QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Баға бабында ма?

Автор:QAA.kz

Мар 24, 2020

Халық тарапынан киім-кешектерді сатып алу деңгейі төмендесе де, дүкен сөрелерін толтырған азық-түлік өнімдеріне сұраныс бұрынғыдан да артқан. Төтенше жағдай уақытында бірі күнделікті тұтынатын өнімдерді артығымен алып жатса, енді бірі шама-шарқына қарайлап сауда жасауда. Сатып алушылар арасында ғана емес, саудагерлер үшін де бұл сәтте әдеттегіден тыс қарбаласқа толы. Біреуі бағаны шамадан тыс шарықтатып қалтаны толтыруды ойласа, енді келесісі “тәуелділікпен” баға тұрақтылығын сақтауда. Айта кетейік, бұл біздің қалада ажиотаж бар деген пікір емес… Тек, “пысықай” кәсіпкерлердің күнделікті әрекетіне бақылау жүргізгендегі түйген ой…

Әйткенмен, кәсіпкерлер мен саудагерлердің айласын асыруға жергілікті әкімдіктегілер дес бермес. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей тапсырмасымен жедел штаб құрылып, бір емес бірнеше сауда нысандарындағы бағаларды бақылауға алды. Бұл мәселемен әкім орынбасары Бектас Нұридинов ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінiң мамандарымен бірлесіп, сауда орталықтарын аралады. Халық жиі тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасын таразылап, тұрақтандыруды қолға алды. Сондай-ақ, нарық бағасынан 10-15 пайызға төмендетіп сатуды жүктеді.

Халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында қала бойынша 26 әлеуметтік дүкен жұмыс жасайды. Мұндағы бір ерекшелік – бір сатып алушыға тауар алу барысында шектеу қарастырылған. Себебі, бір үйдің мүшелері арзан өнімдерді қаптап алса, өзге де тұрғындарға жеткіліксіз болуы ықтимал. Осыны ескерген, жауаптылар әлеумет үшін ашылған дүкендер арқылы тиімді бағамен өнімдерді ұсынып ғана қоймай, халық үшін қолжетімділікті де назардан тыс шығармаған. Игі бастаманы негізге алып, көп тұрғыны бар елді мекендерден де әлеуметтік дүкендердің санын арттыру жоспарлануда.

Бүгінде көпшілік тарапынан талқыға түскен тақырыптардың ең негізгісі де осы баға тұрақтылығы болды. Базардағы, супермаркеттердегі және жеке дүкен сөрелеріндегі сатылып жатқан өнімдердің бағалары әрқалай деседі жұртшылық. Жедел штаб мүшелерінің талабын ескермеген жағдайда, төтенше жағдай мерзіміндегі баға көрсеткішін асқақтатуды ойлаған саудагерлердің әрекеттеріне тиісті шара қолдану керек сыңайлы. Өйткені, Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы айтқандай, төтенше жағдай қарсаңында пайданы емес, елдің қал-ахуалын баста назарға алып, бағаны өсірмеу керек. Осы тапсырмаларды жедел штаб мүшелерінен бөлек, біз де бақылауға алдық. Қала орталығында орналасқан ірі сауда нысанына, жеке кәсіпкерге тиесілі шағын маркетке және әлеуметтік дүкендердің біріне бас сұғып, өнімдерге тиесілі бағалардың шамасына біз де баға қойдық. Зерделеуге алынған үш дүкенде бағалар көрсеткіші үш түрлі. Дегенмен, көпшілік үшін тиімдісі — әлеуметтік дүкен екеніне көз жеткіздік.

Мәселен, “Қызылорда” супермаркетінде: Нан-58; Картоп-165; Сәбіз-122; Пияз – 87; Жұмыртқа-27; Күріш- 205; Өсімдік майы 1л – 438.

Жеке кәсіпкерге тиесілі шағын маркет: Нан-65; Картоп-170; Сәбіз-160; Пияз –130; Жұмыртқа-30; Күріш- 300; Өсімдік майы 1л – 450.

Әлеуметтік дүкен: Нан-55; Картоп-83; Сәбіз-82; Пияз –55; Жұмыртқа-24; Күріш- 200; Өсімдік майы 1л – 425.

Халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасы осылай. Сатып алушы таңдау өз еркіңде дегенмен, саудагерлерге өздігінен бағаларды бекітуге ерік берілмесі айқын. Өйткені, тәртіпке бағынған ел құл болмас…

А.АЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *