Жұмысын жатқа білетін директор

0
519

Кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды басты мақсат еткен кәсіпкерлар палатасының міндетіне жүктелген қызмет түрлері жыл санап артуда. Облыс көлемінде кәсіпкер боламын деген адамдарға есігін айқара ашқан орталық жүйелі жұмыстарын  нақты жоспар негізінде жүзеге асыруда. Мемлекеттік бағдарламалар турасында кеңірек ақпараттандырып, тегін оқыту курстарын ұйымдастырып, гранттарды үлестіру барысында да мардымды әрі маңызды қадамдарға баруда. Айта кету керек, бұл тұрғыдан мекеме қызметкерлерін келушілер үшін сапалы қызмет түрлерін ұсынуға жағдай жасап, кәсіп арқылы нәсіп табуға ынталыларды бір шаңырақ астына жинауда басшының біліктілігі зор болуы керек. 

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов облыс әкімінің орынбасары Мұрат Самұратұлының, мүдделі мемлекеттік орган басшыларының, өңірлік кеңестің, аудандық кәсіпкерлер кеңесінің, кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі мүшелері мен бизнес-қауымдастық өкілдері алдында есеп берді. Әдетте, барлық деңгейдегі әкімдер есеп беруге міндетті болса, Жақсылықов жақсы көрген қызметінің жылдық қорытын­дысын өздігінен баяндады. Әйткенмен, жыл бойына атқарған жұмысын жатқа білетін директор қағазға қарауға мәжбүр болмады. Міне, бүгінгі басшылар меңгеруі тиіс әрекет пен қадамның бір тармағы осы… Сөз соңында көпшіліктің пікірін біліп, ұсыныстарын ескеріп, толғандырған сауалдарына да жауап берді.

Сонымен, тақырыпқа қайта оралайық… Бизнес-қауымдастық алдындағы есептен түйгеніміз, былтыр облыс көлеміндегі кәсіпкерлерге барынша қолдау білдірілген.  Мәселен, «Бизнес мектеп» жобасы аясындағы 3 компонент бойынша 2059 адам оқытылып, 403,5 млн теңгені құрайтын 284 жоба қаржыландырыл­ған. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 3140 азамат оқытылып, 858,8 млн теңгені құрайтын 1223 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ, палата жастардың да кәсіп арқылы табыс табуларына мұрындық болуда. Оған «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 1100 азаматтың білімдерін жетілдіріп, 301,9 млн теңгені құрайтын 578 жобаның қаржыландырылуы дәлел. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 367,0 млн.теңгеге 3177 жаңа бизнес-идеялар мақұл­данды. Оның ішінде, 820 қатысушыға 100 АЕК көлемінде аз қамтылған және көпбалалы отба­сылар, еңбекке қабілетті мүгедектердің, жастар­дың жаңа бизнес-идеяларына 200 АЕК көлемінде 2 297 мемлекеттік грант ұсынылған екен. Сондай-ақ, 2019 жылы өзін-өзі қамтыған азаматтар мен микробизнес субъектілерін шағын несиелендіру үшін 5841 млн.теңге бөлініп, кәсіпкерлердің 1436 жобасы қаржыландырылған.

Тағы айта кетерлігі, палатада кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс жасайды. Олардың мақсаты —  кәсіпкерлік қызметке қатысты кедергілердің алдын алу мен шығу жолдарын қарастыру.

Соңғы үш жылда кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін шектеген немесе бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғалар саны артқан. Осыған орай, Кеңес отырыстары тұрақты түрде өткізілетін көрінеді. Мәселен, өткен жылы отырыста талқыға түскен 14 мәселенің 9-ы оң шешімін тапқан. Нәтижесінде, 200-ге жуық кәсіпкердің құқықтары мен заңды мүдделері қорғалған.

Сонымен қатар, палата қызметкерлерінің нәти­же­лі жұмыстарының арқасында кәсіпкерлердің 260 млн.теңгеден аса қаражаты желге ұшпады. Бұл орталықтың бастамасымен азаматтарға кәсібін жүргізуге кедергі жасаған 11 лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылған көрінеді. Осындай дәлелдер мен көрсеткіштерге куә болғандар кәсіптегі әр қадамын енді орталықпен байланыстыруда. Мақсаты мен міндетін жоғары деңгейде атқарған облыстық палатаның қызметкерлеріне сенім білдірген кәсіпкерлердің қатары артпаса сиремейтіні айқын.

