ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІҢ ЖЫРЫ МЕН СЫНЫ БІТЕР МЕ?!

0
274

Таңғы 06.00… Жұртшылық шырт ұйқыдан оянған уақытта Қызылорда автобус паркінде жұмыс қыза түседі. Қоғамдық көлік қызметкерлері таңмен таласып тірліктерін бастайды.

Көлік жүргізушілері мен кассирлер алдымен диспетчерлік бөлімнен жолдамаларын алып, медициналық тексерістен өтеді. Одан кейін автокөліктер де техникалық қадағалауда болады. Тексерістерден сәтті өткен әр жүргізуші тиісті бағытына қарай аттанады. 

Күнделікті осындай күн­тіз­бемен жұмысқа кірі­сетін авто­бус парк қызмет­кер­лері­мен және қоғамдық көлік­тердің бүгінгі жәй-күйімен бізде көзбе-көз таныстық. 

Жасыратыны жоқ, көп­ші­лік көп сынға алатын қоғам­дық көлік турасында бір емес бірнеше мәселе бар. Оның бірі таңғы 06.00-ден түнгі 21.30-ға дейін қала халқын таситын жүргізуші­лер мен жиналған ақшаға жауапты кассирлердің табыс көлемінде болып тұр. Жүр­гі­зу­шілер 70 мың, кас­сир­лер 45 мың теңге көле­міндегі жалақыға қанағат­танбайды. Соған сәйкес, бұл жұмыс­тарға қызығушылық таныта­тын­дардың деңгейі аз. Өйт­кені, 2 күн жұмыс істеп келесі 2 күнін­де дема­латын кестеге бағын­байтын да күндер кезі­гетін көрінеді. Бізге кездескен көлік жүргізу­шілері үзіліссіз жасаған жұмысқа бұл ақы көлемі өте төмен деңгей­де екенін тілге тиек етті. Әйткен­мен, алдағы уақытта автобус паркінің басшы­лығы қоғамдық көліктердің саны артып, табысы ұлғайса жалақы көлемін көбей­туге уәде берді.

Қоғамдық көліктердің саны демекші,  тиесілі салаға бағыттал­ған ең өзекті мәселелердің бірі осы. Олай деуге негіз бар. 2018 жылы 870 болған көліктердің саны 2019 жылы 750-ге төмендеген. Биыл бұл көрсеткіш 630-ды көр­сетуде. Біздің қалаға салыстыр­малы түрде 240-қа жуық қоғамдық көлік жетпейді. Жақында мекеме тарапынан берілген ұсыныста қажет делінген үлкен сыйымды­лықтағы 80 автобустың 13-не қаражат бөлініпті. Әйткенмен, жоғарыда атап өткен 240-қа жуық автобустың 13-і ғана сатып алы­натын болса, бұл қуантарлықтай нәтиже емес екені анық. 

Тағы айта кетерлігі, жылдан жылға автокөліктердің сапасы сын көтермейтін деңгейге жеткен. Мәселен, бір қоғамдық көлік күніне 300-350 км жол жүреді. Мұнан өзге, жаңадан  пайда болған мөлтек аудандардың хал­қын қамту үшін тиісті аялдама­лардың бағыты кеңейтілді. Мысалы, нөмірі 5-ші бағыттағы қоғамдық көлік бұрын Тасбөгет кенті арқылы жүретін болса қазір Астана мөлтек ауданы арқылы өтеді. Автобустардың жылдам тозуына күнделікті бекітілген бағыттан тыс көп шақырым жүруі себеп. Заңдылығында  ТМД елде­ріндегі автокөліктерге 10 жылға дейін жүргізілуге рұқсат берілсе, шетелдік автобустар 20 жылға дейін қолданыста болуы керек. Содан болар, кәсіпкерлер бірлесіп жұмыс істеуге құлықсыздық танытатын көрінеді.

Автобус паркінің қызметкер­лері бұл мәселелердің шешімін табуға ынталы. Бірақ, түптеп келгенде барлық проблема тікелей қаражатқа байланысты екенін айтады. 

Бұл рейд барысында куә болған өзекті мәселелердің бір тармағы ғана. Өзге де сауалдарға сала мамандары баспасөз конфе­ренциясы барысында жауап берген болатын.

Тілші:

— Кіші сыйымдылық­тағы автобустарға қатысты қандай  кемшіліктер бар?

“Қызылорда Автобус паркі” ЖШС директоры­ның орынбасары Қанат Рахметұлы:

— Біріншіден, қызмет­кер­лерге қоғамдық көлік­тегі тазалықты басты назарға алуды тапсырамыз. Мәселен, қызметкерлер ауа-райы қолай­сыз күндері автобус ішін­дегі тазалықты реттеуге уақыт таппай да қалады. Өкінішеке орай, мін­ген жолаушылардың кейбірі қоғамдық көлікке отырып аяқ киімін таза­лайды. Біз үшін халықтың пікірі маңызды. Бірақ, қызмет­керлердің де орын­ды жан­айқайлары бар. Екіншіден, автокөлік­тер­дің көбі сын көтермей­тіндей деңгейде. Егер олардың саны жет­кілікті болса, күнделікті бағытқа жүруге жарамсыз­дарын қоспас едік.

Тұрғын:

— Алдағы уақытта 2 және 12-ші нөмірлі қоғамдық көлік­тер үлкен сыйымды­лықтағы автобус­тармен жаңарады ма?  

