Карантин аяқдопшылар жарысын кейінге шегерді

0
263

«Қайсар» футбол клубының ойыншысы Думан НӘРЗІЛДАЕВ:

Ол «Қайсар» футбол клубына қабылданғалы топтың думанға толы сәттеріне жиі куә болудамыз. Командаға жаңа ойын өрнегiмен толағай жеңістер ала келген футболшыны бүгінде қызылордалықтар ғана емес, республика таниды. Алаңдағы аяқдопшылар аламанында әркез үздік болған Сыр елінің мақтанышы Думан Нәрзілдаевтың карантин мерзіміндегі тындырымды тірліктерін білдік.

— Атышулы індет халықтың күнделікті жұмысы мен жоспарын тоқтатты. Бұл спорт саласына да қатысты. Күнтізбеге еңгізілген алаңдағы сайыстарыңыз да кейінге шегерілген болар?

— Біздің өңірдің ел халқын ғана емес, әлем жұртын алаңдатқан дерттің салдарынан біраз жоспарды кейінге ысыруға тура келді. Бүгінде бірнеше қызмет орындарынан өзге спорт саласына тиесілі жұмыстар да баяу жүзеге асуда. Яғни, карантин кезінде аяқдопшылардың жарыстары кейінге шегерілді. Себебі, дер кезінде денсаулықтың құндылығын білген жөн. Соған орай, мемлекеттің бірінші байлығы саналатын халықтың саулығы үшін тиісті шаралар атқарылуда. Қабылданған қаулыға сәйкес, талаптарды орындау – біздің міндет.

— Әншілер қауымы өз көрермендеріне онлайн жүйе арқылы концерттер өткізуде. Сіздер карантин мерзімінде жанкүйерлеріңізбен қандай да бір жаттығуларды бірге жасап немесе футболдың қыр-сырын меңгертуге үлес қосудасыздар ма?

— Әрине, жоспарларымыз кейінге шегерілгенімен, күнделікті жаттығуларға уақытылы назар аударамыз. Бірақ, жанкүйерлерімізбен сіз айтқан форматта онлайн кездесулер ұйымдастырған жоқпыз. Ал үзіліссіз дайындыққа қашықтық аса кедергі емес. Өйткені, бапкермен үнемі байланыстамыз. Берілген тапсырманы орындап, әлеуметтік желі арқылы жібереміз. Жаттықтырушымыз дұрысын, не бұрысын ескертіп, онлайн бағытта қадағалап отырады.

— Карантин кезінде көпшілік уақытты игі істерге арнауда. Бірі сауатын ашып кітап оқыса, енді бірі үй тірлігін тыңдыруда. Өзіңіз бұл уақытта немен айналысудасыз? Отбасыңыз ше?

— Бір мезгіл жаттығуларға уақыт бөлсем, одан кейінгі ермегім есіктің алдындағы шаруалар. Көктем мезгілінде егін жұмыстарының қызатын сәті ғой. Үйдің жұмыстарына және жақындарыма біраз уақытымды арнауға мүмкіндік туды. Отбасыммен бірге ауламызды көгалдандырып, бақшакүтімімен айналысудамыз.

— Жақында өзіңіз де шағын мемлекетіңізді құрыпсыз. Құтты болсын! Отбасылы болған соң, жауапкерішік жүгі еселенген болар? Отағасы атанғандағы сезім қандай?

— Иә, рақмет. Өткен жылдың қыркүйек айында отбасылы болдым. Әрине, бұрынғыдай өзім үшін ғана шешім қабылдамаймын. Яғни, маған екінші адам үшін де жауапкершілік жүктелді. Отбасыма тағы бір адамның қосылғанына ата-анам мәз. Мен үшін сол кісілердің қуанышын көргеннен асқан бақыт жоқ. Біздің үйде отағасы болдым екен деп кез келген шешімді мен қабылдамаймын. Үйдің үлкендері — ата-анамның ақылын тыңдап, сол кісілердің дегенімен жүреміз.

— Әңгімені таңдаған кәсібіңізге бұрайық… Спорттың мұнан да өзге түрлеріне қатысып, бағыңызды сынап көріпсіз. Таңдау футболға түсіп, осы бағытқа тұрақтадыңыз. Түрткі болған не?