 Жергілікті кәсіпкерлерді облыс көлеміне ғана емес, республикаға танытып, өзге де өңір тұрғындарымен бірлесіп жұмыс істеуіне кәсіпкерлер палатасы қолдау білдіріп келеді. Айталық, облыс көлеміне еліміздің ірі кәсіпкерлерімен бәсекелесіп жұмыс істейтін үздік кәсіпкерлердің саны артуда. Сондай-ақ, олар республикалық байқаулардың жеңімпаздары атануда. Аталмыш палатаның директоры өз сөзінде бұл жетістікті мақтанышпен жеткізіп, 6 кәсіпорынды атады. Мәселен,

— «СКЗ-U» және «Магжан и К» компаниялары «Алтын сапа» премиясының;

— «Абай Даулет» компаниясы «Ұлы дала елі» конкурсының;

— «Абзал и К», «Жаңақорған» санаторийі, «Байкен-U» компаниялары «Парыз» конкурсының жеңімпаздары атанды.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов:

— «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан жалпы адами капиталын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бірінші кезекте бұл «Дуальды оқыту жүйесінің Жол картасы», «Кәсіптік бағдар беру жұмысының Жол картасы», оқу орындарындағы жаңадан енгізіліп жатқан «Кәсіпкерлік негіздері» пәні т.б. бағдарламалар бар. 2017-2021 жж. арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында да жұмыстар жүргізілуде. Аталмыш бағдарламаның 1-ші бағыты бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқыту процесі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Реестріне енген оқу орталықтарының өндірістік алаңдарында өткізілуде. Жұмыс жасап тұрған кәсіпорын арқылы қысқа мерзімде сапалы, білікті жұмысшы мамандарды дайындау мүмкіндігі беріледі. 2019 жылы 2194 азамат жұмыспен қамту орталықтары арқылы қысқамерзімді оқытуға 22 оқу орталықтарына жолданды. Оның 2054-і оқуын сәтті аяқтап, біліктіліктерін дәлелдеді. Осы күні тұрақты жұмыспен 948 азамат қамтылған. Сонымен қатар осы мемлекеттік бағдарлама аясында бітірушілер гранттар конкурсына қатысып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алады. Мысалы, 2019 жылы қысқамерзімді оқытудан өткен 859 азаматтардың жобалары қолдау тауып, 365 115 000 теңге көлемінде қаржыланды.

 Бұл жиын барысындағы айтылған және келтірілген дәйектерге «Бастау» жобасы бойынша оқып, кәсіптерін ашқан бизнес өкілдері дәлел бола алады.  Есеп беру кездесу алдында ұйымдастырылған көрмеге бір топ кәсіпкерлер арқалап әкелген өнімдерімен таныстырды. Үлкені де кішісі де көпшілік алдына әзірлеген заттарын ұсынып, саудаларын да жүргізді. Қызылорданың барлық аудандары мен қаланың кәсіпкерлерін біріктірген бұл көрмеге келушілердің саны да көп болды. Ас атасынан бастап, кондитерлік өнімдер, сүт өнімдері, ұлттық нақыштағы бұйымдар, қыз жасаулары, киіз үй жабдықтары, балаларға арналған орындықтар, роботтар және сурет пен видео өнімдеріне қатысты қызмет түрлерін көруге мүмкіндік болды. 

Назерке Керімбекова: /Жаңақорған ауданы/

— «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы грант алып, арманымдағы кәсібімді аштым. Кішігірім наубайханам арқылы айына 200 мыңға жуық табыс табамын. Аудандағы дүкендер мен тойларға сұраныстармен нан өнімдерін пісіремін. Дәстүрге сәйкес тойларда тарататын нан тоғызға да жиі тапсырыстар аламын. Көрмеге әртүрлі пішінде пісірілген нан өнімдерін әкелдім.  Мен өнімдерімді түрлі үлгіде әзірлеу үшін әркез ізденіс үстінде жүремін.

Сауле Ұлымбаева: /Қызылорда қаласы/

— Мемлекет тарапынан ұсынып жатқан бағдарламалар бойынша білімімді жетілдіріп, сертификатқа ие болдым. Грантты да ұтып алып, кәсібімді кеңейттім. Қосымша машинкалар сатып алып, тігін шеберханамды аштым. Бұрын жұмысымды үй жағдайында жүргізіп, тапсырыстарды алатынмын. Бүгінде қала орталығынан ашқан тігін орталығым арқылы перделер мен төсек жабдықтарын тігіп сатамын. Айына 300 мыңнан 800 мың теңгеге дейін табыс табамын. Тігін орталығымда жолдасым көлік жүргізуші болып біздің өнімдерді тиісті мекен жайға апарумен қамтамасыз етсе, ұлым тігілген перделерді іледі. Ал келінім дизайнер болса, мен тігінші қызметін атқарамын. Жәрмеңкеге отбасылық кәсібіміздің 20 шақты өнімін алып келдік. Негізі перденің 200-ге жуық түрін тігемін.

