Электронды билетке бой үйрете аламыз ба?

0
185

Ағымдағы айдың 1-ші жұлдызында «Қызылорда автобус паркі» ЖШС ғимаратында қалаішілік автобустарға енгізілетін жаңа пилоттық жобаның таныстырылымы болғанын газетіміздің өткен сандарының бірінде жариялаған болатынбыз. Сол жиында аталмыш серіктестік Алматы қаласынан келген «Alem Pay» компаниясымен бірлесіп «Қызылорда қаласының қоғамдық көліктеріне электрондық билеттік жүйе орнату» жобасын іске қосқалы отырғанын мәлімдеген еді.

Бұл жобаны жүзеге асыру бастамасы өткен жылы басталғаны белгілі. Бірақ толық іске қосу мерзімі түрлі себептермен ауыстырылып, тек сөз күйінде қалып келді. Жыл басында «Alem Pay» компаниясының өкілдерінің қаламызға арнайы келіп, бір автобусқа сынақ ретінде арнайы терминал орнатуы жаңа жүйенің жақын күндері шынымен жүзеге асырылатынын аңғартқандай болды. Сондай-ақ, жобаны іске қоспастан бұрын атқарылар жұмыстың ауқымдылығы да аңғарылып тұрды. Ол үшін алдымен халық арасында түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу қажеттілігі өздігінен сұранып тұрған еді. Бұл жайында газетіміздің өткен сандарында жазылған мақалада кеңінен қамтыған болатынбыз.

Түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттілігі құзырлы мекеме назарынан да тыс қалмаған секілді. «Қызылорда автобус паркі» ЖШС қаламыздағы №264 Т.Есетов атындағы білім ордасында болып, ұстаздар арасында жаңа пилоттық жоба төңірегінде кездесу өткізгені осы сөзімізге дәлел.

Аталмыш кездесуде серіктестік директоры Н.Ахатов пен «Alem pay» компаниясының өкілі Э.Теңізбаев ұстаздар қауымына бұл жобаның мәні мен маңызын кеңінен түсіндіріп, автобустарда электронды төлем жасаудың шарттарын баян етті.

Бұған дейін айтып өткеніміздей, аталмыш жобаны толықтай іске қосуға қызу қарқынмен жұмыстар жүргізіліп жатқанына осы кездесу барысында да қанық болдық. «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Н.Ахатов осы жайында мәлімдей келе, жиынға қатысып отырған мұғалімдер қауымына оқушылар мен ата-аналарға осы жайында түсіндірме жұмыстары жүргізілсе деген пікірін жеткізді.

Жалпы наурыз айының 1-нен бастап қалаішілік үлкен және кіші сыйымдылықтағы барлық автобустарға электронды төлем жасауға арналған арнайы терминалдар мен QR кодтар түгелдей орнату жұмыстары қызу бастау алады. Электронды терминалдар үшін арнайы төлем карталары пайдалануға шығарылады екен. Мұндай қартаның бес түрі болатынын айтқан автобуспен қамтып отырған мекеме директоры оның алғашқы екеуіне кеңінен тоқталды. Оның ішінде мектеп оқушыларына (Школьная) арналған төлем картасы мен ересектерге арналған төлем картасы көпшілік арасында кеңінен қолданылатын болады. Ал қалған үшеуі 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар, 1-ші топ мүгедектері мен 70 жастан асқан қарияларға пайдалануға арналған.

Төлем карталары тегін таратылмайтынын да айта кеткен жөн. Біздің өңірімізде бір картаның бағасы 400 теңгеге бағаланып отыр. Н.Ахатовтың сөзіне сүйенсек, мұндай баға тек біздің өңірде ғана қойылып отыр. Мұндай жоба енгізілген басқа өңірлерде бұл карталар 500 теңгеге сатылады екен.