— Спортқа қызығушылық танытқан кез келген жасөспірім әр бағытқа қатысып көрген дұрыс. Уақыт өте келе өзінін икеміне, қабілетіне және қызығушылығына орай бір түріне тұрақтайды. Менде де солай болды. Таңдауым – футбол. Шыны керек, басқа спорт түрлеріне қарағанда ала допты серік етуге ықыласым ерекше ауды. Дайындық жұмыстарының күнделікті болуын тілеп, жаттығуларға асығып келетінмін.

— «Қайсар» футбол клубына қабылданған сәтіңізді еске түсіріп, әсеріңізбен бөлісіңізші. Неше жасыңызда мүшелікке ендіңіз?

— Футболға 2006 жылы Нұрболат, Дәулет, Әли есімді кішкене кезден бірге өскен достарыммен бірге келдім. Жасыратыны жоқ, ол кезде ойын алаңы, жаттығу дегенді білмей, бір доптың соңынан жүгіре беретінбіз. Аладопқа дейін күрес үйірмесіне де қатыстым. Достарыммен футболға бірге келгенімізбен, кейін олар басқа салаға бет бұрды. Осылайша достар арасында бұл бағытқа тұрақтаған өзім ғана болдым. Кеудені қуаныш кернемесе, өкініш жоқ. 2006 жылы «Қайсар» жастар клубына қабылданып, кіші жасөсіпірімдер қатарында ойнадым. Ол кезде ешқандай келісімшарт болған жоқ. Ал 2011 жылы «Қайсар» командасына ресми түрде қабылданған соң, 2012 жылдан бастап алаңға шықтым. Команда сапында ең алғаш салған голым әлі есімде. Талдықорғанда «Жетісуға» қарсы кездесуге бас бапкер сенім артып, негізгі құрамға шығарды. Сол ойында «Қайсар» сапындағы ең алғаш голымды соққан болатынмын.

— Демек, футбол алаңына келгеніңізге 15 жылға жуықтапты. Бұл аз уақыт емес. Осы аралықта ауыз толтырып айтарлықтай жеңіс тұғырынан көріндім деп айта аласыз ба?

— Иә, дұрыс айтасыз. Футболға келгеніме биыл 15 жыл болады. Әйткенмен, аталмыш спорт түрінің қыры мен сырын толықтай меңгердім деген сөз емес. Әлі де тәжірибе керек. Осы уақытқа дейін бірқатар жеңісті сәттерге куә болдық. Ол менің ғана емес, өзге де ойыншылардың үздіксіз жаттығуларының нәтижесінде бұйырды. Мәселен, алдыңғы жылы Қазақстан кубогын иеленіп Еуропа лигасына жолдаманы ұтып алдық. Бұған дейінгі жеңістердің төресі де осы. Алла қаласа бұдан да биік белестерге жетуге еңбек етеміз.

— “Қайсар” командасының 20 жыл бойы күткен жеңісіне себепкер – өзіңіз. Бұл — өлшеусіз еңбектің нәтижесі. Осы жетістік өзгеше дәмді болар?!

— Әрине, сол сәттегі сезімді бір сөйлеммен сипаттап жеткізе де алмаймын. Жалғыз менің емес, «Қайсар» футбол клубының, одан қалды қызылордалықтардың көптен күткен кубогы болатын. Команда болып жанкүйерлеріміздің үмітін ақтадық деп ойлаймын.

— Қайсардың бүгінгі қал-ахуалы мен келешегі турасында не айта аласыз?

— «Қайсар» футбол клубы үздіктердің қатарында деп толық сеніммен айта аламын. Оған біздің нәтижелі ойындарымыз дәлел. Топтың футбол әлеміндегі деңгейі де алар орны да ерекше. Әрине, биік сатыға жетуге бізде еңбек еткен, осы командада ойын өрнегін көрсеткен ойыншылардың үлесі басым. Бүгінгі құрамның алдағы мақсаты – үздік үштіктің қатарына ену.

