«Әл Фараби» тұрғындарының ашық хатына қала әкімдігі не деп үн қатты?

0
556

«Балаларымызды мектепке екінші аяқ киіммен шығарып салып, күтіп алу бір әлек. Жылда күз, қыс, көктем мезгілдерінде үй басынан ақша жинап КАМАЗ-КАМАЗ құм төктіріп, лаждаймыз, көп ұзамай ол құм батпақпен иленіп жоқ болады, немесе желмен ұшып дауыл болады»

Бұл Аль-Фараби ауданының 30, 9, 10, 11 көше тұрғындарының біздің редакцияға жіберген хаттатарынан үзінді. Естеріңізге сала кетейік, газетіміздің өткен санында жарияланған тұрғындардың ашық хаты облыс әкіміне қарата жазылған болатын. Түсінікті болсын, аталмыш ауданның халқы бірнеше жыл қатарынан өздеріне өзекті болған жол мәселесінің шешім табуын талап етуде. Одан өзге, көшедегі жарық мәселесіне де зер салуды сұрайды. Олардың айтуларынша, уәде беруден алдына жан салмайтын әкімдіктегілерден тиісті әрекет байқалмайды-мыс…

«Былтыр қала әкімі №8, 9, 10, 11 көшелерге жол салынатыны жөнінде уәде берген еді. Алайда аталған жұмыстар толыққанды орындалмай отыр. Бізді алаңдатып отырған мәселеге нақты жауап беретін жан бар ма? Осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізе алмай ақпарат құралына жүгінуге мәжбүр болып отырмыз.» — деп базынасын хат арқылы жолдаған халықтың бұл сауалына мамандар бұған дейін де жауап беруде екен. Әкімдіктегілермен хабарласқанымызда, қала әкімінің тұрғындар алдындағы уәдесіне сәйкес, жұмыстар басталған. Тіпті, төтенше жағдайға қарамастан тиісті жоспарларды жүзеге асырудамыз дейді. Соған сәйкес, құрылыс жұмыстары 8,10 көшелерге басталып та кеткені мәлім. Сабырлық танытса, қалған екі көше де салынуы тиіс жолдардың тізімінде екенін сала басшысы жеткізді. Ал, тұрғындарды жолдың сиқы нақты қашан көз тоярлықтай болады деген сауал әлі де толғандыруда.

Сонымен, осы сауалға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Елмұрат Рахматуллаев былай деп жауап берді:

— Біз тұрғындардың өтініштерін ескерусіз қалдырған емеспіз. Өзімізге қатысты жұмыстарға жауап беруден қызметкерлер де қашқақтамайды.

Жасап жатқан жұмыстардан өзге жоспарларға да тоқталып, түрлі нұсқада ақпараттандырумен келеміз. Төтенше жағдайға қарамастан жол құрылысына бағытталған жұмыстар уақытылы орындалуда. Қала әкімінің биылғы жоспары да осы жолға бағытталуда. Ол кісі тұрғындардың өтініштерін әркез назарда ұстап, сол негізде жұмыстың жүргізілуін де күнделікті тапсырып отырады. Сондықтан, аталған аудан тұрғындарының хатында жазылғандай уәде ұмыт қалған емес және жұмыстар да толығымен тоқтап тұрған жоқ. Тым болмағанда, түрлі мәселелер жайында тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Қызылорда қаласы Әл-Фараби тұрғын ауданы 8,9,10,11 көшелердің тұрғындарының берген өтінішіне сәйкес зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда аталған тұрғын ауданда 8,10 көшелерде жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Қалған 2 көшеге қосымша қаржы сұратылып отыр. Биылғы жылы толық 4 көшені асфальттау жұмыстары жүргізілетін болады. Жалпы осы жылға Қызылорда қаласының орталығы мен шет аймақтарындағы тозығы жеткен 100-ден астам көшені жөндеуге жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген болатын. Қалаға қарасты ауылдық елді мекен жолдары да жаңғыртылмақ. Мұнан бөлек, мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде де ауқымды құрылыс жобалары іске асады.

2019 жылы қала көлеміндегі 30 көшеге жергілікті бюджет қаражаты есебінен орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Әл-Фараби мөлтек ауданы бойынша 10 көшеге және Саяхат тұрғын ауданы бойынша 40 көшеге тас жол құрылысы жүргізілді.

Осы бағыттағы жұмыстар биылғы жылы да жалғасын тауып республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 100-ден астам көшеге жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде, С.Бейбарыс көшесінен Қызылжарма каналына дейін магистральды жол құрылысының жалғасы және қала тұрғындарынан жол жөндеу мәселесі бойынша келіп түскен көптеген өтініштерге сәйкес КБИ, Шанхай, Титов, Гагарин Арай, Әл-Фараби, Қорқыт Ата тұрғын аудандарының көшелері қамтылды.

Қазіргі таңда, Арай мөлтек ауданындағы Алпамыс көшесі, Гагарин тұрғын ауданындағы Гагарин, Бұдабай ақын көшесіне және Қашаубаев тұйығы, Сәулет мөлтек ауданындағы Абдоллаев көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары аяқталып, Қорқыт Ата тұрғын ауданындағы Тұран көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Үстіміздегі жылы «Жұмыспен қамтудың — Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ауқымды жол құрылыс жобалары іске асыру жоспарланған болатын.

Соған сәйкес, Әл Фараби ауданындағы 30-шы көше бойынша тас жол құрылысына жоба сметалық құжаттары әзірленген. Осы жылы көшеге тас төсеу үшін құрылыс монтаж жұмыстары басталатындығын жеткіземіз. 9, 11 көшелер бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Жеңімпаз мердігер мекеме анықталғаннан кейін, жол жөндеу жұмыстары басталады. Ал, 8 және 10 көшелер бойынша қазіргі таңда жол жөндеу жұмыстары басталып та кетті.

Хат иелеріне тиісті жауап осы. Әліптің артық бақсақ әкімдіктегілер де өз уәделерін орындары сөзсіз. Өйткені, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев биыл жол жөндеу жұмыстарына аса басымдық беретінін жиі айтып жүр. Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы қарсаңында Әл Фараби ауданының көшелеріндегі жолдар жаңа кейіпке енетін күн алыс емес деген сенімдеміз.

А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here