«Бақытты отбасының» құжаты

0
333

Бір емес талай отбасын толғандырған баспана мәселесі түрлі бағытта шешімін тауып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы үй алып, қоныс тойын тойлап жатқан облыс тұрғындары да аз емес. Мәселен, “Бақытты отбасы” бағдарламасы негізінде былтыр 197 жергілікті тұрғын пәтер алған. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жүзеге асатын бұл бағдарлама арқылы баспаналы болуды көздегендер үшін тағы да бір мүмкіндік бар.

Өзіндік талаптары мен ережелерін ескеріп, тиісті құжаттарды тапсырсаңыз сіз де өз арманыңыздағы үйге қол жеткізіп қалуыңыз бек мүмкін… Баспасөз орталығында өткен жиында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Қызылорда филиалы директорының орынбасары Ильяс Журунов осылай мәлімдеді. 

Бағдарламаға құжат тапсыруға ниеттілердің табыс көлемі күнкөріс шегінің мөлшеріне сәйкес есептелінетін болады. Жеңілдетілген займ алу үшін әр отбасы мүшесіне келетін табыс мөлшері соңғы алты айда ай сайын екі күнкөріс шегінен, яғни, 62 366 теңгеден аспауы қажет. Ал займ мөлшерлемесі бұрынғысынша 10%-дық бастапқы жарнамен жылдық 2%-ды құрайды. Аталмыш бағдарламаға тиесілі бюджет тарапынан бөлінетін лимит мөлшері екі есеге яғни 100 млрд теңгеге ұлғайтылған. Қолжетімді займ осы жылы шамамен 10 000 отбасыға беріледі деп күтілуде.

— Біздің есептеуіміз бойынша, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысқан отбасылар жалпы алғанда 14 000 сәби тәрбиелеп отыр. Бүгінде олардың бәрінің өз үйі, ойын ойнап, сабағына дайындалатын жеке бөлмесі бар. Оның үстіне, мектептері де жап-жақын. Биыл біз осы әлеуметтік маңызы зор бағдарламаны одан әрі жалғастыратын боламыз. Оның несие беру шарттары да толықтай сақталған. Банкке жергілікті әкімдіктен жолдама алған соң хабарласқан жөн,- деген директор орынбасарынан кейін сөз алған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Гүлмира Сансызбайқызы басты талаптар мен тиісті құжаттардың тізімін атады. 

— Бағдарламаға мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған, көпбалалы және толық емес отбасылар қатыса алады. Өтініш берушінің және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің ҚР аумағында меншік құқығында тұрғын үйінің болмауы маңызды. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтың мәртебесі мен тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою санаты көрсетілген ЖАО-ның растауы керек.  Сондай-ақ, еңбек және кәсіпкерлік қызметтен отбасылық жиынтық табыстың болуына айрықша мән берілген жөн. Құжаттар наурыз айының 12-нен 20-сы аралығында қабылданады. 

Айта кетейік, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша құжат тапсырған үміткерлер пәтерді жаңа және қолданыстағы үйлерден ала алады. Керек десеңіз, жер үй сатып алу мүмкіндігі де бар.

А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here