізде концерттік бағдарламалар мен түрлі шаралар ұйымдастырылып, көрермендерге толы болады деген сенімдеміз.

— Қашықтықтан жұмыс істеп жатқан жергілікті өнерпаздардан өзге қызметкерлердің басым көпшілігі уақытша демалыста болар?

— Елбасының тапсырмасына сәйкес қызметкерлердің 70 пайызы қашықтықтан жұмыс жасауға жіберілді. Арнайы медиа- жоспар негізінде өнерпаздар онлайн концерттерді өз үйлерінен ұйымдастыруда. Олар бүгінде мамыр айындағы мерекелік шараларға дайындық жұмыстарын жүргізуде.

— Мәдениет мамандары үшін қазір әдеттегіден тыс бос уақыт бар. Мұның өзі өнерпаздардың шығармашылықтарына жаңа леп пен серпін сыйлауы да мүмкін. Нәтижесінде, қаладағы өнер саласының одан әрі өрістеуіне сеп болары хақ деп ойлаймын…

— Орынды пікір білдірдіңіз. Жоспарланған мәдени шараларды өткізуге қойылған мұндай уақытша шектеулер өнер адамдары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқаны анық. Әлеуметтік желілерде тікелей эфирде онлайн концерттер беру, сұхбаттар мен дәрістерден тұратын бейнеконтент циклы жүзеге асуда. Бұл, өз ретінде қала өнерпаздарының дамуына оң септігін тигізеді.Мемлекет басшысы карантин жағдайында да көрермендерден алыстамай, онлайн-кеңістікті қарқынды игеріп жатқан мәдениет саласының қызметкерлеріне үйде отырған халыққа қолдау жасағандары үшін алғысын айтқан болатын. Біз үшін мұның өзі алдағы жоспарларды оңтайлы жүзеге асыруға демеу екені де сөзсіз.

— Сонымен, онлайн жүйеде бір ай көлемінде қандай мәдени шаралар өткізілді?

— Жыл басында жоспарланған шараларды онлайн форматта айдарларға бөліп өткізудеміз. Мысалы, «Ән шырқайық» айдарында «Мереке» вокалды — аспапты ансамблінің әншілері жеке-жеке онлайн концерт берді. «Ертегі тыңдайық» айдарында «Сиқырлы айна» халықтық балалар қуыршақ театрының әртістері бүлдіршіндерге әртүрлі ертегілерін ұсынса, «Езу тартар» айдарында «Мереке- Думан» халықтық әзіл-сықақ отауының өнерпаздары вайндар түсіруде. «Әңгіме айтыңыз…» айдарында қоғамның зиялы қауым өкілдерінің сұхбаттары, «Үйірме – өнер бастауы» жобасында мәдениет үйлеріндегі үйірме мүшелері де өз өнерлерін көрсетуде. «Күліп а-like» айдарында «Мереке — Думан» халықтық әзіл – сықақ отауының интермедиялары көрсетіліп халық назарына ұсынылуда. Сонымен қатар, әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі байқаулар ұйымдастырылуда. «Әнді сүйсең, менше сүй…», Ұлы ақын А.Құнанбаевтың туғанына 175жыл толуына орай «Өлең – сөздің патшасы…» атты ақын шығармаларын оқудан онлайн байқау, 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай «Жеңіске рух берген әуендер» атты патриоттық әндерді орындаудан сайыс өткізудеміз.Сондай-ақ, виртуалды көрмелер, онлайн кездесулар мен шеберлік сағаттар да қамтылуда. Халықты, әсіресе жастарды кітап оқуға, өздігінен білім алуға тарту мақсатында «Оқы және өзгеге ұсын» атты букдатинг, «The books I read» айдары бойынша оқыған кітаптарымен ой бөлісу челленджі және Абай Құнанбаевтың шығармаларын жас буын арасында насихаттау, ақынның қара сөздері мен өлеңдерінде айтылған тәлім сөздерді олардың бойына сіңіру мақсатында «Абай оқулары» челленджі ұйымдастырылуда. Қала тұрғындары осыдан өзге де шаралар турасында толығырақ мәдениет бөлімінің әлеуметтік желідегі парақшаларынан ақпараттарды ала алады.

