Әбдіқалықова сөгісі әкімдіктен босатудың бастамасы ма?

0
718

Қызылорда облысының әкімі қауіптілікке қарамастан, қызметтік міндетін орындап бірнеше елді мекен мен нысандарға бас сұғуда. Кезекті сапар — эпидемиологиялық ахуалы күрделі Жаңақорған және Шиелі аудандарына бағытталды.

Алдымен, індетке шалдыққандардың 30 жағдайы тіркелген Жаңақорған ауданына барған әкім тәртіп пен талаптың орындалуын көзбе-көз көрді. Дегенмен, тиісті шаралардың дер кезінде атқарылмауы салдарынан дерт күшіне енгенін атап өтті. Соған сәйкес, аудан әкімі Сұлтан Мақашовқа карантиндегі қатаңдықты күшейтіп, санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға баса назар аудару керектігін жеткізді.

Бұл ауданда барлығы 80 тұрғын қатаң бақылауға алынған. Індетке шалдыққан жанақорғандықтар жұқпалы аурулар ауруханасында ем алса, олармен байланыста болғандар шипажай ғимаратына жатқызылған. Облыс бойынша алғаш болып карантин режимін еңгізген ауданда 4 санитарлық тосқауыл бекеті жұмыс істеуде. Бүгінде бірқатар әлеуметтік нысандарға, көшелерге және науқастар тіркелген аумақтарға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Тәртіпті бақылауға алған мамандар қажетті өнімдермен қамтамасыз етіліп, уақытпен санаспай міндеттерін орындауда.

Ал 60-тан аса науқас тіркелген Шиелі ауданында жағдай мұнан да күрделі. Өйткені, Қодаманов, Бала би, Жиделіарық, Ортақшыл ауылдарынан вирус жұқтырғандар анықталған. Мәселен, бір ғана Қодаманов ауылында 46 адамның инфекцияға шалдыққаны дәлелденген. Карантин режимі еңгізілген бұл ауылдар бүгінде оқшауланды. Аудан кәсіпкерлері қиын-қыстау кезеңде қолдау білдіріп, тұрғындарға күнделікті қажетті өнімдерін жеткізуде.

Сондай-ақ, аудан орталығындағы індетке шалдыққан 4 науқасқа тиісті ем жүргізілуде.

Сапар барысында әкім Шиелінің индустриялды аграрлық колледжінде орналасқан провизорлық стационар мамандарымен кездесіп, «Гежуба Шиелі цемент» зауытының жатақханасында ашылған уақытша тұрақтау орнындағы жағдайды бақылады.

Айта кетейік, аудан ауылдарын және тосқауыл бекеттерін күзететін әскери қызметкерлердің қатарына әскери міндетті сарбаздар қосылды. Жалпы саны

11 санитарлық бекет бар. Індет өршіген шиеліліктерге қажетті қорғаныш құралдары мен медициналық өнімдер үшін 28 млн.теңге жұмсалған. Ал 1 млн. 262 мың шаршы метр аумаққа залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген.

Шиеліні аралап, жағдаймен танысқан Г.Әбдіқалықова аудан әкімі Қамбарбек Мүбәраковқа бүгінге дейін атқарылған шаралардың жүйесіздігін сынға алып, қатаң тапсырмаларды жүктеді. Індеттің одан әрі өршімеуіне бағытталған тірліктерге баса назар аударып, науқастардың денсаулығын үзіліссіз бақылау керектігін тапсырды.

P.S. Облыс басшысы төтенше жағдай кезінде тұрғындардың түрлі мерекелік басқосуларына қатысты да пікірін білдіріп, қос ауданның басшыларына қатаң сөгіс жариялады.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:

– Ауылдарда той тойланып, туған күн отырыстары өткізілген. Келін түсіру тойлары да болған. Одан қалды тұрғындар бір-бірінің үйіне қонаққа барып, наурыз көже ішкен. Неге алдын ала бақылауға алмадыңыздар? Сондай жиындардың әсерінен індет өршіп тұрғаны да мәлім. Ауылға кім келіп, кім шығып жатқанынан және қай үйде не болып жатқанынан әкім хабардар болуы керек.

А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here