Негізінен қаламызда білім алып жатқан оқушылар мен студенттерді толықтай төлем картасымен қамтамасыз ету үшін мұғалімдерге түсіндірме жұмыстарын жүргізуді мақсат еткен құзырлы мекеме басшысының бұл бастамасы құптарлық десек артық болмайды. Себебі, сынып жетекшілері ата-аналар комитетімен бірлесіп жауапты мекемеге бала саны мен ата-аналар тарапынан қанша төлем картасы қажет екенін нақтылайтын болды. Соның негізінде тиісті төлем карталарын білім ордаларына мекеме қызметкерлерінің өздері жеткізіп беретін болып келісімге келіп отыр. Соның нәтижесінде әрбір адам төлем картасын іздеп сабылмай, балалары оқитын мектептері арқылы алуларына мүмкіндік жасалып отыр.

— Бұл жоба аясында қала тұрғындарына жеңілдіктер жасау да назардан тыс қалып отырған жоқ, — дейді Н.Ахатов бізбен әңгімесінде. – Атап айтсам,  оқушыларға, 16 жасқа дейінгі балалар мен 1-топтағы мүгедек жандарға және 70 жастан асқан қарт кісілерге бұрынғыдай 50 пайыз жеңілдік сақталады. Яғни, бұл санатты адамдар жаңа жүйе негізінде төлем картасы арқылы автобустарда 40 теңгемен қатынай алады. Ал қалған жартысы мемлекет тарапынан қаржыландырылатын болады.

Сонымен қатар Н.Ахатовтың айтуынша, автобустарға ілінетін терминал мен QR кодтардан өзге халық тарапынан кондукторларға мойнына асып жүруіне арналған терминалдарды да жүйеге енгізу жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр екен. Бұл жүйені де қолданысқа енгізу назарда тұрғанын тілге тиек етті.

Ал «Alem Pay» компаниясының өкілі ретінде Э.Теңізбаев мұндай пилоттық жоба бұған дейін республика бойынша 4 қалада іске қосылғанын мәлімдеді. Бүгінгі таңда жоба сәтті жүргізіліп, өз тиімділігін де дәлелдеп отыр.   

Жоғарыда айтқанымыздай, келесі кезекте біздің өңірде жүзеге асырылуы жоспарланып отырған бұл жобаны алдағы айдан бастап барлық автобустарға енгізу жұмыстары қарқын алатыны мәлім болды. Ал 1 сәуірден бастап мәслихаттың шешімімен толыққанды іске қосылады деп күтіліп отыр.

Осы орайда тағы бір жағымды жаңалықпен бөліскенді жөн көріп отырмыз. Н.Ахатовпен сұхбаттасу барысында бұған дейін газетімізде мәселе етіп көтерген қоғамдық көлікте жүру құнының төмендемей, 90 теңге болып өзгеріссіз қалып отыруының себебін сұрадық. Себебі, өткен жылдары қала әкімдігі тарапынан жаңа жобаның негізінде жол жүру құны 80 теңгеге төмендейтінін мәлім еткен болатын. Ал 1-ші ақпан күні өткен жиында Алматы қаласынан келген «Alem Pay» басшылығы тарапынан жол жүру құны бәз-баяғыша 90 теңге болып қалатынын айтқан еді. Соған орай құзырлы мекеме басшысы бұл жолы біздің сауалымызға орай жаңа жоба іске қосылғанда алғашқыда уәде еткендей жол жүру құны 80 теңгеге арзандайтынын жеткізді.

Жалпы қоғамдық көлікте жүру үшін электронды төлем жасау үшін ұсынылып отырған тәсілдердің бірін пайдалану халыққа тиімді екенін байқадық. Оның ішінде ұялы төлем арқылы немесе төлем карталары арқылы жол ақысын төлеу жолаушыларға қолайлы болатын түрі бар. Өйткені бұл тәсілдердің ешбірін қолданбаған жүргіншілер жол  ақысына 150 теңге төлеуге мәжбүр болатынын тағы бір мәрте еске салғанымыз артық болмас.

Қалай дегенде де санаулы күндерден кейін электронды билеттік жүйе орнату жұмыстарының жанданатын түрі бар. Ал сәуір айынан бастап жолға шыққанда қалтамызға ақша емес, төлем картасын салып жүретінімізге құзырлы мекеме басшылары сендіріп отыр. Ал оның қаншалықты ыңғайлы және тиімді болатынын сол кездері анықтай жатармыз.

            Е.ЖАЛҒАСБАЕВ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here