Базардағы базынаға құлақ түрген Нәлібаевтың тапсырмасы

0
122

Әлемді жаулаған індеттің салдарынан біраз дүкендердің жұмыс кестесіне өзгерістер еңгізіліп, сауданың жүргізілу қарқыны баяулады. Әрине, киім-кешек және тұрмыстық өзге де қажеттіліктерді сататын орталықтар болмаса, азық-түлікпен қамтамасыз ететін ірі сауда орындары мен базардағы дүңгіршектер үшін, тіпті жеке дүкендері бар кәсіпкерлер үшін бұл таңсық нәрсе. Өйткені, халық тарапынан күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдеріне сұраныс артпаса, толастаған емес. 

Алдымен, әкім аралаған сауда орындарына ойысайық… Нұрлыбек Нәлібаев ескі базар маңындағы жаңадан бой көтерген “Қорқыт ата” сауда орталығына арнайы барды. Бір ғимараттың әр қабатындағы антисептикалық құралдар мен тазалық жұмыстарын бақылады. Аталған тапсырмалардың ескеріліп, талаптардың орындалуына оң бағасын берді. Алайда, киім-кешектерге бағытталған сауданың бәсендегенін көрген әкім тиімді әдісті сол сәтте таразылады. Яғни, жеке кәсіпкерлермен тілдесе келе, қаладағы барлық сауда орындарының басшылықтарына жалға алатын бутиктердің бағаларына жеңілдік жасауды тапсырды. Егер осы мәселемен жабық болған дүңгіршіктер болса, жалға алушылар тарапынан тиiстi төлемді алмау керектігі ескертілді. Сонымен қатар, сауда орталықтарында бекітілген кесте бойынша жұмыс істеу міндеттелді. 

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев: 

— Қала тұрғындары тарапынан азық-түлік өнімдерінен өзге заттарға сұраныс азайған екен. Осыған орай, қалаға қарасты барлық сауда орындарынан бутиктерді жалға алушылар үшін жеңілдіктер жасау керек. Кәсіпкерлерге де қиын-қыстау кезеңде қолдау білдірген дұрыс. Келушілер саны азайып, сауда көлемі де төмендеген. Осыны ескеріп, мемлекет тарапынан несиелер мен салықтарға да жеңілдіктер қарастырылуда. Менің бұл тапсырмам бақылауда болады”, -деп сөзін қорытындылай бергенде саудагерлердің бірі осы мәселеге базар маңындағы “НұрДина” сауда орталығының басшысы бей-жай қарайтынын жеткізді. Ол жалға алушылар үшін ешқандай жеңілдіктердің қарастырылмайтынын алға тартты. Базардағы саудагердің базынасын тыңдаған әкім бұл мәселені бақылауға алуға қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмасбек Есмахановқа тапсырды. 

— Егер сауда баяғыша жоғары деңгейде болса, тиісті ақшаны төлейді. Әкімнің тапсырмасына сәйкес, жеңілдіктер де қарастырылады. Әр бутиктің жалға алу бағасы көлеміне байланысты есептеледі. Мәселен, 30 мың төлейтін саудагер төтенше жағдай кезінде жарты бағасын төлеуі мүмкін. Әрине, егер сауда деңгейі төмен болса,- деген “Қорқыт ата” сауда үйінің құрылтайшысы Л.Құрбанқызы әкіммен кездесуі барысында осылай деп уәде берген болатын.  

P.S: Араға күндер салып, қала әкімнің тапсырмасын біздер де бақылауға алдық. Жалға алынған бутиктің ақшасын қолға санап беретін күн жақында болмағандықтан, нендей жеңілдіктер жасалып, қандай көмек берілетіні бәймәлім деді саудагерлер. Себебі, артынша “Қорқыт ата” сауда үйінің құрылтайшысы барлық бутик иелеріне бірдей жеңілдіктің қарастырылмайтынын ескерткен көрінеді. Нақты шешімді әлі қабылдамауына орай, саудагерлер уәде берген басшысының сөзінде тұратынына әлі де болса үмітті… 

Нәлібаевтың нұсқауымен қала кәсіпкерлерінің қадамына жауапты Алмасбек Есмахановқа осы мәселені айтып, хабарластық. Мемлекет басшысының шешімін және қала әкімінің тапсырмасын негізге алып, қалаға қарасты жалға берілетін сауда орындары мен базарлардың иелерімен келіссіөздердің жүргізіліп жатқанын алға тартты. Сондай-ақ, Үкімет тарапынан саудагерлер үшін қарастырылып жатқан жеңілдіктердің маңыздылығын түсіндіру барысында сала басшысы төлемді 3 ай көлемінен кешіктіріп төлеуге болатынын жеткізді. Осы тұстан, жалға берушілер мен саудагерлердің арасындағы келісім оң шешімін табады деген сенімдеміз.

 Әкімнің келесі аялдамасы – “Қызылорда” сауда орталығы болды. Аталған сауда үйіндегі қызметкерлер бетпердемен толық қамтылған және дезинфекциялық жұмыстар жасалған. Осы қарқынмен сақтық шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруды талап еткен Нұрлыбек Нәлібаев бағадағы тұрақтылыққа да баса назар аударды. Қала бойынша 5 нүктесі бар аталмыш сауда орталығы тұрғындарды 10 мыңға жуық тауар түрлерімен қамтамасыз етіп келеді. Нысанның құрылтайшысы Ескендір Ержанның айтуы бойынша, соңғы жағдайларға байланысты азық-түлікті артығымен алып жатқан қызылордалықтарды кездестірмеген. 

— Күнделікті қажеттіліктерін алу үшін келетін қала тұрғындарының арасында ажиотаж байқалмайды. Сауда қарқыны жылдамдап, сөредегі өнімдер азайса, біздің дүкендер желісіне тиесілі қоймада артық азық-түліктер сақтаулы. Өнімдердің бағасы өзгеріссіз сатылуда, — деген сауда үйінің құрылтайшысы Ескендір Ержанға қала басшысы төтенше жағдай қарсаңында пайданы емес, елдің қал-ахуалын баста назарға алып, бағаны өсірмеу керектігін ескертті. 

А.Әлиарыстан

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here