Бала туу мезгіл талғамайды…

0
163

Қызылорда облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері

Гүлнар Хамзақызы ЖҰМАШЕВА:

Ана мен бала саулығы – қоғам байлығы. Әсілінде саулықпен қатар демографиялық өсім мемлекет һәм қазақстандықтар үшін маңызды әрі қуантарлық жәйт. Осыған орай, бүгінде жүкті әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсетудің біркелкі үлгісі қалыптасты. Елдегі ірі аймақтарда ғана емес, біздің өңірдегі дәрігерлер де жыл сайын білімдерін шыңдауда. Мақсат – Қызылорда облысындағы ана мен бала денсаулығын, бірінші байлықты қатаң бақылауға алу. Сондай-ақ, дүниеге дені сау ұрпақтың келуіне жағдай жасау. Осы негізде облыстық “Ана мен бала” перинаталдық орталығы жүйелі қызметін жалғастыруда.

— Гүлнар ханым, «Ана мен бала» орталығы бүгінде озық технологиялармен жабдықталып, электрондық ақпараттық жүйемен қамтамасыз етілген және инновациялық жобалар негізінде жұмыс істеу тетіктері толық қарастырылған. Осы аталған жүйелердің жұмыс жасау деңгейі қай сатыда жүзеге асып жатыр?  

— Орталық ашылған уақытта бұл жүйелермен қамтамасыз етілмеген болатын.  Жыл сайынғы еңбектің нәтижесінен болар, бүгінде қажетті құрал-жабдықтармен 92 пайызға қамтылды. Ол республика бойынша өте жақсы көрсеткіш. Жергілікті және республикалық бюджеттен денсаулық саласына әсіресе, ана мен баланың саулығы үшін біраз қаражат бөлінді. Мәселен, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға республика бойынша 6-7 облыста ғана бар шала туылған нәресте көзінің көру қабілетін анықтайтын құрылғы алынды. Бірақ, бізде лазерлік тексеруге бағытталған ота жасалмайды. Алматы қаласындағы көз аурулары институтының мамандарына санитарлық авиация арқылы апарып емдеу жолдары қарастырылған. Осыған орай, тиісті жабдықпен қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау басқармасына арнайы ұсыныс беріліп, құжаттар тапсырылды. Сондай-ақ, біздің орталық тарапынан сұранысқа ие аппараттардың алынуына Болат Өтемұратов және одан өзге де қайырымдылық қорлары септіктіктерін тигізуде. Ал аудандарда ауыр жағдайда дүниеге келген балалар болса, санитарлық авиация арқылы мамандар жеткізіледі. Жақында перинаталдық орталық соңғы үлгідегі фототерапия, кувез сынды жабдықтармен және сәбидің жүрек соғысы мен қан қысымын анықтайтын мониторлармен толықты. Сондай-ақ, нәресте босану бөлімінен басқа бөлімге жел тигізбейтін әрі тұрақты температураны сақтайтын арнайы құрылғымен жеткізіледі. Айта кетерлігі, «Ана мен бала» орталығының салынғанына 5 жыл болды. Осыған орай, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Халықаралық стандарттарға сай болу үшін медициналық талаптар мен жаңалықтарды уақытылы игеріп отыру керекпіз. Осы мақсатта жөндеу жұмыстары барысында жан сақтау бөлімі стандартқа сай жаңартылып, инфекция болмау үшін құйылмалы еден жасалды. Тіпті, босанған аналармен кездесу үшін келген туыстары орталыққа инфекция кіргізбес үшін, өздігінен ашылып жабылатын есіктер қойылды. Бұл жағдайдың барлығы ана мен баланың саулығы мен қауіпсіздігі үшін керек.

— «Ана мен бала» орталығында көрсетілетін қызмет түрін басқа нысандарға ауыстырып, белгілі бір уақытқа жабуды жиі әдетке айналдырды деген сарындағы әңгімелер желдей есіп жүр. Бұл пікірлерге не дейсіз?

