QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Жедел штаб жедел қызмет етуде

Автор:QAA.kz

Апр 10, 2020

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес елімізде 15 наурыздан бастап, сәуір айының 16-на дейін төтенше жағдай енгізілген болатын. Бұның барлығы баршаның берекесін алған аты жаман індеттің өршуінің алдын алу мақсатында жасалып жатқан дүние. Бүгінде барлық облыс әкімдері ештеңеге қарамастан дереу іске кірісіп, арнайы жедел штаб құрып жұмыс жасауда. Қызылорда облысында да әкім Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен аймақта штаб құрылды. Ал штаб құрамында әр саланың 26 маманы бар.

Дәл осы уақытта Қызылорда облысындағы штаб қызметкерлері келіп түскен барлық сұрақтарға жауап беруде. Тиісті сала мамандарының айтуынша 1 сәуірден осы сәтке дейін 400-100 сall-centr мен өңірлік коммуникациялар қызметінің «Нақты ақпарат» порталы арқылы 2200-дей сұрақтар келіп түсіп, жауап берілген. Бүгінде 400-100 сall-centrінде 8 қызметкер бар. Олар барлық қоңыраулар мен сұрақтарға нақты әрі тез толыққанды жауап беруде. Келіп түскен қоңыраулардың 864-і әлеуметтік төлемдерге, 405-і бақылау бекетіне қатысты болса, қалғаны өзге де мәселелер бойынша қоңырау шалған. Осы тұста Қызылорда облыстық жұмылдыру басқармасы басшысы Қайратбек Сәрсенбаев облыстағы атқарылып жатқан жұмыстар бойынша былай деді:

-Облыстық төтенше жағдай комиссиясының шешімімен арнайы құрылған жедел штаб мамандары облыс көлеміндегі вирустың өршуі қалай, онымен жүргізіліп жатқан жұмыстың көлемі қандай? Қандай шешімдер қабылданып жатыр сынды сұрақтар бойынша жұмыстар жасауда. Қызылорда облысы бас санитаралық дәрігерінің қаулысы бойынша Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданы карантинге жабылды. Қаланың өзіне 4 блок-бекеттер қойылды. Ал, жалпы облыс бойынша 35 блок-бекет бар. Оның үшеуі санитарлық пост. Олар облысқа кіретін-шығатын жерде орналасқан. Қалған 32 пост басқа да елді мекендерде, аудан орталықтарына қойылған. Оның мақсаты арнайы рұқсаты бар көліктерді ғана жіберу. Және ол жерден қатты қажет болған жағдайда азық-түлік пен дәрі-дәрімек алып бара жатқандар ғана өте алады. Бүгінгі күннің ең басты жұмысының бірі залалсыздандыру жұмыстары. Қазір облыс бойынша 1 млн 400 мың шаршы метр жер залалсыздандырылды. Қызылорда қаласында 468 мың шаршы метр, 472 мың шаршы метр Жаңақорған ауданында және басқа да Қармақшы, Шиелі аудандарында да жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл жұмысқа негізінен әскери бөлім қызметкерлері тартылуда. Оларды жұмылдыру дайындығы басқармасы арқылы қажетті киімдерімен, дәрі-дәрімектерімен қамтамасыз еттік. Жалпы бөлінген қаражатқа келер болсақ әр ауданының бюджетінде бұл мақсатта жалпы төтенше жағдай және шұғыл шараларға қаралған 605 млн-дай қаржы бар. Одан басқа осыдан 15 күн бұрын облыстық денсаулық сақтау басқармасына 104 млн.теңге қаржы бөлінген. Соның бүгінгі күнге дейін 84 млн.теңгесі жұмсалды. Оған қорғаныш құралдарын, бетперде, қолғаптар және дезинфекциялық құралдар алынды. Қазіргі таңда қалып тұрған 20 млн.теңге денсаулық сақтау басқармасына қажетті температураны өлшеп анықтайтын құрал алуға қажет. Бірақ осы кезде ол табылмай тұр. Оның әрқайсысының бағасы 1 млн.теңгеге жуық. Ол тек шет елде ғана шығады. Бүгінде 18 температура өлшегіш құралын алуға келісім-шарт жасалды. Сондай-ақ, қазір 300 мың маска бар. Ол ең алдымен тиісті медицина қызметкерлеріне таратылып берілуде. Қазір әрбір 2-3 сағат сайын ауыстырып тұруға 30 мың маска жұмсалып жатыр, -дейді облыстық жұмылдыру басқармасы басшысы.

Қазір әлеуметтік желіні аша қалсаңыз болғаны әрбір әкімдіктердің немесе басқа да басқарма парақшаларына «біздің көшені, біздің елді мекенді неге залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмейді?» деп дүрлігіп жатқан тұрғындар пікіріне сүрінесіз. Бұл сауалдарға Қайратбек Сәрсенбаев: «Қазіргі таңда алдымен халық көп шоғырланатын жерлерді, одан кейін инфекция анықталған ошақтарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Осы кезде «Мерей» шағын ауданын 2-3 реттен залалсыздандырып жүрміз. Алдағы уақытта қала әкімдігі дайындап берген көшелер тізімін әскери бөлім қызметкерлеріне беріп, залалсыздандыру жұмыстарын үздіксіз жүргізетін боламыз» -деді.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *