Айтыс жүлдесіне әркімнің де бар таласы…

0
620

“Абай жолымен”… Осындай атаумен Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театрында «Nur Otan» партиясының қолдауымен Қызылорда облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен республика­лық ақындар айтысы өтті. Келген көрерменде шек жоқ. Тіпті тұратын да орын таппайсыз. Қазақтың төл өнерін тамашалуға жас баладан еңкейген қарияға дейін қатысып, барлығы да айтыстың айбынды жанкүйері болды.

Халық ұзақ күткен аламан айтыс 15:00-де өтеді деп хабарланғанымен, мұндағы адамдар 14:00-де келген-ау, сірә. Біз барған уақытта залда ине шаншар жер болмады. Барлығы айтысты күтуде. Біраздан соң сахна төріне ақын, тележурналист Жүрсін Ерман шығып зал толы халықтың ыстық ықыласына бөленіп, асыға күтіп отырған аламан айтысты өз алғы сөзімен ашып берді.

Бұл айтыстың негізгі мақсаты көрерменге дала данышпанын жаңа қырынан таныстырып, абыз ақынның философиялық, ағартушылық, саясаткерлік қасиеттерін ашып, адами болмысын зерделеп жырға қосу.

Жүрсін Ерман: “Абай қазақ руханиятының бағдар­шамы. Ой түзейміз, бой түзейміз. Кешегі заман­да өмір сүрген данышпан, бүгінгі күнді көргендей бәрін айтып кеткен. Біз ұлт болып ұйысып жатқан кезімізде, қазақы мінезімізді дұрыстауымыз керектігін, жалқаулықтан, масылдықтан арылуды, еңбекке, ғылымға, білімге, ілімге ұмтылуымыздың барлығын Ұлы Абай айтып кетті. Қызылордадағы бұл айтысқа 12 ақын шақырылды. Қазір олардың ойын, бойын көріңіздер”- деп ортаға Айбек Қалиев, Әсем Ережеқызы, Аруна Керімбек, Аспанбек Шұғатаев, Серік Құсанбаев, Жансая Мусина, Аян Ниязбек, Сұлужан Таубалды және қызылорда­лық Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, Кенжебай Жүсіпов пен Бексұлтан Орынбасар есімді ақындарды шақырды.

Жер-жерден жиналған от ауыз, орақ тілді танымал айтыскер ақындардың бұл жолғы өнеріне халық ақыны, Қазақстан Республика­сының мәдениет және білім саласының үздігі Әсия Беркенова, жазушы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ғалым Жайлыбай, жырау, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов пен ақын, журналист Әшімжан Жанарбек қазылық етіп, өнерлерін бағалады.

Бір айдың ішінде бір емес екінші рет өткізіліп жатқан айтысқа  Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары  Бауыржан Байбек те қатысып, қызылордалықтармен бірге айтыс тамашалады. Аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов киелі сахнада тұрған кіл мықтыларға: “ҚР Тұңғыш Пре­зиденті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысын “Алты алаштың анасына” балаған болатын. Міне, сол Алаштың анасы болған Сыр елінде Ұлы кемеңгер “Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына” арналған республикалық ақындар айтысы өтіп жатыр. Айтыс деген кезде ішкен асын жерге қойып, тұла бойына қан жүгірмейтін қазақ жоқ шығар. Айтыс — біздің жастарымыз бен халықты әлеуметтік идеологиялық жағынан тәр­биелеуде мықты қару деуге болады. Жалпы, айтыс екі елде ғана бар екен. Ол — қазақ пен қырғыз. Бұрындары айтыс арқылы бір елмен екінші ел, бір ауылмен екінші ауыл өздерінің жақсы жақтарын дәріптеп, кемшін тұсын сынаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылдың 30 мамырында “Ұлы Абайдың — 175 жылдығын” тойлау туралы қаулыға қол қойған болатын. Соған сәйкес, біздің Қызылорда облысы да тиісті шараларды жасап жатыр. Жылдың басын Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театрында “Абай” трагедия­сымен баста­дық. Жалпы, Қызылорданы қазақтың мәдениетінің нағыз қайнаған қазаны деуге болады. Бұл небір айтыскер ақын­дар, әншілер  шыққан қасиетті мекен. Көнеден жеткен бекзат өнерімізді дәріптеуде шығармашылық табыс тілеймін”- деді.

Қазақтың қара домбырасын қолына ұстаған айтыскер ақындардың қандай реттілікпен және кіммен жұп болып айтысатынын қарапайым халық арасынан екі адам шығып, қоржындағы жеребе арқылы таңдады. Сонымен алғашқы таңдау қызылордалық Кенжебай Жүсіпов пен Шымкент қаласынан келген Ниязбек Аянға түсті. “Алдынғы толқын — ағалар, соңғы толқын — інілер”- деп ақын Абай атамыз айтқандай, бұл жолғы айтыста аға буын ақындар тобына жаңа буын — жас ақындар легі қосылды.

Сыр жеріне Шымкенттен келген Аян Нияз­бек пен Кенжебай Жүсіпов Абай жайлы біраз сөз қозғап, одан әрі ағасын інісі әзілмен қағытты.

Аян Ниязбек:

Сөзіңізге көңілді бөліп тұрмын,

Ағасы әр сөзіңе сеніп тұрмын.

Шыға сап бұлай енді балам ғой деп,

Айтатын әр сөзіңді берік қылғың.

“Жеребе” деген өзі қиын нәрсе,

Мен өз басым біртүрлі болып тұрмын.

Жансая, Әсемдерге әзіл айтып

Келіп еді жас күнімде желік қуғым.

Мұхтар мен Мейірбекпен шықсам

деп ем,

Амал жоқ жеребеге көніп тұрмын.