Ақерке Сақтапбергенова: /Қызылорда қаласы/

— Қала бойынша Гонконг вафлилерін әзірлейтін орталық аз болғандықтан, осы кәсіп түрімен айналыстым. Дүкенімнің ашылғанына небәрі екі ай болса да, табыс көлемі де қуантарлықтай деңгейде. Әлеуметтік желі арқылы көріп, вафлидің дәмін татуға асығатындардың саны артуда.  Жәрмеңкеге вафлимен бірге ұсынылатын салманың 5 түрін әкелдім. Атап өтер болсам, ірімшікпен, балмұздақпен, жеміс-жидектермен, шоколадпен және қоюландырылған сүтпен әзірлеймін. Осы салмамен дайындалған вафлилерге халық тарапынан сұраныс жоғары. Жеке кәсіппен айналысуыма түрткі болған кәсіпкерлер палатасына алғыс білдіремін.  

Қуаныш Әскербек: /Жалағаш ауданы/

— Өзімнің негізгі мамандығым музыкант болса да, жеке кәсіппен айналысқым келді. Ұлттық нақыштағы өнімдерді тігуді атам мен әжем үйретті. Ауданда осы қолөнер саласы бойынша 1 айлық курсты меңгеріп, мен де грант ұтып алдым. Қызылордалықтарға жәрмеңке арқылы киіз үй жабдықта­рын, тақиялар мен ұлттық нақышқтағы сөмкелерді ұсынуда­мын. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының белгісімен тігілген кілемше де бар. Бұл өнімге мекемелер мен мәдениет үйлерінің қызметкерлері тарапынан сұраныс көп. Тойларда қонақтарға ұсынатын той табақтарды да жасаймыз. Табыс көлемі де жақсы.

Тұмар Махмуд:  /Шиелі ауданы/

— Жаңа жылға бір күн қалғанда қуанышты жаңалыққа куә болып, грантты ұтып алғаным бар. Нәтижесінде асханалық студия ашып, жұмыс істеп жатырмын. Оның үстіне тәттілерді пісіру бойынша шеберлік сабақтарын да өткіземін. Бүгінгі ұйымдастырылған көрмеге шетелдік рецептер бойынша пісірілген тәттінің 10-ға жуық түрін әкелдім. Бұл кәсібімді Шиеліде жүргізсем де, Түркістан, Жаңақорған және қала тұрғындарынан жиі сұраныстар түседі. Айына 300 мыңға жуық ашқа табамын. Бірақ, мен тәттілерді таза әрі қымбат өнімдермен әзірлейтін болғандықтан, соған сай шығыны да бар. Өз қолыммен пісірілген кондитерлік өнімдерім арқылы алдағы уақытта айына миллион табамын деген жоспарым бар. Осы мақсатыма жету үшін тыңбай тірлік істеудемін.

Мағжан Аманбаев: /Шиелі/

— Жасым 23 те болса да ағаштан жасалған өнімдерді дайындайтын орталық аштым. Ағаш шебері атанудың алғашқы жолдарын әкемнен меңгердім. Әрі қарай тәжірибемді жетілдіріп, кәсібімді домалатуға жол ашқан  кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері болды. Грант негізіндегі ие болған қаражатқа станоктар алдым. Балаларға арналған заттарым бүгінгі жәрмеңке барысында да сатылуда. 1-2 жастағы бүлдіршіндерге арналып жасалған 3 нұсқадағы орындық 10 мың теңгеге бағаланды. Сондай-ақ, жүруге енді ғана талпынып келе жатқан бүлдіршіндерге қажетті құрылғы мен әткеншекті де әкелдім. Ауданда бұл заттарға сұраныстар өте көп. Тапсырыстың көптігінен кейде үлгермей қалатыным да бар.

Нұржан Құлмырзаев: /Байқоңыр/

— Бүгінгі көрсетілімге балалардың білім жүйесін кеңейтетін конструкторлардан жасалған роботтарды әкелдім. Бұл роботтардың әрқайсысының атқаратын қызметтері бар. Мәселен, бірі түстерді ажыратса, екіншісі түс арқылы алға және артқа қадам жасайды. Балалар сол арқылы бағдарлама ойластырады. Бір роботтың бағасы 150-170 мың теңгенің көлемінде тұрады. Бірақ, мен өнімдерімді сатпаймын. Тек, робот жасаудың қыры мен сырын үйретемін. Бір ерекшелігі балаларға үйретпес бұрын алдымен олардың жас ерекшеліктеріне мән береміз. Роботехниканы меңгертуге арналған оқу орталығымды ашуға мүмкіндік берген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына алғыс білдіремін. 

