“Жағымсыз иістi жеңеміз”

0
213

  Қала тұрғындары жағымсыз иістен енді біржола арылмақ. Кәріз насостық станцияларын аралаған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осылай деп сендірді. Бұл бүгінде тұрғындардың базынасын тыңдаған журналистер үшін де маңызды мәселенің бір парасына айналып та үлгерген. Жергілікті халық ғана емес, қалаға ат басын бұрған қонақтар да кәріз насостық станцияларына тиесілі болған жағымсыз иіске қатысты кері пікірлерін айтатыны жасырын емес. Әсілінде, танауға тірелген «жағымсыз» иіс тек біздің қала тұрғындары үшін ғана өзекті емес-ті…

Тұрғындардың талабын тыңдаған Нәлібаев қала ішіндегі кәріз насостық станцияларын аралады. Оның айтуынша,  аталған бекеттерге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2016 жылы жоба жасалып, «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Сондай-ақ, жоспар бойынша маусымда бітуі тиіс жұмыс мамыр айында аяқталып, іске қосылады деп күтілуде екен.

-Қала бойынша 62 кәріз насостық станциялар болса, оның 8-і соңғы жылдары жаңадан салынған. Көбі кеңес үкіметінде бой көтерген. 2017 жылы республикалық бюджеттен 200 млн теңге қаржы бөлінді. 2018 жылы 500 млн теңге қаржы қаралса, өткен жылы қалған қаражаты бөлінген болатын. Қазіргі таңда 2 млрд теңге бөлінді. Енді жуырда облыстық бюджеттен 300 млн теңге қаржы бөлінетін болады,-деген қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы келер жылы қызылордалықтар кәріз насостық станциялардан шығатын жағымсыз иістерден толық айығады деп сендірді. 

Аталған станцияларға қатысты жобалар еуропалық стандарттарға сай жаңаруда. Қондырғылардың барлығы Швейцариядан арнайы тапсырыспен әкелінген. Жобаның бірінші кезеңі бойынша 23 КНС-ке қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, екінші кезеңде қалған 31-не назар аударылатын көрінеді. Нәтижесінде, келер жылы қызылордалық тұрғындар табиғаттың таза ауасын жұтпақ… 

Бұған дейін тек ағымдағы жөндеуден өткен кәріз насостық станцияларына қайта жаңғырту жұмыстарының маңыздылығы басым деген директор Марат Жәмиев өзі басқаратын «Қызылорда су жүйесі» КММ–нің жұмысшылары күні-түні еңбектенетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, қала халқы мен мекеме үшін маңызды жобаның тиімді тұстарын да атап өтті. 

«Қызылордада су жүйесі» КММ директоры Марат Жәмиев:

-Энергоүнемдегіш «Флюгт» маркалы насос қондырғылары орнатылды. КНС-тың қабылдау камераларына қатты қалдықтарды ұнтайтын автоматты қондырғылар қарастырылған. Сондай-ақ, вентиляция жүйелерінде газоанализаторлары автоматты түрде қосылып, филтрлері көміртек тотығы газдарын атмосфераға тазартып шығарады. 

Осы жоспар негізінде жүзеге асырылған жоба нәтижесінде кәріз насостық станциялары өздігінен жұмыс жасаса, кезекті машинист жұмысшыларын қажет етпейді. Сондай-ақ, «Скада» жүйесі арқылы жұмыс жасаған орталық диспетчер бөліміне жіберіліп отырады. Тұрғындар күткен тиімді әдістің жемісін берер уақыт жақындап, жұмыстары бітуге шақ қалды. 

Мұнан соң, қала басшысының аялдамасы «Наурыз» саяжайында орналасқан  ауыз су жинау қоймасы болды. Бас мердігер «Мелиоратор» ЖШС мен бас жобалаушы «Сыр Жоба» ЖШС бірлесіп атқарған жұмыстың құрылысы 2019 жылдың желтоқсан айында толық аяқталған. «Қызылорда қаласының құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының айтуы бойынша, мамыр айына дейін қалған 5 елді мекенге тиесілі су қоймаларының жұмыстары аяқталады. 

— «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында бастау алған жоба негізінде қала бойынша 6 су жинау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Наурыз елді мекеніндегі су жинау қоймасының жұмысы 100 пайыз аяқталды. Қазір халыққа су жеткізу бағытындағы қосымша жұмыстар атқарылуда.          1 айдың көлемінде аяқталса,  елді мекендердің барлығын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеміз деген сенімдеміз. Айта кетейік, мұнда еуропалық үлгіде сапалы құрылғылар әкелінді,- деді қала әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаев. 

Бөлінген қаражатты тиімді игеріп, жұмыстың сапалы орындалуын ескерткен қала басшысы саяжай тұрғындарын толығымен ауыз сумен қамту керектігін атап өтті. 

— 6000-ға жуық тұрғыны бар «Наурызға» тиесілі үйлердің барлығына су есептегіш құралдары орнатылу керек. Жобаға енбей қалған жаңадан қоныстанушылар болса, оларды да ауыз сумен қамту керек,- деген қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бұл сөзін жауаптылар орындайтынын жеткізді. 

А.Әлиарыстан

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here