Ұлы Абайдың тойында дәл бүгінгі

Құнанбайдай ағамды көріп тұрмын.

Әй, айтыстың болсадағы ақсақалы,

Иегінде бір тал жоқ ақ сақалы,

Кенжебайдай ағамды көріп тұрмын.

Майданнан келе жатқан бұл ағамды,

Майданға бара жатып жолықтырдым.

Басыңнан қалай сенің сөз асырам,

Жасымнан айтысыңды көріп, білдім.

Алыстан атаңды жық десе-дағы,

Мен есіктен басқаша еніп тұрмын.

Өзіңдей ақсақалды құрметтеймін,

Әйтпесе сахнада неғып тұрмын.

Әй, аузыңа құм құйып не қылайын,

Қолыңа су құюға келіп тұрмын, — деді.

Кенжебай ақын былай деп жауап қатты:

Сендерден үлкен үміт тосқан шығар,

Демеймін әлсіз бостан шығар.

Жас балдар бірдеңені бүлдіреді деп,

Жүрсін аға әдейі қосқан шығар.

Қадірін қара өлеңнің білу керек,

Есті сөзге жастар құлақ түру керек.

Желікпенен от баспасын жастарым деп,

Арасында бір-екі шал ей, шіркін жүру керек!, — деді.

Жас айтыскер ақын Аян Ниязбек айтысты одан әрі жалғастырып, Сырдың елі өзгелерден бұрын Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған айтысты өткізіп жатқанына риза болғандығын жеткізді.

Одан кейін сахнаға екі дүркін “Алтын домбыра” иегері қызылордалық Мұхтар Ниязов пен “Айтыстың ақтаңгері” атан­ған Айбек Қалиев шықты. Олардың айты­сы әзіл-шыны аралас жауаптасу арқылы өрбіді. Айтыс барысында Мұхтар Ниязов:

Елі іші “дау” мен “жаудан” аман болсын,

Дау шықса дауылдан да бетер екен.

Қалың елім, қазағым қара орманым,

Бір шыбығың болған соң секем етем.

Сыңсыған қара орманды өртеу үшін,

Елеусіз “бір тал шырпы” жетеді екен,

Қайта оны қалпына келтіруге,

Қайтадан жүздеген жыл кетеді екен.

Орманымды оттан сақта о, Құдайым!

Басқасының барлығы бекер екен, — деп елді елең еткізген өзекті мәселені жырға қосты.

Облыстағы республикалық айтыста бой көрсетіп, халықтың делебесін қоз­дырған айтыскерлер Сыр жұртшылығы­ның алдында өзара сөз бен ой салыс­тырып, сүбелі айтыс өткізді.

Үшінші болып сахна төріне көтерілген тәжірибелі айтыскер Мейірбек Сұлтанхан мен ақтөбелік Аруна Керімбек әдептен аспай, қыз бен жігіттің айтысын өз биігінде алып шықты.

Мейірбек Аруанаға:

Басында бар келінсің мың шаруа,

Сынбасын Арунаның шын сағы да.

Жігіттермен шыққанда көмер едім,

Жырымның қара дауыл бұршағына.

Аялап Арунаны айтыстым ғой,

Мінезімнің көрініп жұмсағы да.

Себебі, сен болашақ анасың ғой,

Болмайды артық күшті жұмсауыңа.

Тілегім көп балалы ана болып,

Құшағың тола берсін гүл шоғына.

Ұлы Абайдың әжесі атандырар,

Құнанбайдай ұл берсін құрсағыңа, — деп жақсы тілегін айтып, сөздерін түйіндеді.

Айтыскер ақын, Айбек Қалиев:

Жалпы, Сыр елінде өтіп жатқан айтыстардың біразына қатысып, осы елдің тел баласындай болып кеткен ақындармыз ғой. Аллаға шүкір, бұл айтыстың өзгешелігі, сахнадан жұп тауып, жеребе арқылы айтысу болып тұр. Ақындар да, өзімде шамалы тосырқадым. Содан соң, бірте-бірте маңдайдан бір тер шыққаннан кейін барып ашыла бастадым. Міне, бұл айтыс сондай ерекше­лігімен есте қалып отыр. Биылғы жылдан бастап Қазақстанның түкпір-түкпірінде айтыстар осындай жүйемен өткізіледі деп ойлаймын. Шынын айту керек, соңғы кезде әрбір жерге айтысқа барып жүрміз. Әркім өзінің елінен шыққан тұлғаларға арнап айтыс өткізіп жатады. Ал, мұнда Абай барша қазаққа ортақ тұлға болғандықтан ба, осы Сыр елінің жыр елі екендігін танытып жұрттан бұрын айтыс өткізіп жатқаны мен үшін өте қуанышты жағдай. “Сыр елі жыр елі” деп бекер айтпайды ғой, сондықтан жыр елі мәңгі жасай берсін.

Бұл жыр додасында айтыскер ақын­дарымыз биік талғамды көрермендер алдында Абай насихаттаған құндылықтарды айтып, тәуелсіз еліміздің жеткен жетістіктерін жан-жақты жырлап, тереңінен талдай білді.

Сонымен, айтыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Мұхтар Ниязов иеленіп 3 млн.теңге жүлдеге қол жеткізді. Бірінші орын оралдық Жансая Мусинаға бұйырса, жүлде қорындағы екінші орынды еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтаннан келген Әсем Ережеқызы қанжығасына байлады. Одан кейінгі жүлделі үшінші орынды қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан мен Айбек Қалиев еншіледі. Осылайша, алыстан ат тер­летіп келген ақындар қызылордалықтарға әсерлі айтыс сыйлап, халықты бір дүркіретті.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here