Камила Байзақова: /Қызылорда қаласы/

— Әр шаңырақтың төрінде ұлттық нақыштағы өнімдердің ілініп тұруын құп көремін. Осы мақсатта бала күтімімен үйде отырғанда уақытымды тиімді пайдаланып, әртүрлі өнімдер жасадым. Мәселен, гүлден жасалған шамдар мен ағаштан әзірленген қобдишалар да бүгінгі көрменің сәнін кіргізіп тұр. Сондай-ақ, балалардың есімдері жазылған шамдарды да жасаймын. Ағаштан дайындалатын өнімдер аппараттың көмегімен жасалғандықтан қолөнер деп есептемеймін. Гүлден жасалған шамдар 7000, 12000 және 15000 теңгенің көлемінде тұрады. Бұл өнімдерді үйге және жұмыс орындарындағы үстелдерге қоюға болады. Жарнама аз, бірақ сұраныс көп. Дайындайтын заттарды Россиядан алатындықтан жоғары бағалаймыз. Қала тұрғындары оны қымбатсынады. Бірақ, бүгінгі көрмеде бағасын түсіріп сатып жатырмын. Мысалы, 12 мың тұратын шамды 10 мыңға саттым.  

Гүлбаршын Аликеева: /Қармақшы ауданы/

— Өзім бастапқыда саудамен айналыстым. Кейін кәсіпкер болғым келді. Кәсіпкерлер палатасы арқылы тігіншілік саласы бойынша тәжірибемді арттырдым. Бүгінде қыз жасауларына және өзге де ұлттық нақыштағы өнімдерге тапсырыстарды жиі аламын. Жасыратыны жоқ, қазір пайдаға кеңелдім деп айта алмаймын. Өйткені, менікі кәсіптің бастапқы қадамы болып саналады. Оның үстіне, мен өнімдерімді қымбатқа сатпаймын. Мәселен, мына ұлттық нақыштағы тойларда сыйға тартылатын сөмкенің бағасы 1000 теңге тұрады. Егер одан қымбатқа сатылса өтпеуі мүмкін. Қолөнерді арзанға бағалау да орынсыз. Оның үстіне материалдарды Түркістаннан арнайы алдырамын. Болашақта үлкен орталық ашып, кәсібімді кеңейткім келеді. Көрмеге «Сырға салу» рәсіміне арналған жабдық, ши құрақ көрпешелер, жастықшалар, құдалықтарда ұсынатын сөмкелерді әкелдім. Сондай-ақ, 2000 теңге тұратын ұлттық нақыштағы сөмке де бар.  Ал шаш үлгісіне арналған қыстырғыш 1500 тұрса, жаңа түскен келінге тағатын үкі 3000-ға бағаланады. Айта кетерлігі, бұл үкі менің қызымның авторлық өнімі. Қармақшы ауданында бәсекелестерім бар. Бірақ, әркім өз стилінде жұмыс істейді. Өзім өнімдерді әртүрлі ою түрлерін біріктіру арқылы жасаймын.

Рүстем Нұрмағанбет: /Байқоңыр/

— Мемлекеттік бағдарлама бойынша грант ұтып, 505 мың теңгенге керекті заттарды алдым. Бастапқыда суретке және видеоға түсірумен хобби ретінде айналыстым. Уақыт өте келе кәсіпке айналдырып, табыс табуды жоспарладым. Нәтижесінде бүгінде Байқоңырда фото-видео орталығымды аштым. Көрмеге өнімдерімнің жартысын ғана әкелдім. Әртүрлі көлемдегі портреттер, шақыру билеттері, сурет жинақтары бар. Сондай-ақ, тапсырыс бойынша сурет жабыстырылған телефон қапшықтарын, ыдыстар мен қалталарды әкелдім. Әр өнім әртүрлі бағада сатылады. Мәселен, сурет жинақтары 4000-5000 теңгенің көлемінде болса, сыйлық салып ұсынатын суреті бар қалташаның бағасы 1000 теңгеге сатылады. Байқоңыр қаласында барлық тауарға сұраныс бар. Кәсібімнің табыса да жақсы. Мамандығым дизайнер болса да бүгінгі істеп жатқан жұмысыма пайдасы тиіп жатыр. Бүгінде 3 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Болашақта орталығымды үлкен ғимаратқа көшіріп, қызмет түрін кеңейту жоспарда бар.

 А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here