Індеттің кең таралуына жол жоқ!..

0
447

Қызылорда қаласы әкімдігінің төтенше жағдайдағы жедел штабының мониторингтік талдау топ жетекшісінің орынбасары Индира АҚЖІГІТОВА:

Қазір Қызылордада карантин талабы аз да болса жеңілдеді. Бас санитариялық дәрігердің №11 қаулысына сәйкес халыққа қажетті бірнеше қызметтердің жұмысы қайта жанданды. Қоғамдық көліктер екі мезгіл жұмыс жасауға көшті. Енді тұрғындар жұмысына барып, өздеріне қажет қызмет түрін пайдалану үшін қала ішінде жүре алады. Себебі, қаладағы блок-посттар алынып тасталды.

Иә, карантиннің жеңілдегені ай бойы үйінен шықпай отырған тұрғындар үшін жақсы жаңалық болғаны рас. Десе де, көпшіліктің көкейінде жауапсыз сан сауалдың бары анық. Сол себепті, карантин жеңілдегеннен кейінгі жедел штаб жұмысының бүгінгі жәй-күйін білу мақсатында Қызылорда қаласы әкімдігінің төтенше жағдайдағы жедел штабының мониторингтік талдау топ жетекшісінің орынбасары Индира Ақжігітоваға бірнеше сұрақтар қойған едік.

Индира Сансызбайқызы, қала ішіндегі блок-посттардың алынғандығы белгілі. Бірақ қалаға кіреберіс қақпалардағы блок-посттар әлі де жабық…

Иә, қазір қала аумағында 4 блок-пост бар. Олар қалаға кіретін Батыс, Шығыс, Солтүстік, Оңтүстік қақпаларда орналасқан. Десе де елдегі қазіргі жағдайға байланысты бұл блок-посттардың болғаны дұрысырақ секілді.

– Қала ішінде індет шыққан ошақтар?

– Жалпы, қала ішіндегі блок-посттар алынғанымен індет шыққан ошақтарда яғни, «КБИ» ауданы, «Шанхай», орталықта «Жаңа базар» яғни «Шұғыладан» бері қарай және Арай, Сәулет, Тасбөгет кентінде науқастар саны 5-еуден асып тұр. Сол себепті бұл жерлер әлі де біздің бақылауда.

– Қалаға кіретін 4 қақпадан қандайда бір заң бұзушылықтармен қаладан шыққысы келгендер мен қалаға кіргісі келгендер болды ма?

Заң бұзушылықтар болған жоқ. Өйткені, ол жерлерде медицина мамандары, бақылап тұрған жол полциясы мен әкімшілік қызметкерлері бар. Ол жерлерден өту оңайға соқпайды деп ойлаймын. Негізі жақында бір жағдай болды. Бір азамат Шымкент қаласынан келіп тұр. Бүгін қалаға кіруім қажет, себебі сағат 11-де қайтыс болған адамның намазына қатысуым керек дейді. Кіргізбедік. Өйткені олай болмайды. Қалаға кіргісі келгендер о баста елінен шықпай тұрып бізге хабарласып қалаға кіре аламын ба, жоқ па деп сұрауы қажет. Мысалы, біздің қаладан да шығып кетемін деген азаматтарға біз барынша түсіндіріп жатырмыз. Баратын қалаңызға кіре алатындығыңызды нақтылап алыңыз деп. Өйткені ол жақ ана адамды кіргізбесе, біз бір рет шыққан адамды қалаға қайта кіргізе алмаймыз. Негізі екі ортада қалып қалмас үшін барлығын алдын ала нақтылап алған жөн.

Карантин режимі жеңілдеді…

Иә, карантин режимі жеңілдеді. Бірақ, бұл барлығы далада босып жүру керек деген сөз емес. Қазір облыстағы бас санитардың №11 қаулысына сәйкес халыққа қажетті қызметтердің бірнеше түріне жұмыс жасауға рұқсат етілді. Десе де тұрғындар әзірге азық-түлікке, дәріханаға және қоқыс тастауға ғана шықса жақсы болар еді. Себебі, індетті көптеп таратып алмауымыз қажет. Өйткені, біз үшін әрбір адамның денсаулығы, амандығы маңызды. Сол үшін тәртіпке бағынып, үйде болған жөн!

– Жақында шыққан қаулы бойынша не айтасыз?

