Сәуірдегі жолақы билеттері мамырда да жарамды

0
311

«Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің басшысы Нұржан АХАТОВ:

Қаладағы тұрғындардың ығы-жығы тірлігінде қоғамдық көліктердің де маңызы басым. Ол алдымен індет өршіген өңірге тасымалдаушылардың жұмысын толығымен тоқтатқанда қызметіне қатынаған тұрғындарға сезілді. Халықты әрлі-бері тасуды мақсат еткен автобус паркінің қызметкерлері жаңа қаулыға сәйкес жаңа тәртіппен жұмысқа қайта кірісті. Тағы айта кетерлігі, талапқа бағынған тасымалдаушылар карантинде өзге жүйеде жұмыс істеді. Кеңірек білу үшін қаладағы қоғамдық көліктердің жұмысына жауапты басшымен тілдестік.

Уақытша тоқтаған қоғамдық көліктердің қызметі жаңа қаулыға сәйкес жалғасатын болды. Карантин режимі тасымалдаушылардың жұмыс жүйесіне де қолайсыздық туғызғаны айқын. Жалпы, қызметкерлеріңіздің тарапынан наразылық бар ма? Әлде, деннің саулығы үшін дұрысы осы деген пікірде ме?

-Төтенше жағдай уақыты жарияланған сәтте қала көлеміндегі қоғамдық көліктердің қозғалысы сирек болды. Яғни, «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-не тиесілі автобустардың 50%-ы ғана қатынады. Сәуір айының ортасындағы бас санитардың қаулысына сәйкес қоғамдық көліктің жұмысы уақытша тоқтатылған болатын. Сол сәтте серіктестіктегі қызметкерлер заңдылықтарға бағынып, талаптарды орындап еңбекақысыз демалысқа шығуға мәжбүр болды. Жаңа қаулыға сәйкес, қоғамдық көлік шектеулі уақыт бойынша жұмысын жалғастырмақ. Нақтырағы, 06.00-ден 09.00-ге дейін, 18.00-ден 20.00-ге дейін күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимде қызмет көрсетуге рұқсат берілді. Бірақ, олар да қоғам үшін қауіпті дерттің қала аумағында белең алмауына байланысты бұл жағдайға түсіністік танытуда.

— Әйткенмен,«Автобус паркіндегі» қызметкерлерге қандай да бір қолдаулар көрсетілген болар?

-Әрине. Мәселен, серіктестік тарапынан карантин режиміндегі жұмысты толығымен уақытша тоқтатқан сәтте қызметкерлер төменгі жалақы мөлшеріндегі қаражатпен қамтамасыз етілген болатын.

— Олар жұмыссыз қалған тұста мемлекет тарапынан беріліп жатқан әлеуметтік төлемдерге де кедергісіз қол жеткізді ме?

-Төтенше жағдай кезінде жұмысынан уақытша тыс қалған азаматтарға Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр ғой. Бізге де әр қызметкеріміздің қал-ахуалы маңызды. Сондықтан, серіктестік тарапынан қызметкерлердің мемлекеттен берілген әлеуметтік төлемдерді алуларына өтініш берілген болатын.Жасыратыны жоқ, серіктестік квазисекторлық мекеме болуына байланысты, барлық қызметкерлердің өтініштері электрондық базадан қабылданбайтыны жөніндегі хабарлама келді. Нәтижесінде өзіңіз атап өткен әлеуметтік төлемге қол жеткізе алмады.

— Дегенмен, кей жүргізушілер жұмыссыз қалмаған көрінеді. Әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көліктер мекемелерге ұжымдық тасымалдау қызметін көрсетуде екен. Жұмыс бағыты турасында кеңірек айтып өтіңізші…

-Иә,қазіргі таңда серіктестікпен 11 мекеме келісім-шартқа отырып, 22 автобус ұжымдық тасымалдауға қолғабыс етуде. Одан бөлек қала әкімдігі жанынан құрылған жедел штабтың жұмыстарына біздің қызметкерлер үлес қосуда. Сұранысқа сәйкес қоғамдық ұйымдар мен қайырымдылық көмек көрсетушілерге автобустар жөнелтудеміз.