“Қызылорда Автобус паркі” ЖШС жеке кәсіпкерлермен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Әбубәкір Ибрагимұлы:

— Бүгінде 2 және 12-ші нөмірлі қоғамдық көліктерде орта сыйымдылықтағы автобустар қызмет көрсетуде. Кең көлемдегі көліктерге ауыстырудың сәті жақын арада түспесе де, жос­парда бар.

Тұрғын:

— 5 және 21-ші нөмірлі қоғам­дық көліктер неліктен 18.00-ге дейін ғана жүреді? Жұмыс уақы­тын жобамен 22.00-ге дейін ұзартуға болмайды ма?

—  Біз күнделікті рейд жұмыс­тарын жүргіземіз. Кешкі 20.30 және 21.00 дейін қоғамдық көліктер бағыттары бойынша қатынауда. Айта кетерлігі, кешке жолаушылар саны 2 есеге азаяды. Бәлкім, ауысыммен істесе сіз айтқан уақытқа дейін жүрер еді. Бірақ, автокөліктердің аздығы кері әсерін тигізуде.

Тілші:

— Қала тұрғындары 9-шы нөмірлі қоғамдық көліктің жұмысын иә тоқтатып немесе санын толықтыру керектігін жиі айтады. Өйткені, аталған кіші сыйымдылыққа ие қоғамдық көлікті тұрғындар кем дегенде 1.5-2 сағаттың көлемінде күтеді. Бұл мәселе қашан шешімін табады?

— 9-шы нөмірлі қоғамдық көлікке мінетін жолаушылар легі аз. Әйткенмен, жеке кәсіпкерлерді ұйымдастыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, бұл бағыттағы көлікті әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көліктердің қатарына кіргізу мақсатында ұсыныс та берілді. 20 немесе 6 бағыттағы қоғамдық көліктерді 9-нөмірлі автокөліктің жолымен жүргізу де жоспарланып, жол сызбасы қайта қаралуы да мүмкін. 

Тілші:

— Әлеуметтік маңызы бар 1-нөмірлі автобусты сол жағалауға жүргізу туралы шешім шықты. Бірақ, сенбі-жексенбі күндері бұл қоғамдық көліктердің жүру көрсеткіші аз. Неліктен? 

— Қала бойынша күнделікті 400-420 қоғамдық көлік жүреді. Сенбі күні 330-350 шықса, жексенбі күні олардың саны 250-270-ге жуықтайды.  Жолаушылардың ағымы азайса, соған сәйкес жұмыс жасайды. Сондай-ақ, көліктерге қажетті күрделі жөндеуді де демалыс күндерге жоспарлаймыз.  Бұл да бір себеп. 

Тілші:

— Электронды төлем жекелеген қоғамдық көліктерде қалай жүзеге асады және нақты қашан қолданысқа еңгізіледі?

— Қызылорда қаласындағы 600 автокөліке электронды билет жүйесін еңгізу керек. Жауапты мамандар тарапынан кішігірім өзгерістер болуына және құрылғылардың толық жеткізілмеуіне байланысты кешіктірілуде. Дегенмен, қала бойынша бір автокөлік бұл жүйеге енгізілді. Жоспарға сәйкес, 1-2 айдың көлемінде электронды билет жүйесіне көшеміз. Жолаушылар қолма қол 150 теңге және электронды билет арқылы 80 теңге төлейді.  Бұл жүйе барлық сыйымдылықтағы қоғамдық көліктерде қамтылады.

Тілші:

— Кіші сыйымдылықтағы көліктерге мінетін адам саны көп. Жасыратыны жоқ, жол ақысын төлеу түгілі тұрудың өзі қиындық туғызады.  Жолаушылар үшін қолайсыз болмайды ма?

— Жолаушылардың басым көпшілігі қоғамдық көліктен түсетін уақытында ғана жол ақысын төлеуге дағдыланған. Жаңа жүйе қолданысқа еңгізілген уақытта жүргізушінің жанында орналастырылған құрылғы арқылы төлеуге жағдай жасалынады. Көлікке мінген сәтте карта арқылы төлем жүргізсе мәселе болмайды.

Тілші:

— Нұрлыбек Нәлібаевтың қоғамдық қабылдауында Тасбөгет кентінің тұрғыны 17-нөмірлі автобустың бастапқы бағытымен жүруіне қатысты ұсыныс айтқан болатын. Әкім жол жөндеу жұмыстарына 3 күн уақыт беріп, қоғамдық көліктің аталған көшелермен жүруін тапсырды.  Осы мәселе шешімін тапты ма?

Қалалық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Мейірхан Бақытжанұлы:

 — Үлкен кісінің сұрауы бойынша Оразбаев көшесінің бойынан айналып жүруде. Бірақ, жол жөнделгенше Тасбөгет кентіндегі Оразбаев көшесінде үлкен сыйымдылықтағы авто­бустардың жүруіне мүмкіндік жоқ. Бұл мәселе әлі толықтай шешімін таппады.

Сонымен қатар, Қызылорда автобус паркінде қала бойынша 5 бағытты қамтитын әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көлік­тердің бағытын көрсететін арнайы бағдарлама жұмыс істейді. Бағытынан ауытқыған немесе бұзылған автобус туралы хабарды уақытылы алады. Ол мүмкіндік 1,11,14,17,18-нөмерлі автобустарына ғана тиесілі.

Сондай-ақ, уақыт интервалдарын қадағалау үшін 3 диспетчерлік орталық жұмыс жасайды. Жүргізушілер үшін апта сайын техникалық және жол қауіпсіздік ережелері бойынша оқу-жаттығу жұмыстары ұйымдастырылады.

А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here