— Иә, сыртқы келбетіне қарап, орталық жаңа әрі, жөндеуді қажеті етпейді  деген пікірлер болды. Нысан сырты жаңа болғанымен, жөндеуден өтпеген 5 жыл перзенхана үшін аз уақыт емес. Неге десеңіз, жылына 11 мыңға жуық босанушылар бар. Демек, көпшілік ортаға тазалық жұмыстары міндетті түрде жасалуы керек. Бұл орталық ашылғалы жасалған алғашқы ағымдағы жөндеу жұмыстары екенін халық ескерген дұрыс. Біз барлық жұмысты заңмен және бұйрықпен атқарамыз. Ежелгі тәртіп бойынша перзентханалар жылына бір мәрте міндетті түрде жөндеу жұмыстары үшін жабылған. Ал бүгінде бөлім бойынша бөліп жасауға болады. Біз бұл әдіспен де ішті жаңалауға ниеттендік. Бірақ, босанған әйелдер шағым айтып, жөндеу жұмыстары қызметкерлердің жұмыс істеулеріне кедергі келтірді. Бояудың иісі босанушылар үшін кері әсерін тигізетіндіктен олардың қауіпсіздігін басты назарға алдық. Жүкті аналар облыстық перинаталдық орталығының ІІ ғимаратына және көп бейінді облыстық аурухананың бір бөліміне түгел көшірілген соң ғана жөндеу жұмыстары жасалды. Босану процесі жүретін нысандарда тазалық және жөндеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілу керек. 

— 80 жылдық тарихы бар шаттық ұясына тиесілі өзекті мәселелер көп пе?

— Осыдан біршама уақыт бұрын қалалық перзентхана 10 жыл бойы апаттық жағдайда қызмет жасады. 2017-2018 жылдары ғана жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ендігі керек жабдық — желдеткіш. Нысан пайдалануға берілген уақытта вентиляциямен тапсырылған болатын. Ауаны тазартатын бұл құрылғы қымбат болғандықтан барлық бөлмені бірдей қамти алмауымыз мүмкін. Бірінші кезекте ота жасалатын бөлімге қажет. Шындығында бұл перзентхана үшін өте қажетті құрал. Орталыққа келушілер саны көп және оларда инфекция бар екенін ескерсек, қауіптің алдын алу үшін тазартылған ауа тиімді.

Сондай-ақ, емдеу әдістері мен аппараттар үздіксіз жаңару үстінде. Ал бұл тұрғыдан мамандарымыз білімдерін жетілдіріп отыру керек. Талап бойынша мекеме қызметкерлері 5 жылда бір рет оқуға міндеттелген. Бірақ, біз шеберлік сабақтары мен семинарларды жиі өткіземіз. Күн сайын жаңарып жатқан технологияларды меңгеру үшін оқу орталығын аштық. Сонымен қатар, бізде мамандарға шет елдерге шығып тәжірибе алмасуға да мүмкіндіктер қарастырылған. Бүгінге дейін дәрігерлеріміз Корея, Москва, Екатеринбург, Нидерландия, Австрия және одан өзге де елдерге барып оқып келді. Маман тапшылығына келер болсам, соңғы 2 жылда 16-17 дәрігер келіп қатарымыз толықты. Акушер-гинекологтар жеткілікті. Неонотолог және анестезиолог-реаниматологтар тапшы. Бір емес екі адамның өміріне жауапты қызмет болған соң шығар, осы саланың маманы атануға көбісі жүрексінетіні жасырын емес. Екі дәрігеріміз Алматы қаласында білімдерін жетілдіруде. Оқу аяқталған соң, біздің орталыққа келіп жұмыс істейді деп күтілуде. 

— Дүниеге дені сау ұрпақты әкелу үшін алдымен ананың денсаулығы жақсы болғаны ләзім. Алайда, жас аналардың саламатты өмір салтына бей-жай қараулары қынжылтпай қоймасы анық. Бұл мәселеге қатысты қандай алып-қосарыңыз бар? 

