Қызу тірлік егістік алқабында

0
482

Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Даулетбек АБДИРАСУЛОВ:

Бүгінде көпшілік үшін әлемді жаулаған пандемиядан өзге тақырыптар таңсық болғаны жасырын емес. Бірнеше жұмыс орындары онлайн жүйеге көшіп, облыс түгілі ел тұрғындарының күнделікті қызметтік жоспарларында біраз өзгерістер орын алды. Алайда, кеңседен тыс жұмыс істейтін сала мамандарына бұл тосқауыл болмасы да айқын. Мәселен, Қызылорда қалалық ауыл шаруашылық бөлімі көктемгі дала жұмыстарын жоспарға сәйкес жүзеге асыруда. Соқасын сайлап, техникасын майлап қойған шаруалар тиісті жұмыстарды дер кезінде орындауда. Бөлім басшысы Даулетбек Абдирасулов сұхбат барысында осылай деді.

— Даулетбек Жәнібекұлы, наурыз айының басында қала әкімінің төрағалығымен өткен аппарат отырысында ауыл шаруашылық бөлімінің жоспарларын баяндадыңыз. Көктемгі дала жұмыстары сол жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда ма? Қанша гектар жерге егін егілді және тұрғындар тұтынатын өнімдерді егу жұмыстары қалай орындалуда?

— Ауыл шаруашылығы бөлімінің жұмысы кедергісіз, әрі уақытылы жүзеге асырылуда. Осы жылы қалаға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымының барлық нысандары бойынша 7395 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдарын егу жоспарланды. Оның ішінде, 3033 гектары күріш, 20 гектар жаздық арпа, 292 гектар жаздық бидай, 70 гектар күздік бидай, 5 гектар сұлы, 40 гектары мақсары, 356 гектар жаңа жоңышқа, 600 гектар картоп, 1086 гектар көкөніс, 877гектар бақша дақылдары егіледі.

— Дәл қазіргі уақытта қай дақылдарды егу жұмыстары жүзеге асуда?

— Арпа, сұлы және мақсары дақылдары егілуде.Мәселен, 20 гектар жаздық арпа, 5 гектар сұлы, 40 гектар мақсары дақылдарын егу жұмыстары жүргізілуде.Сондай- ақ,1016 гектар ескі жоңышқа, 70 гектар күздік бидай тырмаланса, 292 гектар жаздық және 356 гектар жаңа жоңышқа шөбі егілді. Айта кетерлігі, бүгінгі күнге дейін 3576,0 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынды. Егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемдерін минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету 3576 тоннаны құрады. Нақтырағы, 2982 тонна азотты және 594тоннасы фосфорлы тыңайтқыш болып табылады. Бүгінде отандық тыңайтқыш өндірушілер мен шетелден тыңайтқыш жеткізуші мекемелер арасында келісім шарт құрылуда.

— Биыл су тапшылығы сезіледі ме? Бұл мәселенің алдын алу жұмыстары қалай жүргізілуде?

— Су тапшылығының алдын алу мақсатында қала әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі және «ҚызылордаСушар» өндірістік учаскесімен бірлесіп, шаралар бекітілді. Сондай-ақ, наурыз айының басында қала әкімінің орынбасары Б.Нұридиновтың төрағалығымен қалаға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдарымен осы мәселенің алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Су жүйелерін тазарту жұмыстары бойынша шаруашылық аралық каналдар 81,6 мың текше метр, ішкі шаруашылық каналдары 12,0 мың текше метр болып белгіленген болатын. Бүгінде оның 78.8 мың текше метрі тазаланды.

— Көктемгі дала жұмыстарына қажеттінің бірі – жанар-жағар май. Егістік алқабындағы жоспардың орындалуы үшін оның мөлшері жеткілікті ме?

— Биылғы егін егу науқанына барлығы 705 тонна жанармай қажет. Қалаға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдарына дизель отынын жеткізіп беруші операторлармен келісім-шартқа отырған болатынбыз. Соған сәйкес, 2 ауыл шаруашылық құрылымы үшін барлығы 20 тонна дизель жеткізілуі тиіс. Әзірге 8 тонна дизель отынын пайдаландық. Бұл жанармай түрін таратуы тиіс мекемелер ауыл шаруашылығы құрылымдарына 170 тенгеден жеткізуде.

— Ауыл шаруашылық жұмыстарына тиесілі техникаларға тоқталып өтіңізші… Қазіргі егін жұмыстарына қанша техника жұмылдырылуда?

— Көктемгі дала жұмыстарына қажетті техникалар жеткілікті. Мәселен, биылғы егістікке 74 трактор, 21 тіркеме құралдары, 21 соқа, 9 дән сепкіш және 2 жүк көліктері шаруаның оңтайлы жүзеге асуы үшін пайдаланылуда. Ол техникалардың барлығы ағымдағы жөндеулерден өткізіліп, көктемгі дала жұмыстарына жіберілді.

— Білуімше, бөлім басшылығына дейін ауыл шаруашылығы саласында бірқатар қызметтерді атқардыңыз. Мал шаруашылығын ілгерілету жолында да өз үлесіңізді қостыңыз. Бүгінде мамандық таңдайтын жасөспірімдер тарапынан бұл салаға қызығушылықтың бәсеңдеуі де жасырын емес. Оқығанның өзінде кейін басқа салада қызмет атқарып жүргендері де бар. Себеп неде деп ойлайсыз?

— Сұрағыңыз орынды, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласына жастардың қызуғушылығы төмен. Мемлекетіміз жастарды ауыл шаруашылығы саласына тарту мақсатында бірқатар көмектер көрсетуде. Мәселен, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына тоқталайық. Қызылорда қаласы бойынша2019 жылға тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 55 маманға 196 млн 950,0 мың теңге, 1 маманға 3 787 500 теңге және көтерме жәрдемақыға 109 маманға 19 млн 265,8 мың, 1 маманға 176 750 теңге қаржы бөлінген. 2020 жылға тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 83 маманға 330 050 мың. теңге , 1 маманға 3 976 500 теңге және көтерме жәрдемақыға 110 маманға 29161 мың. теңге 1 маманға 176 750 теңге қаржы бөлінген. Аталған қаржыны игеру облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қаржылық жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың маусым-қыркүйек айларына жоспарланған.

— Қызылорда қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің жоспарлы жұмысына бүгінде қанша маман үлес қосуда?

— Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі» КММ-де барлығы 10 маман жұмыс жасайды. Қазіргі таңда Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысының негізінде өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және инфекцияның таралуын алдын алу үшін бөлім мамандарының 70 пайызы қашықтықтан жұмыс істеу режимі бойынша жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар,өңіріміздің тұрғындарын қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында қалаға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдары бойынша толық құрамда жұмыс жасауда.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан А.КАЛЫМЖАНҚЫЗЫ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here