«Үйімізге қайтқан жоқпыз»

0
232

Төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгенімен көпшілік әлі де салғыртттық танытып, жүктелген жауапкершілікке мән бермеуде. Салдарынан дүниені дүрліктірген дерт қала орталығымен салыстырғанда Қызылорда облысының аудандарында өршіп тұр. Қазіргі таңда инфекцияның таралу қаупін төмендету үшін Қызылорда қаласы, Жаңақорған кенті және Шиелі ауданына қарасты Ш.Қодаманов, Балаби ауылдары карантиндік режимге көшті. Алғаш болып карантин жүйесін енгізген Жаңақорған ауданы болатын.

Алайда, бұл ауданда дер кезінде тиісті сақтық шаралар күшейтілді. Науқастарды індеттен айықтыру мақсатында ақ халатты абзал жандар да міндеттерін әдеттегіден асыра орындады. Уақытпен санаспай жұқпалы аурулар бөліміндегі инфекция анықталған науқастарды бақылауға алған жаңақорғандық дәрігерлердің қатарында Асқан Бердіұлы мен Әсел Есдәулетқызы да бар. Олар аудан тұрғындарын тәртіпке бағынып, ауырмаудың жолына бағытталған міндеттерді орындау қажеттігін жеткізді.

Жаңақорған ауданаралық ауруханасының жоғары санатты дәрігер-эпидемиологы Асқан Отарбеков:

— Егер маған қайтадан мамандық таңдауға мүмкіндік берілсе осы саланы таңдар едім. Себебі, өзім бала күнімнен дәрігер болуды армандайтынмын. Арманыма шынайы қол жеткіздім. Кез келген ақ халатты абзал жан өз ісіне аса үлкен жауапкершілікпен, ерекше сүйіспеншілікпен қарап, ұлт саулығы жолындағы азаматтық борышын түсініп, елдің алғысына бөлену жолында аянбай тер төгіп, міндетін мінсіз атқаруы тиіс.Бұл — менің пайымым және өмірлік ұстанымым. Мен, 29 наурыздан бері, яғни алғашқы науқас анықталған күннен бастап отбасыма да барғаным жоқ. Мұның себебі де түсінікті болар. Өйткені науқастардың жағдайлары күрт төмендеп кетпеуіне, олардың дертінен айығып үйлеріне аман-есен оралуларына біз жауаптымыз. Үй-ішіммен, бала-шағаммен жұмыс арасында ғана телефонмен байланысып жағдайларынан хабардар боламын. Міне, осылай сәт сайын науқастың жағдайын бақылап, өзіме жүктелген міндеттерді атқарып жүрмін. Қалыптасқан жағдайға байланысты енгізілген карантин шараларына барлық тұрғындар үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Індеттің халық арасына кең тарап кетуіне жол бермеу керекпіз. Ол үшін тұрғындар мүмкіндігінше үйлерінен шықпай, адамдар көп шоғырланатын орындарға бармаса екен, сондай-ақ жиын-тойларды мүлдем тоқтату керек. Яғни, инфекциядан сақтану шараларына баса мән берулері тиіс. Карантин уақытында бетперде киіп, қолды сәт сайын антисептикалық сабынмен жуу керек, сондай-ақ ауруға шалдыққан адамдарға жақындамау қажет.

Жаңақорған ауданаралық ауруханасының дәрігер-инфекцонисті Әсел Есдәулетқызы:

— Бала күнімнен дәрігер болуды армандадым. Бүгінде бала арманым орындалып, 12 жыл бойы аудандағы ауруханада дәрігер-инфекцонист қызметін атқарып келемін. Осы қауіпті індеттің бетін қайтару үшін әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс жасаудамыз. 17 күннен бері үйімізге қайтқан жоқпыз. Біздің міндетіміз – науқастарды тезірек дертінен айықтырып, аманесен отбасыларына қайтару. Сондай-ақ, еңбегімізді ескеріп, айлығымызға қосымша төлемақы төлеуге шешім қабылдаған Президентке алғыс айтамыз. Өзім наурыз айына тиесілі айлығыма қосымша 248 мың теңге алдым. Дәрігерлерді ескерусіз қалдырмаған ел азаматтарына алғысымыз шексіз. Әйткенмен, біз үшін ең маңыздысы науқастардың сауығып шығуы. Біз бәрін де жеңеміз! Елдің сенімін ақтаймыз!

А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here