— Келіншектердің өз денсаулықтарына немқұрайлы қарап, жауапкершілікті сезінбеулеріне  күнделікті куә боламыз. Жан сақтау бөлімінде жатса да, үйіне шығуға сұранатындар көп. Өзі ауыр жағдайда болғанына қарамастан, емді тоқтатып неліктен перзентханадан шығуға асығатындарын түсінбеймін. Осыдан-ақ біле беріңіз. Біз ол науқастың анализдік талдауына, монитордағы көрсеткішіне қараймыз. Қан қысымы көтеріліп жатса да, жағдайлары жақсы екенін жеткізеді. Қыздары жан сақтау бөліміне түссе, аналары себебін сұрап әлек болады. Керісінше, “қызыңыздың денсаулығына ертерек неліктен мән бермегенсіз?” деп мен сауал қоямын. Әр ана өз қызының болашақ ана екенін ескертіп, денінің саулығына көз жеткізу керек. Қыз баланың ішетін асынан бөлек, киетін киімі мен жүріс-тұрысына дейін ден қойған жөн. Жасыратыны жоқ, бүгінде қыздардың басым көпшілігі желең киінеді. Ол денсаулыққа әсер етпей қоймасы анық. Тағы айта кетерім, жасөспірім кезде балаға “джинсы” шалбарларды кигізбеуге кеңес беремін. Енді өсіп келе жатқан организм үшін ол аса қауіпті киім. Үнемі тексеріліп, емделіп, дәрумендерді уақытылы тұтынған қыз-келіншектердің денсаулықтары жақсы болатыны айқын. Былтыр гемоглобині 37-ні көрсеткен жас ана босанды. Қалыпты жағдайда ол көрсеткіш 137-140 болуы керек. Егер көпбалалы ана болса түсінікті, бірінші босануда бұл қауіпті. Білікті дәрігерлердің сеп болуымен баласын аман-сау қолына алды. Соның өзінде ол келіншек ауданына кеткісі келді. Біз өз тарапымыздан міндетімізді атқарып, уақытылы ем алу керектігін түсіндірдік. Жұртшылық қаназдыққа да немқұрайлы қарайды. Ол дұрыс емес. Өйткені, анемиямен ауырған ананың дүниеге келген сәбиіне оттегі жетіспей, аурушаң болады. Демек, ананың денсаулығындағы ақаулар балаға тікелей әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Менің кеңесім болсын, жүктілік кезінде әйелдер көпшілік жиналатын жиындарға және тойларға бармаған дұрыс. Көпшілік бар жерде инфекция болады. Ол болашақ анаға ауа арқылы жұғады. Сондай-ақ, 1 жасқа дейінгі сәт те бала үшін маңызды кезең. Ешқайда шықпай, үйде отыр деген сөз емес. Таза ауамен тыныстап, өзіне көңіл бөлу керек. Қызылорда облысы бойынша босанушылар арасында қаназдық пен бүйрек ауруы белең алып тұр. 

Бүгінде қоғамда маңызды тағы бір мәселе бар… Бір үйдің ерке қызы өзге үйге ұзатылғанда оның әйел, келін ретіндегі міндеттері де артады. Сол үйге бойын үйрету үшін біраз уақытты талап етеді. Кейін жүкті болып, аналардың қатарына қосылады. Аздаған уақытта қыздың басында бірнеше өзгеріс болады. Сондай сәттерде барған үйіндегі жақындары қолдау білдіріп, шынайы сыйластық танытқаны абзал. Келін болғандықтан ол өз міндетін білу керек деген қатал тәртіп пен көзқараста болмау керек. Жүкті болған уақыттарда да психологиялық тұрғыдан қысым жасамаған жөн. Күйеуі арақтан көз ашпай, енесінен күнде орынсыз сөз естіп жүрген келіндерді көріп жүрміз. Оларға қатаң тәртіппен емес, шынайы қамқорлық көрсеткен отбасыларда дені сау балалар дүниеге келетінін естен шығармаған абзал.

— Бұл тұрғыдан ананың ғана емес дәрігердің де біліктілігі маңызды. Екі адамның өміріне жауапты болуы тиіс мамандарға күрделі қызметті сеніп тапсырмас бұрын алдымен неге мән беріп, қандай қағидаға сүйенесіз?