— Шектеулі уақытпен жұмыс істесе де, қоғамдық көліктердің қала көшелерінде жүргізілуіне рұқсат берілді. Ұжымдық тасымалдау әлі де жалғасады ма?

-Келісім бойынша бұл қызмет түрі осы айдың соңына дейін жалғасады. Егер бұл шарттың мерзімін ұзартса, біз тасымалдау қызметін көрсетуге дайынбыз.

— Жүргізушілердің бұл қызметіне жалақы тиянақты беріледі ғой?

-Міндетті түрде жалақылары уақытылытөленеді.Бекітілген ақы бойынша жүргізушілердің карантин ренжиміндегі бұл қызметтері үшін серіктестік тарапынан қаражат есептеліп, берілетін болады.

— Сәуір айына алдын ала сатып алынған жолақы билеттері бүгінде жарамды ма?

-Төтенше жағдай кезінде сатып алынған нақтырағы сәуір айына тиесілі жолақы билеттерін қолдануға рұқсат. Яғни, қолданыста болмаған бірақ алдын ала сатып алынған билеттердің жарамдылық мерзімі ұзартылды. Жолаушылар жолақы билеттерін мамыр айының 1-16 аралығында пайдалана алады.

— Қоғамдық көліктегі төлемге тиесілі жаңа жүйені қолданысқа еңгізу наурыз-сәуір айларына жоспарланған болатын. Әзір орындалмайтын секілді. Әлде, төтенше жағдайдан сон бірінші кезекте жүзеге асырылмақ па?

-Дұрыс айтасыз. Бұл сұрақ бүгінде көптің ойында жүргені де белгілі. Негізі серіктестік электрондық билет жүйесін енгізу жұмыстарының біраз қадамын іске асырған болатын. Алайда қалада карантин жариялануына орай жоспар кейінге шегерілді. Төтенше жағдай аяқталған сәтте бірінші ретте осы жоба жүзеге асырылатын болады.

— Сондай-ақ, парк тарапынан айтылған ұсыныстарға сәйкес, 13 автобусқа қаржы бөлінгені белгілі. Жаңа автобустар қоғамдық көліктердің қатарын қашан толықтырмақ?

-Қала тұрғындары үшін қызмет ететін жаңа 13 автобусқа мемлекеттік сатып алу жұмыстарының бірінші кезеңі жақында аяқталған болатын. Енді нақты жеткізіп беруші анықталмауына байланысты заңға сәйкес екі қайтара беріліп, сатып алып берушілер анықталуда. Осы аталған жұмыстар реттелсе, жаңа автобустарға мінетін күн алыс емес.

— Қоғамдық көліктерге тиесілі тағы бір мәселе бар. Атап өтер болсам, жеке кәсіпкерлердің бұл салада қызмет етуге құлықсыздық танытуы. Не себеп?

-Бұл мәселе турасында себеп көп екенін жасырмаймын. Неге дейсіз ғой?! Біріншіден, жеке тасымалдаушылар тарапынан бұл салаға қызығушылықтың болмауына тасымалдауды жүзеге асыру үшін кететін шығындардың көтерілуі дәлел. Яғни жанар-жағар май, қосалқы бөлшектердің бағасының бірнеше мәрте көтерілуі. Екіншіден, жолаушылар жолақысының 2017 жылы бекітілген деңгейде қалуы мен жеңілдікпен жүретін санаттағы жолаушылар санының артуы негізгі себеп болуда. Сонымен қатар,жеке тасымалдаушылардың бір ұжымға бірлеспеуіне байланысты мемлекет тарапынан берілетін субсидияға ұсыныс бере алмауы да кері әсерін тигізуде.

— Жалпы, автобус жеткіліксіздігінен бөлек, қолданыстағы көліктердің кейбірі күрделі жөндеуді де талап етеді. Жолаушы қауіпсіздігі үшін бұл мәселе қаншалықты назарға алынады?

-2018 жылы қала көлемінде 870 автобус болса, биыл оның саны 636 болды. Осы тұрғыдан айта кету керек, халыққа сапалы қызмет көрсетуге қоғамдық көліктер санының аздығы да тікелей әсер етеді. Әйткенмен, біз өз тарапымыздан автобустарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуді назардан тыс шығармаймыз.