— “Қайсар” командасының бүгінгі бейнесі ретінде қалыптастыңыз десем, артық емес. Топтың танылуына өзге ойыншылардың үлесі жоқ деген сөз емес. Бірақ, футболсүйер қауым сіздің әріптестеріңіздің белсенділігін жиі сынға алады…

— Команда құрамында болған барлық ойыншылардың өзіндік орындары бар. Әйткенмен, жаңадан жиналған кұраммен небәрі екі ойын болды. Әзірге жақсы нәтиже көрсетуде. Алда да осал ойыншылар еместігін дәлелдейтін уақыт келеді. Тағы айта кетерім, Қазақстан кубогын алуға жалғыз мен себепкер болған жоқпын. «Қайсар» командасының құрамындағы өзге де ойыншылар мен жаттықтырушылардың үлестері басым. Сондай-ақ, бізге сенім білдіріп қолдау көрсеткен басшыларымызды айта кеткен жөн. Бұл – ортақ жеңіс.

— Аталмыш футбол клубына бөлінген қаржыны көпсінетін көпшілік те бар. «Жергілікті футболистерге бөлінген ақшаны аймаққа тиесілі өзге де саланы дамытуға неге аудармасқа?» деген әңгімелерді естіген боларсыз? «Қолдауға сәйкес, жетістіктерге аз куә болудамыз» дегендер де жоқ емес. Әр салаға бағытталған түрлі пікірдің болуы заңдылық. Бұл турасында не айтасыз?

— Дұрыс айтасыз, бұл сарындағы пікірлерді жиі естиміз. Бірақ, футболға дәлірегі «Қайсар» командасына қаражат орынсыз немесе артығымен бөлінген жоқ. Өйткені біз бұл қаржыға бірден жеткен жоқпыз. Аймақ басшысының қойған талабын орындаған соң, сенім артып облыстық бюджеттен бөліп жатыр. Сондай- ақ, аталған қаржы тек «Қайсар» футбол командасына тиесілі емес. Біздің клубтан бөлек Бірінші лигада бақ сынайтын «Байқоңыр» командасы, Екінші лигада «Қайсар» жастары, сонымен қатар Футбол орталығында тәлім алатын 500- ге жуық жас өрендердің де үлесі бар. Спорттық киімдер, жарыстарға бару-келу жолы, сонда аялдайтын қонақ үй, медициналық сақтандыру секілді барлығы қарастырылған. Ал жетістектерге тоқталар болсақ, жыл басында аймақ басшысы командамен кездесіп, сонда маусымның мақсаты мен міндетін бекітеді. 2016 жылы Бірінші лиганың жеңімпазы болып, Премьер лигаға жолдама алған сәттен бастап, қойылған міндетті толығымен жүзеге асырып келеміз. Мысалы, 2017 жылы үздік алтылықтан орын алдық, 2018 жылы бестікке көтерілдік. Өткен жылы Еуропа лигасының жолдамасын жеңіп алып, командамыз тарихи сәтке ие, болды.

— Өзіңіз үлгі тұтатын Бауыржан Исламхан есімді құрдасыңыз, әрі әріптесіңіз шет елдік команданың құрамына ауысты. Сізге де қомақты қаржыға сондай ұсыныс түссе, келісер ме едіңіз?

— Ұсыныстар түскенін жасымаймын. Оны уақыт көрсетер. Бірақ, менің бүгінгі жоспарым – туған жерімдегі спорт саласының әлі де алға өрістеуіне және өзім мүшелік ететін «Қайсар» футбол тобының болашақтағы белесі үшін бүгіннен үлес қосқым келеді. Басты мақсатымды орындаған соң ғана, осы ұсыныстар турасында ойланармын.

— Жолы болған футболшы ретінде ізіңізді қуып, осы бағытпен жүремін деген жас спортшыларға қандай келелі кеңестер айтасыз?

— Футболды таңдаған ізбасарларыма жалқаулықты жеңіп, жаттығуға көбірек уақыт пен көңіл бөлу керектігін айта өтейін. Тиісті тапсырмалармен шектеліп қалмай, қолы қалт еткен сәтте өздігінен жаттықтан дұрыс. Сонда ғана оны спортта үлкен болашақ пен небір жеңісті сәттер күтеді. Әрине, барлығы адамның ниетіне орай ғой. Арманына жету әр спортшының өз қолында және оның оң әрекетіне байланысты.

— Осы орайда, алаңда өзіңіз ерекше қолданатын әдістеріңізді атап өте аласыз ба?

— Көптің қолданысындағы әдістер мен нұсқаулар негізінде ғана допты тебемін. Өзіме ғана тиесілі ерекше тәсілім жоқ екен.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here