Қазақ жерінің қызғалдағы…

0
128

Жұмақ бағын хош иісіне бөлеп, ғажайып сұлулығымен жайнатқан гүлдерді адамзатты қайғы-мұңнан арылту үшін жаратушы бір замандарда жерге тастаған екен. Сол гүлдердің бірі мұсылман қауымы жұмақ гүлі атайтын қызғалдақ болса керек. Білгендердің сөзіне сүйенсек жер бетінде алғашқы қызғалдақтар өсіп шыққалы 10-20 миллиондаған жылдар өткен. Ал алғашқы қызғалдақтар әлдеқайдағы Голландияда емес, мынау біздің қазақ даласында өсіп шыққан екен. Бұл негізді пікірді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында: «Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларынан әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тян-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады. Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі» деп атап өткен болатын.

Жалпы, «Қызғалдақтың отаны — қазақ жері» дегенге нақты негіз болатын ғылыми дәлелдер баршылық көрінеді. Мәселен, ғалым Анна Ивашенко «Қазақстан қызғалдақтары және жуа тұқымдас өзге де өсімдіктер» кітабында қызғалдақтың отаны Қазақстан екендігін анық-қанық жазған. Сондай-ақ, Жетісу өңіріндегі Теңдік қорғанынан табылған біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырлардағы сақ патшаларының, көсемдерінің киімдерінен қызғалдақ тәрізді оюмен әшекейленген алтын тіліктер табылғаны, Х-ХІІІ ғасырдағы қыш бұйымдарға қызғалдақ суретінің салынғаны, Айша бибі, Қожа Ахмет кесенесінде кірпіштердің қызғалдақ суретімен бедерленуі, т.б. дәйектер жетерлік. Құлпытастарда бейнеленген қызғалдақ суреті өмірдің қызғалдақ мезгіліндей өтпелілігін білдірсе, қолөнер туындыларындағы киім, бұйымдардағы бейнесі әсемдікті әспеттеу болса керек.

Сақина, білезік, қамзол қапсырмалары, белдіктер, жиһаз-жабдықтар, ер-тұрмандарда бедерленген, киім-кешек, сырмақ, текемет, алаша, қоржын, т.б. бұйымдарға салынған ою-өрнек қызғалдақты әспеттейтіні бекер емес. Дала лалагүлінің ұлттық салт-дәстүріміздің сән-салтанатты шеруі — Наурыз мерекесінің нышаны екені де белгілі. Дәстүрлі мерекенің біріне айналып, тұрмыс-салтымызға әбден сіңісті болған 8 наурыздағы қадірлі сый да — қызғалдақтар екені аян.

Осы орайда сонау оқушы күндерімізде еңбек сабағында ақ матаға қып-қызыл жіппен қызғалдақ суретін кестелейтініміз, альбомға бар өнерімізді салып қызғалдақ суретін салатынымыз еске түседі. Сол кездері үлкендер жағы «майовка жорығымен» табиғат аясына шығып, қырдан құшақ-құшақ қызғалдақ алып келетіні бар-тын. Сосын үйдегі терезенің алдының бәрін бірер күнге шоқ-шоқ қызғалдақ әдемілеп тұратын. Шоқ қызғалдаққа қараған сайын көз қуанып, көңіл көтерілетін. Өзің де қырға шығып, құшағыңды толтырып қызғалдақ тергің келіп, «шіркін-ай!» деп арманда боласың. Кейде қозы-лақты өрістетіп ауылдан сәл ұзап шыққан бала-шағаның құм-төбелердің маңайынан қызғалдақ тауып алып, мәре-сәре болатыны да бар-тын. Иә, ол көктемдер шынында енді оралмайды. Өйткені бүгінде даламыздағы қызғалдақтардың басым дені тұқымы сиреп, «Қызыл кітапқа» енгізілген. «Қызыл кітапқа» енген өсімдікке зиян келтіруге заңмен тыйым салынған. «Біліп-білмей» демекші ондай әрекетке барғандарға айыппұлдан бастап, бас бостандығынан айыруға дейін жаза қолданылады.

Елбасы мақаласында айтылғандай бүгінде Қазақ жерінде қызғалдақтың 35 түрі өсетін болса, оның 18-і «Қызыл кітапқа» енгізілген екен. 12 түрі эндемикалық, яғни бүкіл әлемде тек біздің жерімізде ғана өсетін көрінеді.

Биология ғылымының докторы Нұғман Аралбайдың келтірген дерегіне сүйенсек қазақ жерінде өсетін қызғалдақтың 35 түрінің аты-жөні былайша аталады.