— Біздің міндет – ана мен баланы бөліп жармай, саулығына бірдей жауап беру. Демек, соған сай жауапкершілік өте жоғары болуы заңдылық. Қызметкерлеріме жалған сөйлемеуге талап қоямын. Егер білместікпен шалыс басқан болса, кінәсін сол сәтте мойындау керек. Өйткені, ол қателікті уақытылы орнына келтіру керекпіз. Аса тәжірибелі болмаса да өз мамандығына деген құлшыныс жоғары болуы маңызды. Ынталы болса, біліктілік әр адамда жұмыс істеу арқылы жетіледі. Саласына сүйіспеншілікпен қарап, өзіне майталман маман боламын деген талапты қойса білімді дәрігерлердің қатары толығады. Бүгінде облыстық перинаталдық орталыққа қарасты 750 қызметкер бар. 

— Қызылорда облысы бойынша бала туу көрсеткіші қандай деңгейде?

— Аналарымыз күнкөрістің қамымен шауып жүрген 90-шы жылдары бала туу көрсеткіші тікелей экономикамен байланысты болды. Қазіргі босанушылардың саны сол кездерде дүниеге келген қыздардың аз болуымен сәйкес келеді. Соған қарамастан облыста бала туу көрсеткіші қуантарлық деңгейде. Республика бойынша 3 және 5 орындарда тұрмыз. 

— Перзентхананы 16 жылдан аса уақыт басқарып келесіз. Бұл аз уақыт емес. Сыры — сәттілікте ме, әлде біліктілікте ме? 

— Біліктілік шығар… Одан кейін жауапкершілік бар. Менің ата-анам ұстаздар. Көпбалалы отбасынан шықтым. Әкем мен анам берілген тапсырманы уақытылы, әрі жоғары деңгейде атқаруға, өздігімізден еңбектенуге үйретті. Бүгінде мен де бұл қағиданы қызметкерлерімнен талап етемін. Осы саланы игеріп, маманы атану үшін бастапқыда кіші медициналық қызметкер атандым. Ауылда жұмысшы да болып, артынша оқуға түстім. Ақтөбедегі ауылымда бастапқы 3 жылда құжат тапсырғанмен, оқуға өздігінен 4-ші жылы түсті деп мені әлі күнге дейін үлгі ретінде айтады екен. Кейін Қызылорда қаласындағы емханалардың бірінде 9 жыл, облыстық денсаулық сақтау басқармасында 6 жыл қатарынан акушер-гинеколог қызметтерін атқардым. Одан кейінгі қадамым перзентхана… 

— Бір кездері қалалық мәслихат депутаттығын осы қызметіңізбен қатар алып жүрдіңіз. Қоғамдық жұмыстарда да жиі төбе көрсетесіз. Түздегі қызметіңізден бөлек, үйдегі міндетіңіз бар. Жалпы, күнделікті тірліктерге қалай үлгересіз?

— Жұмыстағы және үйдегі өзіме жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырысып жүрмін. Бастысы, кез-келген жұмыс жақсы нәтижесін бергені абзал. Реті келсе түскі үзіліс уақытында жолдасымның асын әзірлеп беремін. Ол үшін демалыс күндері апта бойына пісіретін тағамдарымды алдын ала жоспарлаймын. Сондай-ақ, оның киімінің тазалығына мән беріп, бала-шағамыздың да жағдайын жасап үлгеремін. Мен жұмыстан кешігіп келсем, жолдасым оған түсіністікпен қарайды. Қызметіме жанашырлық танытып, облыстағы аналар мен балалардың денсаулығы үшін алаңдап отырады. Екеуміздің сөзіміз бен ойымыз әркез үндеседі. Жасыратыны жоқ, бұл салада қызмет жасайтын көп отбасылардың ажырасып кететінін статистикалық көрсеткіш дәлелдеуде. Мезгілсіз қызмет істеуге жақындары рұқсат етпейтіндері де бар. Өйткені, босану процессі мезгіл талғамайды. 

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here