— ТМД елдеріндегі автокөліктерге 10 жылға дейін жүргізілуге рұқсат берілсе, шетелдік автобустар 20 жылға дейін қолданыста болуы керек. Бізде бұл жүйе сақталған деп айтуға негіз жоқ секілді…

-Иә, бұл қоғамдық көліктерге тиесілі заңдылықтардың бірі. ҚР еуропалық одаққа мүше болуына байланысты бекітілген техникалық регламентке сәйкес ТМД елдерінде шығарылған қоғамдық көліктер 10 жыл және шетелде шығарылғандары 20 жыл мерзімінде халыққа қызмет көрсетуі тиіс. Бірақ, жоғарыда атап өткен мәселелер бұл талаптың орындалуына түрткі болатыны тағы бар. Қалаішілік жолдарда қоғамдық көліктердің жетіспеуіне байланысты техникалық жағдайы дұрыс автобустарды қызметке жіберуге мәжбүр болып отырмыз. Осындай заңға сәйкес 10 және 20 жыл мерзімі өткен автобустарды тоқтатуға толық мүмкіндігіміз бар екенін де айта өтейін. Әйткенмен, мұндай жағдайда халық тасымалы ақсап қалатындығы айтпаса да түсінікті.

— Тасымалдаушылардың жалақылары көтерілуі мүмкін бе?

-Жүргізушілер мен кондукторлардың айлығын көтеру негізгі мәселе болып отыр. Серіктестіктің табыс көзі ұлғайып жатса ең бірінші кезекте жұмысшылардың жалақысын көтеру ойымызда бар.

— Одан өзге қалаға қарасты қоғамдық көліктерге тиесілі қандай өзекті мәселелер бар?

-Автобус паркіне тиесілі мәселелерді көтердік. Бірақ, қоғамдық көліктің деңгейі жалғыз бізге ғана байланысты емес екенін естен шығармаған дұрыс болар. Нені меңзеп отырғаным да түсінікті шығар? Автобусқа мінген тұрғындардан тазалықты сақтауды сұраймыз. Өйткені, мезгілге қарамастан сала қызметкерлері бұл жұмыстарға жиі назар аударады. Өзгенің де еңбегін бағалау керектігін кей тұрғындар түсінсе дейміз. Айта өтейін, бұл барлық қала тұрғындарына қарата айтылған сын емес. Сондай-ақ, қалаішілік қоғамдық көліктердің жолсызбалары 2013 жылы бекітілген болатын. Осы жылдарда қала ішінде жаңа мөлтек аудандар бой көтеріп,жаңа қоныстанушылардың келуіне байланысты соңғы аялдамаларды созу арқылы үйлестіріп отырмыз. Қалаішілік жолдарда жүру уақыты ұзартылған сайын бағыттағы автобустардың рентабельділігі төмендей береді. Осыған орай, қала халқы түсіністік танытып, күткен бағытына сәйкес автобусын аялдамаларда күтулерін сұраймыз. Жалпы, қалаішілік бағыттардың сызбасын оңтайландырып, автобустардың аялдамаларын орналастыру керек. Бұл алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоспар.

— Қала тұрғындарына қатысты базынаңызды айтып қалдыңыз ғой. Бірақ, олардың да айтар пікірлері жоқ емес секілді. Мәселен, кешкі 22.00-ге дейін жүреді деген автобустарды 19.00-ден әрі қарай босқа күтеміз дейтіндер бар.Бәлкім, бұл олқылықтың алдын алу үшін кезекшілік ұйымдастырған да дұрыс болар?

-Қоғамдық көліктің жүру уақытын жазғы және қысқы мерзімге сәйкес екіге бөлдік. Жоғарыда атап өткендей автобустардың жетіспеушілігі және жүру бағытының ұзақтығы тасымалдаушылардың шығындарын арттырады. Соған сәйкес, қоғамдық көліктердің кешкі мерзімде жүруі сирек кездеседі. Алайда, электрондық билет жүйесі енгізілген жағдайда GPS құрылғысы арқылы автобустардың жүру жиілігі бақылауда болады. Бекітілген уақытқа дейін жүргенін білу үшін де осы жоба тиімді.

— Сұхбатыңыға рақмет!

Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here