Альберт қызғалдағы, Алтай қызғалдағы, Бем қызғалдағы,  Биберштейн қызғалдағы. Қосгүлді қызғалдақ, Жалғанқосгүлді қызғалдақ, Қосиілме қызғалдақ, Борщов қызғалдағы, Қысқа аталық қызғалдақ, Бузе қызғалдағы, Бутков қызғалдағы, Түктіаталық қызғалдақ, Жалғантүктіаталық қызғалдақ, Күмәнді қызғалдақ, Алажапырақ қызғалдақ, Іле қызғалдағы, Кауфманн қызғалдағы, Колпаковский қызғалдағы, Коральков қызғалдағы, Островский қызғалдағы, Жатаған қызғалдақ, Регель қызғалдағы, Шренк қызғалдағы, Соғды қызғалдағы, Кеш қызғалдақ, Төрт жапырақ қызғалдақ, Тәңіртау қызғалдағы, Дарагүл қызғалдағы, Зинаида қызғалдағы.

Осы дерек келтірілген «Қазақстанның өсімдік атауларындағы Ресей отарлауының іздері» тақырыбындағы мақаласында ғалым айтқан негізді пікірді атап өтсек артық болмас.

«Даңқты ойшылдарымыздың бірі әрі бірегейі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы қызғалдақтың 10 түрін ажырата білген. Олар — қызғалдақ, қаңғалдақ, сарғалдауық (сарғалдақ), бәйшешек, жауталдақ (жанар), жауқазын және аңғалдақ. ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қызғалдақ зерттеуші ресейлік ғалымдардың Өтейбойдақ бабамызға еліктемегені анық. Бұл Ресейдің отарлау саясатына қарсы келер еді. Сондықтан жаңадан ашылып жатқан қызғалдақ түрлерін атауда еуроцентристік көзқарас басшылыққа алынғаны көзге ұрынып тұр. Халықаралық номенклатураға біздің қызғалдақтарымыз отарлаушы Ресейдің азаматтарының атымен аталып, солардың құрметін әспеттеуге арналған саяси құрал болып енген. Зерттеуші ғалымның атымен аталған қызғалдақты мойындап шыдауға болар. Ал енді қазақтың жерін отарлап, жаншып отырған генерал-губернаторлардың атымен аталған қызғалдақтарды қалай әспеттейміз? Қалай мадақтаймыз? Қалай мақтанамыз?

Бүгінгі мәдени қызғалдақтардың сұрыпталып шығарып, олардың ассортиментін қалыптастырудағы негізгі рөл ойнаған хан-қызғалдақтары Грейг қызғалдағын, Кауфман қызғалдағын және Шренк  қызғалдағын қайтіп қазақылаймыз. Олардың заты қазақтыкі болса да, аты қазақтыкі болмай тұр ғой.

Осы қызғалдақтың мысалынан көрініп тұрғандай ғылыми терминдер мен номенклатураны отарсыздандырмай рухани жаңғыру оңайға түспейді. Не істеу керек?

Біз үшін қасиетті ұғымға айналған алма мен қызғалдақтың ғылыми атауларына қазақы мән беріп, қазақи қан жүгіртіп, қазақыландыру керек екендігі көзге ұрып тұрғаны ақиқат. Мысалы генерал-губернатор Кауф­манның атындағы түрді Жүсіп Бала­сағұн қызғалдағы, генерал-губернатор Колпаковскийдің атындағы түрді Керей хан қызғалдағы, генерал-губернатор Корольков атындағы түрді әз-Жәнібек қызғалдағы деп атасақ, оны заң жүзінде бекітсек, жарасып кетпей ме? «Қалыптасып қалған атаулар ғой, халықаралық номенкла­тураға еніп кеткен, халықаралық стандарт қой» дейтіндер көптеп табылатыны айтпаса да түсінікті. Осы бір «халықаралық стандарт» дегенді ешкім түсіндіре алмайды. Ол ешқандай халықаралық құқықтық құжаттарда шегеленбеген», — дейді ғалым.

Дала қызғалдақтары еліміздің барлық өңірлерінде, тіпті солтүстік облыстарда да 3-4 түрі өсетін көрінеді. Солтүстік өңірде өсетін Шренк қызғал­дағы Қазақстанның және Ресейдің «Қызыл кітабына» енгізілген. Қызғал­дақтың бұл түрі көптеген мәдени сұрыптар шығаруға негіз болған екен.

