Жұлдыз жорамал: Меркеруий кері тартып, сіз бері тартып…

0
277

ТОҚТЫ.

Көктемгі ауа-райын­дай құбылмалы кезеңді бастан кешесіз. Белгілеген жоспарыңызды дүркін-дүркін өзгертулермен, толықтырулармен жаңғыртуға тура келмек. Кейде тосыннан жаңалық ашуға, кейде төтеннен шешім қабыл­дауға, кейде әлдекімдермен  қаласаңыз да қаламасаңыз да мүдделесуге тиісті болмақсыз. Шаршайсыз, шыдамсыздық танытасыз, тіпті дау-дамайға да кірісіп кетуіңіз мүмкін.

Қызмет. Қалыпты жауапкершіліктегі міндеттердің қиындық туғызатын тұстары бар. Дегенмен уақытша қиындықтардың алдағы уақытта бағалы тәжірибе ретінде пайдасы болатынын да ескеріңіз. Қиындықпен жинаған тәжірибеңіз қызметте өсуге септесіп жатса, еңбегіңіздің жемісі болмас па?

Отбасы, махаббат. Соқа бастыларға жаңа таныстық мүмкіндігі баршылық. Әзірге сіз де солардың қатарында жүрсеңіз «Жүргенге жүргем ілігеді» деп «табан тоздырудың» қажеті жоқ. «Сіз үшін ай күліп, жұлдыздар жымың­дайтын мезгіл әлі туа қойған жоқ» деп ескертеді жұлдызшылар.

ТОРПАҚ.

Көктемнің алғашқы айы сіз үшін қолайлы кезең болмақ. Іс барысында туындап жататын кейбір қиындықтар шыдамыңызды сынайтын­дай салмақты бола қоймас. Өз тарапыңыздан аз-маз қателіктер жіберіп алсаңыз да «аһ ұрмақ» түгілі алаңдамаңыз. Істес адамдардың кейбірі көңіліңізге жақпаса да «көңіл жық­пастыққа» салғаныңыз өзіңізге пайдалы болатынын ескеріңіз.

Қызмет. Қызметке байланысты қызғылықты ұсыныс алып, қуанышқа кенелсеңіз де ғажап емес. Егер қалыпты іс барысында болсаңыз жұмысты шырқау шабытпен атқаруға себеп болатын жайттар да кезігуі мүмкін. Тіпті «басқалар басын қатырғысы келмейтін» қиын жұмысты  еңсеріп тастап «міне, мен!» деген ризалықта болуыңыз да мүмкін жағдай.

Махаббат, отбасы. «Бейбітшілік туы берік қолда!». Отбасылық, жеке қарым-қатынастарда ара-тұра кейбір түсінбеушіліктер болғанымен қобалжытарлық жайттар кезіге қоймайтынын білдіреді әуе сәуегейлері.

ЕГІЗДЕР.

Жалпы жақсы жағдайға жақсы көңіл-күйдің әсері мол екенін әсте естен шығармағайсыз. Керітартпа ойларға, керексіз қобалжуға беріл­меңіз. Сергектік пен сенімділік те көп жетістікке жеткізеді.

Қызмет. Жұмыс барысында кейбір қиын­дықтар орын алуы мүмкін. Дегенмен, дер кезін­де шешімін табарыңыз хақ. Тек жауапкерші­лігіңізге атүсті қарамаңыз.

Махаббат, отбасы. Ойға алған өзгерістерді ақырын жүріп, анық басып барып айдың ортасына қарай жоспарласаңыз болады. Ең бастысы шешіміңізге сенімді болыңыз. Өзіңізге қатысты өзгерісті өзгелердің өзеуреуімен емес өзіңіз үшін жасаңыз.

ШАЯН.

Қат-қабат шаруа қамындағы беймаза уақыт. Дегенмен бұл жағдай сізді қажытқаннан гөрі қайраттандыра түспек. Таң қалдырып, тәнті етер табысты жандардың төңірегінде болу — шабыттандырып, игілікке кенелтпек.

Қызмет. Уақытша болса да қаржылық қиындықтар орын алуы мүмкін. Аса қобалжудың қажеті жоқ. Дегенмен, ретсіз шығындар жайын ыждаһаттағаныңыз жөн.

