QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Мұғалім де, оқушы да риза?..

Автор:QAA.kz

Апр 9, 2020

Қауіпсіздік қаперге алынып, бастапқыда еліміздің оқушыларына онлайн негізде білім беру жүйесі жоспарланған болатын. Алайда, сәуір айының басында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің жаңа бұйрығы шықты. Демек, орта білім беру ұйымдарында қашықтықтан білім беру технологиялары негізінде оқу процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар бекітілді. Жаңа ұсынымға сәйкес жалпы білім беретін мектептердің мектепалды сыныптары мен топтарының, 1-11 сынып оқушылары мен тәрбиеленушілері үшін қашықтықтан оқыту үш тәсілмен жүзеге асырылуда.

1) Мұғалім өз бетінше интернет-платформаларды қолдану арқылы;

2) Телевизиялық сабақтар, оның ішінде радиодағы аудиосабақ бойынша;

3) Алдын ала дайындалған сабақ жоспары арқылы қағаз тасымалдағышта жүргізіледі.

Қалалық білім бөліміне қарасты 54 мектептегі 63305 оқушы осы әдістер арқылы білім алуда.

Қазіргі таңда барлық оқушы толық қашықтықтан оқытумен қамтылып отыр.Мұғалімдер оқушыларға теледидардағы өткізілген сабаққа қатысты тапсырмаларды және кері байланысты тиісінше мүмкіндігіне қарай қолжетімді байланыс түрі арқылы жұмыстарды үйлестіруде. Мектептерде сабақ жоспарына қатысты нақты уақыт белгіленбеген, яғни оқушылар мүмкіндігіне қарай тапсырмаларды орындайды. Бүгінгі күні қашықтықтан оқытуға оқушылар белсенділігі жоғарғы деңгейде. Осы тұста ата-аналарға оқу процесінің өз денгейінде жүргізілуіне үлкен қолдау білдіргендеріне шынайы ризашылығымызды білдіреміз,- деді қалалық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Парасат Жаңабергенов.

Қала бойынша салаға жауапты маманның айтуына дәлел болсын деп, біз қала орталығында орналасқан мектептің ұстазы мен оқушысының арасындағы байланысты бақылауға алдық және олардың пікірін де білдік.

Әли Мүсілімов атындағы 101 мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі Салтанат Оразова:

— Мұғалімдер мен оқушылардың қауіпсіздігі үшін қашықтықтан оқу жүйесі қолданысқа еңгізілді. Індетке байланысты білім жүйесінің жаңа әдістерін негізге алып, 4-тоқсанға тиесілі жоспар бойынша тақырыптар оқытылуда. Біз ұстаздар оқушыларда бар құралдар арқылы байланысқа шығып, білімдерін жетілдіруге үздіксіз жұмыс жасаудамыз. Сондай-ақ, интернет платформалар мен телеарналардағы бейнесабақтар арқылы танымдық деңгейлерін кеңейтуге мүмкіндік қарастырылған. Әлеуметтік желі арқылы тақырыптар түсіндіріліп, тапсырмалар орындалуда. Бұл негізде біз оқушымен кері байланысты күшейттік. Әр әдістің бір артықшылығы болады ғой. Сыныпта ашыла қоймайтын тұйық мінезді оқушылар желі арқылы тақырып төңірегіндегі қосымша сауалдарын үздіксіз жіберуде.

Әли Мүсілімов атындағы 101 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Ахметова Бағлан:

Мектепте оқытылуы тиіс сабақтарды карантин режиміне байланысты үйде жалғастырудамыз. Интернет платформалар арқылы білім алудың жаңа әдісін тез меңгердік. Мұғалімдер телеарнадағы қосымша сабақтардың сілтемелерін дер кезінде жібереді. Сол арқылы немесе ұстаздармен байланысып түсінбеген тақырыптарды жетілдіре аламыз. Бүгінде біз «Дарын.online» және «Bilimland» платформаларын үздіксіз қолданамыз. Осы тұрғыдан денсаулығымыз бен қауіпсіздігімізді ойлап, осындай шешім қабылдаған мамандарға Қызылорда қаласындағы оқушылардың атынан алғыс жаудырамын.

Айта кетейік, 6 сәуірден бастап IV оқу тоқсанында қашықтықтан оқыту басталды. Ұстаздардың тапсырмасынан өзге «Балапан» және «Еларна» телеарналарында бекітілгенкесте бойынша барлық сыныптарға сабақтар жүргізілуде.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *