Үміт ақталмады. Аудан түгілі ауыл басқарып көрмесе де мықты әкім болар деп үміт еттік…
Қаншама жылдар салық, қаржы саласында басшылықта жүрген қаржыгер ретінде облыстың шығысын да, кірісін де көбейтер деп үміт еттік…
Көпбалалы отбасынан шыққаны бір бөлек, өзі де көп балалы отбасы иесі болғандықтан көп балалы отбасы көп Қызылорданың көп мәселесін көпке ұзартпай оң шешер деп үміт еттік. Бәрінен де біз оқ пен оттың арасында қан кештік деп көкірек ұрып, әділдік сұрайтын Ауған соғысына қатысқан арамызда көп емес соғыс көрген жауынгерлердің бірі ретінде қолы таза, жүрегі адал болар деп үміт еттік…
Ең аржағы әкесі Досмайыл елге сыйлы, қызметте абыройлы жақсы адам болған еді деп үміт еттік.
Бір өзіне деген көп үмітпен көп іс тындырдық. Онымен бірге Арыс қайғысына ортақтастық, Түркістан моншасын салдық, қыс қаһарына қарамай ауыл-ауылды аралап, ел жағдайымен таныстық. Тіпті, әлдебір сайттың жариялаған рейтингісінде көш басына шығару үшін ауыл-ауыл, аудан-аудан болып онлайн дауыс жинадық…
Бұдан біршама уақыт бұрын Үкіметтің кеңейтілген мәжілісін өткізген Президент Қ.Тоқаев “Әзірге ешкімге сөгіс те бермеймін. Бірақ, көктемде кейбіреулердің мәселесін шешемін” деп елге көктемді күттіріп қойды.
Күткен көктем де келді. Тіпті алғашқы бір айы аяқталуға да таяп қалған. Жер-жерден коронавирус деген пәле шығып жатқанда Қызылордаға ол індеттің келмегеніне бір үміт, бір күмәнмен қарап отырғанда кенеттен жайсыз хабар шықты.
Қызылордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жедел басқармасы басшысының міндетін атқарушы ұсталды.
«Өз қатарының тазалығын қамтамасыз ету саясатын іске асыру мақсатында, ағымдағы жылдың 20 наурызында сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ішкі қауіпсіздік департаменті 3 басқарма уақытша бастығына қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Ол аса ірі көлемде пара алды деген күдікке ілініп, қазіргі уақытта ұсталып, Қызылордадағы МТБ-ға орналастырылды. (Ресми ақпарат көзінен).
Арада жүрген Алпамыс дегеннің 400 мың доллардың 100 мыңын өзіне қалдырып қалғанын әлгіге беруге әрекеттенгенінен-ақ жұрт жүрегі зырқ ете қалды. Астана сияқты ірі мегаполистерге 400 мың доллар деген дым емес шығар, ал бірақ Қызылорда үшін “түйені түгімен” жұтқанмен бірдей. Әліптің артын баққан жұрт араға бір-екі күн салып облыс әкімінің қамауға алынғанын бір-ақ білді.
27 наурызда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Әзірге бұл мәлімет ресми түрде расталып, не жоққа шығарылған жоқ.
Саясаткер Ербол Еділовтің өзінің Telegram арнасында кейбір дереккөздердің дерегіне сүйене отырып жазуынша, жемқорлықпен күресушілер әкімді ғана емес, оның орынбасарын, сондай-ақ өңір басшысына туыс болып келетін екі кәсіпкерді де ұстаған. (Ресми ақпарат көзінен).
Не айтарға білмеген жұрт үшін дәл сол сәтте дәл осы жайсыз хабардан гөрі коронавирустың Қызылордаға келгені дұрыс еді. “Өлімнен ұят күшті” дегендей коронавирустан ұят, намыс күшті болды.
Бәрінен де қиыны, бюджеттің ақшасын бәлен млрд-тап жымқырғандарды, тендерлерден 30 пайыздан сыйақы алғандарды, портретін аукционда бәлен млн-ға сатқандарды естіп үйренген жұртқа Қызылорда облысы әкімінің Арыс қаласындағы қайғылы жағдайға орай баспанасынан, күнкөрісінен айрылғандардың қамы үшін деп мұғалімі, дәрігері, басшы, қосшысы, бизнесмен басқасы бар елден жиналған қайырымдылық ақшасын қолды еткені ұят болды. Бәлкім отбасындағы көпбаланың қамы үшін деп халық қамын құрбан етті… Не болғанда да сыбайлас жемқорлық тарихында бұрын болмаған жаманат елге жайылды.
Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақов үй қамаққа алынды.
Ресми мәліметке сәйкес, 2020 жылы 28 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда қаласының мамандырылған тергеу сотына өтініш хат жолдап, Қызылорда облысының әкімі Ысқақовқа қатысты үй қамаққа алу шарасын қолдануды сұраған. Оған ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша айып тағылып отыр.
«Күдікті Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақовқа қатысты «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішхат қанағаттандырылды. Үйқамақтың мерзімі 2 (екі) айға – 26.03.2020 жылы сағат 22:28-ден бастап 26.05.2020 жылы сағат 22:28-ге дейін белгіленген. Қаулы заңды күшіне енген жоқ», — дейді сот мамандары. (Ресми ақпарат көзінен).
Енді біреулер үшін “соңында мықты команда, артында нақты тіреуіші болмаса әкім болып керегі жоқ”. Көңілі қалған жұрт өз-өзін осылай жұбатты. Тіпті біреулер аймақтың оңтүстік пен солтүстігі арасындағы айқас деп те арандатты.
Бір қызығы “әлдебір әкім ұсталыпты десе” айызы қанып қалатын табашыл жұрт бұл жолы оны әлдебір себептермен ақтап алуға тырысты.
P.S. “Әкесі оның жақсы адам…” деп жақауратқан жұрт жақсы әкенің баласының да жақсылығы туралы жақ аша алмай қалды…