Махаббат. Отбасы. Кейде жақын жандармен түсінісудің тым қиынға соғатыны бар. Сондай жайсыз жағдайдың сізге қатысты да орын алуы мүмкін. Дегенмен, қаласаңыз қар жаудырасыз немесе қалпында қалдырасыз.

АРЫСТАН.

Келешек бағытты жоспарларға ден қоюдың дер шағы. Бұл орайда бұрын маңыз бермеген бірқатар тұстарды белгілеп қою керек болмақ. Тәжірибе, білігіңіз қандай да сынаққа төтеп берерліктей тәуелсіз де байсалды қалыпта болмақсыз.

Қызмет. Жеке дара шығармашылықпен қабат ұжымдық еңбек те табысты болмақ. Жеңістің ауылы алыс емес. Сондықтан жемісі мол жолмен асықпай жетуге болатынын ескеріңіз.

Махаббат, отбасы. Әріптестік қарым-қатынас достыққа, достық ыстық сезімге ұласу «қауіп барын» білдіріпті әуе сәуегейлері. Төтенше құбылыстан ат-тоныңызды ала қашасыз ба, әлде көктемнің жылы лебізіне кеуде тосасыз ба, өз қалауыңыз.

БИКЕШ.

Ойдағыны іске асыру үшін бірталай тер төгуге тура келеді. Кедергілер көлденеңдейді, ой-шұңқыр кезігеді. Дегенмен, әліңізден әйдік әуреге түспейтініңіз анық. Тіпті өз міндетіңізді атқарумен қабат әлдебіреулерге қолұшын беруіңіз де керек болады.

Қызмет. Міндеттер мезі етсе де мүлтіксіз орындалуы керек. Ұстамдылық — ұнамды қасиеті­ңіздің арқасында ай соңында шаршаңқырағаны­ңызды сезінуіңіз мүмкін. Дегенмен, сіз үшін басты мәселе уақыттың тапшылығы болмақ.

Махаббат, отбасы. Отбасы, жақын-жуықтың қолдауына зәру болмайсыз. Төңірегіңізде тілеу­лестер де баршылық. Әзірге жалғыз бастылар санатынан болсаңыз, іскерлік ізденістер бары­сында жеке қарым-қатынасты да жолға қою мүмкіндігі табылады.

ТАРАЗЫ.

Көктемнің басы жаңа бастамаларға қолайлы болмақ. Сондай-ақ бұрынырақта қолға алған істі тыңғылықты тәмамдауға да болады. Ең бастысы уақытты оздырмай, ұтымды пайдаланыңыз. Айдың орта шенінде пікірлес, мүдделес жандар­мен жолығу мүмкіндігі бар. Бұл алдағы табысты іскерліктің бастамасы да болуы мүмкін.

Қызмет. Іскерлік қарым-қатынастар бары­сында сенім артқан адамдардан опық жеу қаупі бар. Дегенмен, бұл жайт іс барысына айтарлық­тай залал келтіре қоймайды.

Махаббат, отбасы. Наурыз той қарсаңын­дағы көтеріңкі көңіл-күйіңіз отбасы атмосфера­сына оң әсерін тигізбек. Отбасында көптен күткен игі жаңалық орын алуы мүмкін. Жалғызбастылар қатарынан болсаңыз көктем шуағымен жылы әсерге бөлену мүмкіндігі бар.

САРЫШАЯН.

Күрделі міндеттерді атқаруға «арналған» күр­делі кезең. Жағдай қандай болса да жағдайдың құлы болмауға барыңызды саласыз. Жұмыс әдеттегіден әлденеше еселенсе де, нәтижеге қол жеткізу қаншалықты қиын болса да, ойға алған мақсатты орындау міндет деп ойлайсыз.

Қызмет. Қаржы, мүлікке қатысты маңызды мәселені де шешу керек болмақ. Бас қатырудан бұрын білікті мамандардың кеңесіне жүгініп алсаңыз артық болмайды.

Махаббат. Отбасы. Болмашы түсінбестікпен отбасы мүшелерінің өкініш-ренішіне тап келуіңіз мүмкін. «Ыдыс-аяқ сылдыры» ұлғайып кетпеуі үшін кей-кейде «бетегеден биік, жусаннан аласа» кейіпке түссеңіз тіпті жақсы.