Торғай өңірінде, Ақтөбенің Ырғыз ауданында, біздің өңірдің құмды даласында кездесетін сирек түрі — Борщов қызғалдағы да қорғауға алынған өсімдік. Орыс ботанигі Борщовтың есімін иеленген қызғалдақ Байқоңырдың символы. Орыс бота­ник-географы Андрей Краснов зерт­теп, 1886 жылы  Аңырақай аумағынан теріп алып, сол кездегі Петербург ботаникалық бағының директоры Эдуард Регельдің есімімен аталған Регель қызғалдағын ғалымдар қанша еңбектеніп селекциялық мақсатқа жарата алмапты. Табиғат ананың қайталанбас туындысы — Регель қызғалдағы оңтүстік-шығыс өлкемізде ғана кездесетін көрінеді.

* * *

«Қызғалдақтың отаны — Қазақстан» дегенімізбен, қызғалдақ даңқын әлемге әйгілеген голландықтар екені мәлім. Сонау орта ғасырларда Ұлы Жібек жолы арқылы жеткізіліп, парсы, түрік сарай бағының сәнін келтірген дала гүлінің пиязшықтарын Австрия елшісі Венаға ала барып, ботаник досына сыйлаған көрінеді.

Қызғалдақ 1593 жылы Лейден университетінің саябағында өсіріле бастаған. 1600 жылдан голландиялық қызғалдақтар құны өсе бастап, 1634-1637 жылдар «қызғалдақ безгегі» — «Tulіp Manіn» басталады. Қызғал­дақтың бағасы шарықтап көтеріліп, дүниедегі ең қымбат гүлге айналады. Тіпті валюта ретінде қабылданады. «Қызғалдақ безгегінен» басталған гүл бизнесі баянды болып, қазір де Нидерланды мемлекеті әлемдегі ең ірі гүл экспорттаушы ел болып тұр. Нидерландтар өсірген гүлдер әлемнің 125 елінде сатылып, жылына 500 млн. АҚШ долларына дейін пайда әкелетін көрінеді. Дерек көзіне сүйенсек, Нидерландыда жылына 3 млрд. түп қызғалдақ өсіріледі екен. Қызғалдақ гүлінің сұрпының санының өзі 4 мың дейді бір деректер. «Қызғалдақты ел» атанған Нидерланды қызғалдақтың отанына бағасы 1,5 млн. АҚШ долла­рындай көлемде гүл сататын көрінеді. Нидерландтық бағбандар қызғалдақ­тың отанына «Назарбаев» сұрпын тарту еткені де жұртшылық есінде болса керек.

* * *

Адамзат тарихында даңқты шежіре қалдырған табиғаттың тамаша туын­дысы қызғалдақ туралы аңыз әңгіме­лер де аз емес. Дала төсінде шоқтай жайнап, көздің жауын алған қызғалдақ туған жерді жаудан қорғап мерт болған батырдың төгілген қанынан жаралған дейді бір аңыз. Тағы бір аңыз әсемдік құбылысының адамдарды қуанышқа бөлеуіне сәбидің күлкісі себеп болғанын айтады. Патша са­райын­да өсіп тұрған гүлдің қауызы қандай сиқыр, арбаудың күшімен ашылмай, сәбидің күлкісімен ашылып айналасын бақытқа бөлеген екен. Сондықтан даланың нәзік жаратылысы — пәктіктің нышаны ретінде баға­ланады.

Әуелден өзіміз де қызғалдақ, сар­ғалдақ деп атайтын дала лалагүлдері мәдени сұрыптаумен небір түрлі түске ие болғаны белгілі. Голландиялық 4 мың сорттарында қандай түсі жоқ дерсіз?! Ал енді, табиғатта да қара, көк түсі кездеседі деген бәлкім аңыз, бәлкім ақиқат әңгіме бар. «9 жылда бір гүл ашатын қара қызғалдақты көрген, ұшар шыңда өсетін көк қызғалдақты көрген жанда арман болмайды» дейді бәлкім аңыз, бәлкім ақиқат бір әңгіме. Бәлкім біздің Қарақұмның бойында сәуірдің тәуір күнін күтіп бұғып жатқан болар сол бақыт гүлі — қара қызғалдақ. Тылсым табиғат қойнауында біз біліп көрмеген, небір ғажайыптар жоқ дерсіз!..

Сәуірдің тәуір күндері демекші, мол жарық, жеңіл топырақты хош көретін нәзік жаратылыстың табиғатта көрініс беру мезгілі сәуір мен мамырдың аралығындағы шуақты күндер. Кейбірі 7-15 күн, кейбірі 20-25 күнге дейін әлемге әдемілігін паш етеді нәзік жаратылыс. Сонан кейін жаратқан бұйырған шуақты дәурені күрмеуге келмей келер көктемге дейін дүние жүзінен ғайып болады. «Ал адамдар күліп бастап өмірін», «Қызғалдаққа бір қуанып, сарғалдаққа бір қуанып» зырғып аққан өмірдің қадірін біліп-білмей күн кешіп жатады…

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here