— Жеңімпаздарға қандай жүлделер тағайындалуда?

— Олар қаржылай сыйақыларға ие болып, арнайы Дипломдар және Алғыс хаттармен марапатталады.

— Қашықтықтан ұйымдастырылып жатқан байқаулардың марапаттаулары қалай жүзеге асып, сый-сияпаттары қайтып жеткізілуде?

— Карантин режиміне сәйкес қашықтықтан бірнеше байқау ұйымдастырылуда. Байқаулардың нәтижелері нақтыланған соң, жеңімпаздарды әлеуметтік желіге жариялаймыз. Ал қаржылай ұтыстары жеке банк карточкаларына аударылуда.

— Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай қызылордалықтар қандай жобалар мен концерттік бағдарламаларға куә бола алады?

— ҚР Президенті әкімшілігінің тұжырымдамасына сәйкес карантин кезінде азаматтардың өзін-өзі барынша оқшаулау режимін сақтай отырып, мерекелеуді ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін ұсыған болатын.Осыған орай, мамыр айындағы шаралар да онлайн форматта әлеуметтік желілерде өткізілуде. Ол үшін де арнайы жоспар бекітілді. Мәселен, 9 мамыр — Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Жеңісті жақындатқан әндер» атты «Мереке» вокалды-аспапты ансамблі әншілерінің онлайн концерті, «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа — ұран» атты онлайн шара, «Әңгіме айтыңыз» айдарында тыл ардагерімен сұхбат және Кеңес одағының батыры Жәлел Қизатовтың 100 жылдығына арналған «Ант еттім, құрбан етіп жас жанымды» атауымен де шара ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде «Мен батырдың ұрпағымын» атты челлендж өткізілуде. Аталған челленджіге мәдениет саласының мамандары да өз үлестерін қосуда.

Айта кетейін, бұл шараларды өткізу арқылы біз Отан үшін от кешкен тұлғалардың ерлігін дәріптеп, ел бірлігінің құндылығын кеңірек насихаттаймыз. Шараларға куә болған көрермендерге тәуелсіз еліміздегі отбасы мен жақындарының амандығына тәубе етіп, өз елінің болашағының баянды болуына атсалысуынаықпал етуіміз қажет.

— Жалпы ардагерлерге мәдениет бөлімі тарапынан одан өзге қандай құрмет көрсетілмек?

— Ел шетіне жау тиген шақта қолына қару алып, қан майданға аяқ басқан жауынгерлер қашан да құрметке лайық. Қаламыздағы ардагерлерге рухани қолдау көрсетіп, олардың ерліктерін кейінгі ұрпаққа насихаттап, әлеуметтік желілер арқылы дәріптеу біздің мақсатымыз. Сондықтан, мәдениет саласының мамандары ардагерлерге арнап мереке қарсаңында жоғарыда атап өткен концерттік шараларды тарту етеді.

Жыл басында Абай Құнанбаевтың 175, Әбу-Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай біраз жобалар жоспарланған болатын. Орындалу барысы қалай болмақ?

— Ұлы тұлғалардың мерейтойлары басты назарда. Жоғарыда атап өткендей, Абай Құнанбаевтың шығармаларын жас буын арасында насихаттау, ақынның қара сөздері мен өлеңдерінде айтылған асыл қасиеттерді олардың бойына сіңіру мақсатында «Абай оқулары» челленджі ұйымдастырылса, «Өлең – сөздің патшасы…» атты ақын шығармаларын оқудан байқау өткізілуде және Әбу-Насыр Әл – Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Әл – Фараби — мәдениет тарихында» атты танымдық онлайн шаралар ұйымдастырылды. Осы шаралармен ғана шектеліп қалмаймыз. Мерейтойлар алдағы уақытта да әртүрлі нұсқада ұйымдастырылады.