МЕРГЕН.

Әлдеқалай ұсыныстар әлдеқалай көңіл тол­қынысына түсіруі мүмкін. Ә дегеннен мақұл­дауға асықпаңыз. Салқын ақылға салып, ой-таразысы­мен өлшеп көріңіз. Жалпы іскерлік байланыстар­да ықыласты болумен бірге, ыждаһатты да болыңыз.

Қызмет. Іс барысында өз жұмысыңызды жиып-теріп қойып, бетін қайтара алмайтын біреулер үшін іс тындыруға тура келмек. Бір қолыңызды екі ете алмай, уақыт жеткізе алмай абдырауыңыз мүмкін. Сабырға келіңіз.

Махаббат. Отбасы. Қандай жағдайда да отбасының қолдауына иесіз. Жақын жандар себе­бін сұрамай-ақ қолдауға әзір. Дегенмен, «ақылда­сып пішкен тон келте болмайтынын» да ескеріңіз.

ТАУЕШКІ.

Жаңа бастамалардың дер шағы, ықыласпен басталған іс нәтижесіз болмақ емес. Білік, тәжірибе жетілдірудің сәті түсерге ұқсайды.

Қызмет. Іс барысында кейбір өзгерістер болып күтпеген өзгерістер толқынысқа салып, абдыратып тастауы да мүмкін. Дегенмен, уақыт ұзатпай іс барысы жоспарлы жүйесін табатын болады. Тіпті қол босатып тынығып, сауық-думандарға бас сұғуға уақыт табылмақ.

Махаббат. Отбасы. Жақсы жағдай жеке бас мәселелерінің де түйінін тарқатпақ. Жал­ғызбастылар қатарынан болсаңыз романтика­лық көңіл-күй шарпуында болмақсыз.

СУҚҰЙҒЫШ.

Бұрынғы кейбір қателіктердің зардабын бастан кешіруге тура келеді. Бір мезетте бәріне қолды бір-ақ сілтеп, қол жеткен нәтижелерден айрылып қалмаңыз. Есіңізде болсын, сәттілік тек уақытты ұту үшін керек, еңбекқорлық ең қажет қасиет. Сондықтан нәтижеге жетеріңізге сеніңіз.

Қызмет. Іс барысында бірқатар мәселелер көлденеңдейді. Кейбір іскерлік қарым-қатынас­тарда үзілді-кесілді өз шешіміңізден қалайда бас тартпауға күш саласыз. Шешіміңіздің әділдігі ә дегеннен мойындалмаса да уақыт өте келе дұрыстығын дәлелдейді.

Махаббат. Отбасы. Отбасылық бюджетті үнемдеуге тура келеді. Отбасы мүшелеріне «гар­деробты жаңалау» шарасын кейінге шегеруге тура келеді.

БАЛЫҚТАР.

Меркурийдің кертартпалығы сіздің жаққа да әсерін беріп, іс барысында іркіліс тудыруы мүм­кін. Ойға алған ісіңіз орындала қоймай, ойыңыз сан-саққа жүгіріп, «бүйтсем бе, әлде сөйтсем бе?..» деп абдырап қалуыңыз да ықтимал. Деген­мен, дегеніңіз болмай қалмайды. Уақыт ұзатпай, ісіңіз ілгерілеп, жағдайыңыз оңаларына сеніңіз.

Қызмет. Меркурий кері тартып, сіз бері тартып іс барысын оңалту кезеңі айдың орта шеніне орайласады. Төңірегіңізден одақтастар да табыла қояды. Олар сізге шынайы ынта-шынтасымен болысатын болады. Айдың соңғы онкүндігі сіз үшін тамаша кезең болмақ. Қолыңыздан бәрі келеді.

Махаббат. Отбасы. Наурыз мейрамының қарсаңындағы мәре-сәре жағдайға іс барысын­дағы кейбір түйткілдер себеп емес. Әзірге шаңырақ көтермегендер үшін көктемнің алғашқы айы сәтті мүмкіндік ұсынбақ. Қызмет барысын­дағы кездесу әсерлі кездесуге айналуы бек мүмкін.

Дайындаған Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here