Қала еріктілері ерінбейді…

0
186

Еріктілер жылына орай, жаңа бастамалар мен жарқын жобалар қала көлемінде де мардымды түрде жүзеге асып келеді. “Qosyl” деп аталатын қалалық жастар ресурстық орталығы жоспар негізінде жыл басынан ауқымды жұмыстарын орындауға кіріскен. Еріктілердің қатысуымен өтетін игілікті бастамалардың басы-қасынан табылып, қолдау білдіруді көздеген қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған орталыққа арнайы ат басын бұрды.

Расында, жаңа басшы келгелі бұл орталықтың ғимараты да жаңарып, жұмыс барысы да жаңаша лепке ие болғандай. Бүгінде жастар арасындағы әртүрлі шараларда төбе көрсеткен белсенділерді ғана емес, түрлі ұсыныстары мен жобаларына қолдау білдіруді көздеп келген қала жастарын біріктірген орталыққа айналды.

Әкімді “Жас Сарбаз” Республикалық қоғамдастық әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері күтіп алды. Артынша осы клубтың мүшелері АК-74 қаруын бөлшектеп жинап, бүгінге дейін игерген әдістерін ортаға салды. Айта кетейік, облыс көлемінде құрылғанына 1 жылға жуықтаған бұл клубта қала бойынша 54 мектептен 1500-ге жуық жас сарбаздар мүше.

Аталмыш ұйымның жұмысымен танысқан Нұрлыбек Нәлібаев волейбол, workout алаңдарын аралады. Сондай-ақ, кеңес беру бөлмесіндегі қызметкерлердің жұмысымен танысты.

Қалалық жастар ресурстық орталығының бүгінгі жай-күйімен таныстырған директор Сабыржан Кеңшілік қала көлемінде еріктілердің қатысуымен өткен жобалар мен қайырымдылық шаралардың ұйымдастырушыларына сөз кезегін берді. Осы тұстан айта кетейік, Еріктілер жылы жарияланбай тұрып, 5 жылға жуық уақытта осы бағыттағы жобаларды қала көлемінде жүзеге асырып келе жатқан ұйымдар бізде бұрыннан бар. Олар мерекелер қарсаңында қариялардың үйін тазалап немесе әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік апарумен шектелмейді. Бұл клубтың жұмыс бағыты да күрделі, әрі жоспарлары да өзгеше көрінеді.

— Біздің клубтың негізгі мақсаты – шала туылған нәрестелер үшін киімдер тоқу. Бір топ келіншектер бірігіп дайындаған киімдердің өнімдерін өз қаражатымызға сатып аламыз. Дайын болған уақытта Ана мен бала орталығына тапсырамыз. Осы күнге дейін біз 1500 сәбиді жылы киіммен қамтамасыз еттік. Осы бағыттағы жұмысымыз әлі де жалғасын табатын болады. Сондай-ақ, алдағы уақытта бізбен бірлесіп жүмыс істейтін ерікті қыз-келіншектердің қатарын көбейтуді жоспарлап отырмыз,- деп сөзін қорытындылаған Әйгерім Нұрлан есімді “28 ілмек” еріктiлер клубының жетекшісіне игі бастамасы үшін әкім өз алғысын білдірді.

Қызылордалықтар тарапынан еріктілікке өз еріктерімен қызығушылық танытатындардың қатары көп екенін осыдан-ақ аңғаруға болатын секілді. Бұл қызмет түрінен өзге қала жастары қайырымдылықтан да ада емес екенін дәлелдеп келеді.

— Жақсылыққа жаны құмар жандардың қолдауымен қайырымды жандар клубы құрылған болатын. Біз әр адамға бір реттік емес, тұрақты және жоспарлы түрде көмек көрсетеміз. Аталған мақсатқа жету үшін бірнеше жобаны негізге алдық. Біздің жобаларымыз тек келісім арқылы болғандықтан, қаржыны талап етпейді. Жақында “Әлем сізбен әдемі” деп аталатын жобамызды жүзеге асырдық. Яғни, сұлулық салон қызметкерлерінің көмектеріне жүгіну арқылы арнайы орталықтарда қайырымдылық шараларын ұйымдастырамыз. Осы айда Талсуат оңалту орталығындағы 50 емделушiге қызмет көрсеттік. Алдағы уақытта Аналар және қарттар үйлеріне де баруды жоспарлаудамыз. Сондай-ақ, “Озат” деп аталатын да жобамыз арқылы көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардағы оқушыларды тегін оқу жүйесімен қамтамасыз етуді көздейміз — деген “Қызылорда қайырымды жандар” тобының жетекшісі Әйгерім Әмірхан қала тұрғындарын қайырымдылық шараларды бірлесіп атқаруға шақырды.

Кездесу соңында Қалалық жастар ресурстық орталығының директоры әкімге еріктілердің атынан “Қызылорда қаласы волонтерларының жанашыры” статуеткасын табыстады. Ал Нұрлыбек Нәлібаев өз кезегінде қаладағы еріктілердің игі бастамаларына әркез қолдау білдіретінін жеткізді.

А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here