— Ал мемлекеттік тілдің мәртебесі турасындағы жобалар қалай жүзеге асуда?

Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында мемлекеттік тілдің іс-жүргізудегі негізгі тіл ретінде қолданылуын қамтамасыз етіп, қолданыс аясын кеңейту бағытында жұмыстар тиянақты атқарылуда.Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қайта бекітілді.Соның негізінде облыс, қала әкімдірінің қаулыларымен 6 жылдық іс- шаралар жоспары нақтыланған болатын. Қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелердің құжат айналымдарына ай сайын мониторинг жүргізіледі. Мемлекеттік тілде шығысталған құжат айналымы 2020 жылдың І тоқсанында 100 пайызды құрап отыр.Сондай-ақ, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен мемлекеттік тіл саясатын жүргізу мақсатында әртүрлі іс- шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады.

— Шаралар мен жобалар туралы білдік. Ал мәдениет үйлеріндегі үйірмелердің жұмыстары қалай өрбуде? Ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс қай деңгейде?

— Үйірмелерге тиесілі жоспарлар да уақытылы жүзеге асуда. Яғни, күнделікті жұмыс кестесіне сәйкес үйірме қатысушылары онлайн түрде өз дәрістерін алуда. Осы сәтте айта өтейін, біздегі дәрістерді өткізу тәсіліне басқа да қала тұрғындарының, әсіресе жастардың қызығушылықтары артуда екен.Мәдениет үйлері жанынан құрылған үйірмелердің өнерпаздары да онлайн форматта өтіп жатқан шараларға атсылысып келеді. Мәселен, олар «Үйірме – өнер бастауы» айдарында өнерлерін ортаға салуда.

— Жұртшылықты әбігерге салған атышулы індеттің алдын алу үшін қаладағы өнерпаздар ән арнады. Мәдениет саласының мамандары қала халқына одан өзге қандай қолдау көрсетуде?

— Иә, Қызылорда облысынан шыққан өнер адамдарды жергілікті өнерпаздармен бірлесе ән арнады. Одан бөлек жергілікті әншілеріміз де халыққа қолдау көрсету мақсатында әндерін ұсынды. Бұл көпшілік тарапынан үлкен қолдауға ие болғанын атап өткім келеді.Осындай қысыл-таяң уақытта бөлімнің қызметкерлері«Біз біргеміз» акциясына да өз үлестерін қосуда. Қаладағы мәдениет саласының мамандары рамазан айында аз қамтылған және көп балалы 50-ге жуық отбасына азық-түлік себеттерін дайындап таратты.

— Мерекелік іс-шаралардың басым көпшілігі ойлаған форматта өткізілмеді. Тиесілі қаржының игерілу турасына тоқталып өтіңізші…

— Қаржының бір бөлігі онлайн байқаулардың жүлде қорына жұмсалуда, ал үлкен форматтағы қаржы қажет етілетін жоспарланған шараларды кейінге қалдырып отырмыз.

— Сұрақты қызметіңізге бағыттасам… Білім саласынан да тәжірибеңіз бар. Бүгінде мәдениет бағытының басшылығын тізгіндеудесіз. Бұл екі саланың қайсысы жаныңызға жақын?

— Әр саланың өзіндік ерекшелігі болатыны рас. Дегенмен, мемлекеттік қызметтің миссиясы — халыққа адал қызмет ету және еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қорғай білу. Бұл жауапты іс бізге жауапкершілікпен жүктелетіні де мәлім. Сондықтан, мемлекеттік қызмет тізгініндегі адам қай сала жаныма жақын деп емес, мен ел- халыққа қаншалықты жақынмын деген ойда болуы керек деп ойлаймын.

— Әйткенмен, білім мен мәдениеттен өзге қай саланы игеруді көздейсіз? Немесе өзіңізді болашақта лауазымы жоғары креслодан көруіміз мүмкін бе?

— Өзіңіз де білесіз, уақыттың алдына түскен ешкім жоқ. Сондықтан, бұл сауалды уақыттың еншісіне қалдырған жөн.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан А. ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here