– Иә, қаулы шықты. Бас санитариялық дәрігердің №11 қаулысына сәйкес, халыққа қажетті деген маңызды қызмет түрлері қайта жұмыстарын бастады. Оның ішінде кәсіпкерлікке қатысты кәсіпорындарға, мемлекеттік мекемелерге және қазір тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі үшін қажет қызметтердің жұмыстарына (сақтандыру, нотариалдық, жеке медициналық қызмет көрсету (лор, стоматология, офтальмология, ультрадыбыстық зерттеулер, МРТ, КТ, зертханалар, гинекология, урология), автокөлікті техникалық тексеру мен қызмет көрсету станциялары, көлік жуу, желімдеу, шаштараз, аяқ-киім жөндеу, «тұтынушыға дейін жеткізу» қағидаты бойынша электорника және тұрмыстық техника сататын сауда үйлерінің қызметі және оларды жөндеу, курьерлік қызметтер; ауылшаруашылық техникасы мен оған қосалқы бөлшектерін жеке және заңды тұлғалар; ауылшаруашылық сервистік қызмет көрсететін ұйымдар. Дақыл тұқымдары мен көшеттерін сататын жеке және заңды тұлғаларға) санитарлық талаптар мен дезинфекциялық жұмыстарды қатаң сақтау арқылы жұмыс жасауға рұқсат етілген. Бұдан бөлек, азық-түлік сататын дүкендер уақыты 20:00-ге дейін рұқсат етілді. Сондай-ақ, қоғамдық көліктерге 2 мезгіл жұмыс жасауға яғни, азанда 06:00-ден 09:00-ге дейін, кешкі уақытта 18:00- ден 20:00-ге дейін. Демек, жұмысына қосылған тұрғындарға жұмысына барып-келу үшін қоғамдық көліктер жұмысқа кірісті. Бірақ сонда да барынша тәртіпке бағынып, өзіміз үшін сақтық шараларын сақтауымыз қажет.

Байқасам, 400-700 нөміріне хабарласушылар көп көрінеді. Олардың басым көпшілігі қандай сауалдар бойынша хабарласуда?

Қазіргі уақытта қоңырау шалып жатқандардың 80 пайызы коммуналдық төлемге берілетін 15 мың теңгеге және қайтыс болғандарды қалаға кіргізуге байланысты хабарласуда. Айта кету керек, коммуналдық төлемге берілетін ақшаны 1, 2, 3 топ мүгедектері; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар; көпбалалы отбасылар; Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар; мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары; төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер; атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер ғана ала алады. Ол үшін тұрғындар 400-700 нөміріне хабарласады немесе 15.epd.kz сайтына өз өтінішін тастайды. Коммуналдық қызмет үшін берілетін қаржы 5 мамырдан басталады деп жоспарланған. Мұнда тұрғындардың сәуір және мамыр айларындағы екі айлық төлемдеріне қаржы беріледі. Алдынғы айлардағы қарыздарына ақша берілмейді.

Тұрғындар өтініші қанша күн ішінде қаралып, жауап беріледі?

– Ережеге сәйкес, өтініш түскеннен кейін 5 күн ішінде төлемдер жасалу керек. Біздегі техникалық жағдай барлығы дайын болғанымен, қаржының бізге келу жағы аздап кешіктіріліп жатыр. Ақша уақытында келмесе жұмысқа кірісе алмаймыз. Сол себепті, халық арасында «бұл ақша не үшін әлі берілмей жатыр, неге кешіктіріліп жатыр?» деген сұрақтар қойылуда.

– Ендігі сауалды коронавирус бойынша қаладағы ахуалға қарай бұрсам. Бүгінде мамыр айының 4-дегі жағдай бойынша Қызылорда қаласында вирус жұқтырғандар саны — 77. Олардың жас ерекшеліктерін айта аласыз ба?

– 77 жағдайдың ішінде 18 жасқа дейінгі науқас 5-еу болса, 65 жастан жоғарысы — 7 болып тұр. Қалғаны 18 бен 64 жас аралығындағылар. Жазылып шыққандар – 19, жұқпалы аурулар ауруханасында жатқандар – 58, провизорлық стационарда – 236, үй жағдайындағы карантинде жатқандар – 676 адам құрап отыр.

Сырттан вахталық жұмыспен және оқудан келіп жатқан студенттер бар ма? Олар карантинде қай жерде жатыр?

Бүгінде Атырау қаласынан вахталық жұмыс бойынша келген 3 науқастан және Ресейден келген 1 студенттен COVID-19 инфекциясы анықталып отыр. Жалпы, вахталық жұмыстан келгендер (ер адамдар) И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық колледждің және (әйелдер) М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің жатақханасына орналастырылды. Ал, Ресейден келген студенттер Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің жатақханасында. Бұл жерлердің барлығына азаматтар санитарлық нормаларға сәйкестендіріліп тексерілгендіктен және тиісті шаралар толықтай жасалғандықтан жатқызылды. Сонымен қатар, алдағы уақытта азаматтар кеткеннен кейінде жатақханаларға дезинфекция жұмыстары толықтай қатаң түрде жасалатын болады.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here