Қала қақпалары талапқа сай ма?

0
185

Елімізде Президенттің жарлығымен төтенше жағдай жарияланғалы, мекемелерде тиісті тапсырмалар мен талаптардың орындалуына мән берілуі керек. Осы ұстанымға бей-жай қарамаған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халық көп шоғырланатын орындарды екі күн қатарынан аралады. Қала аумағында сақтық шаралардың жүзеге асырылуын бақылауға алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қаперден шығармаған қала басшысы екінші күнгі жоспарына сәйкес, теміржол вокзалы мен автокозалға, содан кейін әуежайға барды. 

Алдымен вокзалдың ішін аралап, сағат сайын тазалық жұмыстарына мән беру керек деді. Қызылорда қаласы бойынша теміржол вокзалының аумағына жауапты Ибраким Басықараевқа антисептикалық құралдардың санын арттырып, күн райы келісті уақытта жұртшылықты бір нысан ішіне жинамай, кезекті сыртта күту керектігін айтты. Осы мақсатта халыққа түсіндірме жұмыстарын күшейту керектігін басшыға тікелей жүктеді. Ал облыс орталығында орналасқан теміржол вокзалының сыртқы келбеті көңіл қуантарлықтай деңгейде еместігіне қала басшысы куә болып, нысан сыртын әктеп, сырлауға арналған жұмыстарды бітіруге 3 күн уақыт берді. Онымен қоса, теміржолдың айналасын қоқыстардан тазартып, абаттандыру жұмыстарын қолға алу керектігін де тапсырды. Жаяу жүргіншілерге арналған жол да ретке келтірілсін деген қала басшысы бұл қызылордалықтар үшін үлкен сын екенін тілге тиек етті.  

Әкім аралауынан соң…

P.S: Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев күрделі жөндеу жұмыстарына дейін теміржол вокзалының сыртқы келбетін және маңын ретке келтіруді тапсырды. Вокзал басшысы аталған тапсырманы орындап, ғимарат сыртын әрлеу жұмыстарын атқарған. Сондай-ақ, теміржолдың айналасын қоқыстардан тазартқан. Тапсырмаға бей-жай қарамаған басшылық тіпті төтенше жағдай уақытындағы сақтық шараларын да күшейткен. Бірі өтіп жатқан жолаушылардың температурасын өлшесе, енді бірі еденді сағат сайын жуып әлек. Антисептикпен де қамтамасыз етілген. Дегенмен, бұрында халық көп шоғырланатын нысан ішінен ығы-жығы қозғалысты көрмейсің. Әкім тапсырмасын қаншалықты ескергенін бақылау мақсатында аталған ғимаратқа арнайы бас сұққанда біз аталған мекеме қызметкерлерінің жауапкершіліктеріне куә болдық.

-Теміржол вокзалы қаланың қақпасы саналады. Күніне 5000-ға жуық адам өтеді. Сырттан келген қонақтар мен вокзал бағытымен өткен жолаушылар тазалыққа қарап қаланың бейнесіне баға береді. Жөндеу жұмыстары басталғанша, ғимараттың сыртын тез арада ретке келтіріп, қалаға қарасты темір жолдардың айналасындағы қоқыстарды тазарту керек -деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев. 

   Әкімнің мұнан кейінгі бағыты қала орталығында орналасқан автовокзал болды. Мұнда да дезинфекциялық талаптардың сақталуы ескертіліп, сағат сайын тазалық жұмыстардың жүргізілу керектігі айтылды. Сондай-ақ, ғимарат ішіндегі ауаны жиі желдетуді жүктеді. Өз сөзінде қала басшысы  бағытын күткен жолашыларға төтенше жағдай кезінде нысан ішінде емес, автовокзал алдындағы саябақта күтудің қолайлы екенін айтып өтті. Автовокзал басшысының айтуынша, 19 наурыздан бастап мұндағы қозғалыс азайған. Алайда, Нұрлыбек Машбекұлы қалаға келіп-кетушілердің саны азайғанымен, олар міндетті түрде жалпы тексерістен өту керек деді. 

-Нұр-Сұлтан,  Алматы және өзге де облыстардан келетін жолаушылардың тізіміне сәйкес денсаулықтарын тексерістен өткізуді қолға алу керек. (Аталған екі облыстың аумағы толық жабылғанға дейінгі аралау барысындағы тапсырма) Жолаушыларды іздестіру барысында олар қалаға келгеннен кейін  байланыста болған адамдарды да бақылауға алып, емхана қызметкерлеріне жолықтыру керек — деді қала әкімі. 

Адамдар көп шоғырланып, үздіксіз қозғалыста болатын нысандардың бірі – әуежай. Мұнда 22-наурыздан бастап күнделікті әуе рейстері тоқтатылады. Оған дейін әуежайға бас сұққан жолаушылар антисептикалық құралдармен қамтамасыз етілген. Тиісті тазалық жұмыстары атқарылғанымен, қала басшысы ғимарат алдындағы ағаштардың кесілуіне қатысты рұқсат қағазын сұрады. Ұшақтардың ұшып-қонуы үшін ағаш бұталарына ұя салған құстар кедергі келтіретінін атап өткен «Қорқыт Ата» әуежайы АҚ директоры Константин Нидің бұл қадамы қала басшысы тексерістен өтетінін тілге тиек етті. Өйткені, қалаға қарасты кей мекеме басшылары көгалдандыру жұмыстарын қолға алудың орнына, ағаштарды кесуге рұқсатсыз шешім қабылдаған. Осыған байланысты, зерделеу жұмыстарын қолға алуды Нәлібаев орынбасарларына жүктеді. 

А.Әлиарыстан

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here