Қала әкімдігі жанынан құрылған жедел штаб отырысында тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қосымша шектеулер бекітілді. Демек, індетке шалдыққандырдың қатары артуына сәйкес, қатаң тәртіп пен талаптарға тағы да өзгерістер еңгізілді. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында әкім орынбасары Бектас Нұриддинов пен қаланың бас санитариялық дәрігері Жанар Жетілгенова мәлімдеді.
Қызылорда қаласындағы күрделі эпидемиялогиялық ахуал ескеріле отырып, 14 сәуірден бастап қоғамдық көліктердің жұмысына тыйым салынды. Облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, бірқатар жұмыс орындарына қашықтан қызмет істеуге талап қойылды. Алайда, тиісті мекемелерге жұмысқа қатынайтын мамандарын көлікпен қамтамасыз ету міндеті жүктелді, — деді Ж.Жетілгенова.
Ал Б.Нұриддинов қала тұрғындарын бекітілген талаптарды орындап, енгізілген жаңа ережелерге мойынсұну қажеттігін тілге тиек етті.
— Карантин кезіндегі мұндай қосымша шектеулерге қала тұрғындары тарапынан түсіністік танытуларын сұраймыз. Бүгінде ірі сауда орталықтары мен мемлекеттік мекемелер өз мамандарын қызметтік көлікпен тасымалдауды қолға алды. Мақсат – қала тұрғындарының қауіпсіздігін қаперге алып, індеттің одан әрі таралмауын қадағалау, — деді қала әкімінің орынбасары Б.Нұриддинов.
А.ӘЛИАРЫСТАН