Жұлдыз жорамал: Шаттығы көп наурыз

0
488

Биылғы жылдың алғашқы көктем айы көптеген адамдарға қолайлы, жемісті болмақ. Өміріңіздегі өзгерістер мен жақсы жаңалықтарды білгіңіз келсе, наурыз айына арналған жұлдыз жорамалға назар салыңыз!

ТОҚТЫ

Жаңа басталған ай сіз үшін бірқалыпты да тыныш өтеді. Айдың алғашқы жартысында бойыңыздан ерекше күш ағынын сезінесіз. Осы күндері көбіне жүрегіңізді тыңдап, ішкі түйсігіңізге сеніңіз. Көптен көлемді бір нәрсе сатып алуды ойлап жүрген болсаңыз, қажетіңізді наурыздың бастапқы күндерінде іздеп көріңіз. Тиімді де арзан бағамен тауып қалуыңыз әбден мүмкін. Айдың ортасына қарай бос уақытыңыз көбейеді. Ол күндерді достармен, жақындармен өткізіп немесе саяхатқа арнап, көңіл көтеріңіз.

ТОРПАҚ

Уақыт пен сәттілік көктемнің алғашқы күндерінен-ақ сізбен бірге екенін білдіреді. Сондықтан, наурызды көтеріңкі көңіл-күйде бастайсыз. Әйткенмен, алғашқы онкүндікте бәсекелестер белсенді іс-әрекеттерімен мазаңызды алады. Оларды басып озу үшін біраз күш жұмсауға тура келеді, дайын болыңыз. Айдың екінші онкүндігі алдыңғыға қарағанда біршама тыныш. Сонда да әр қадам жасарда алды-артыңызға жіті қарап, әр шешім алдында жеті рет өлшеп барып кесіңіз. Бұл күндер – маңызды келісімшарттарға қол қою мен үлкен жоспарлар құруға сәтті уақыт. Оны тиімді пайдалана білсеңіз, айдың соңына қарай қаржылық жағдайыңыз едәуір жақсарады.

ЕГІЗДЕР

Егіздер үшін көктемнің бірінші айы табысты да жемісті болғалы тұр. Бұл айда туындаған мәселелердің күрмеуін оңай шешесіз. Ойыңызға көптеген жақсы идеялар келеді. Оларды іске асыра алсаңыз, кірісіңіз едәуір молаяды. Айдың бастапқы онкүндігінде көптеген жағымды кездесулер мен іс-шаралар күтіп тұр. Егер әлі отбасын құрмаған болсаңыз, жұлдыздар айналаңыздағы адамдардың әрқайсысына мұқият қарауға кеңес береді. Өмірлік серігіңізді жолықтыру мүмкіндігі жоғары. Екінші онкүндікте қызметке қатысты біршама қиын сұрақтар туындайды. Олардың оң шешімін табу үшін біраз күш салуға тура келеді. Сондықтан, бұл күндері бар назарыңыз жұмыста болсын.

ШАЯН

Наурыз айында тағдыр тосыннан көптеген мүмкіндіктер тосады, оларды жіберіп алмаңыз. Бұл жеке өмірге де, мансабыңызға да қатысты болуы мүмкін. Ай басында жеке өміріңізге көбірек көңіл бөліңіз. Отбасылы болсаңыз, өмірлік серігіңізбен оңаша уақыт өткізіп, сезімдерді қайта жаңғыртыңыз. Айдың ортасына қарай шабытыңыз шарықтап, шығармашылыққа деген ынтаңыз оянады. Жалқаулыққа бой алдырмай, ойыңыздағы іспен айналыссаңыз ол көп ұзамай сіздің табыс көзіңізге айналады.

АРЫСТАН

Арыстан белгісіндегі жандар үшін наурыз – жемісті ай болмақ. Бұл кезеңде арыстандар өз бойынан ерекше күшті, жағымды энергетиканы сезінеді. Соның арқасында көптен бастай алмай және бастап қойып, аяқтай алмай жүрген шаруаларды тез тындырып алуға мүмкіндік бар. Ай ортасына қарай оған шабытыңыз оянады. Арыстандар бұл айда өзіне және өмірге деген сенімін одан әрі арттыра түседі. Осы бір жағымды сезімдер жеке және кәсіби өміріңіздің жақсы жаққа қарай өзгеруіне айтарлықтай оң әсер етеді.

БИКЕШ

Наурызда барлық жерде белсенді болудан бас тартып, бар назарыңыз бен көңіліңізді өзіңізге аударыңыз. Жаңа нәрселер үйреніп, тұлғалық даму жолына түсіңіз. Бұл жолда өзіңізді аяудың қажеті жоқ, жетістікке алға қарай жасалған қадамдар, үздіксіз әрекет қана жеткізеді. Қаражат жағына бас қатырмаңыз, көлемді шығын шығаратын жағдайлар жоқтың қасы. Ай басында қызметіңіз ауысуы немесе мансабыңыз жоғарылауы мүмкін.

ТАРАЗЫ

Егер қызмет орныңыз бен жеке өміріңізге тәртіп орната білсеңіз, наурыз жайлы да жағымды естелікке толы ай болады. Жақсы нәрселерді көп ойлаңыз. Негатив ойлардың санаңыздан сығалауына жол бермеңіз. Сонымен қатар, өміріңізге кедергі жасайтын, жалған күлетін, қажет болғандықтан араласып жүрген «достармен» араңызды үзіңіз. Үйге де тазалық жұмыстарын жүргізгеніңіз абзал.

САРЫШАЯН

Көктемнің алғашқы айы қызметтегі маңызды мәселелерді шешіп, қаржылық жағдайды көтеруге жақсы мүмкіндіктер ұсынады. Айдың орта шенінде көптен көріспеген дос не туыстармен жылы кездесу күтіп тұр. Ал, шығармашылықпен айналысатын сарышаяндар тоқтау, тоқырау кезеңін бастан өткізуі мүмкін. Мұндай үзілістің де болып тұрғаны дұрыс деп қабылдап, жақсылап демалыңыз.

МЕРГЕН

Мергендер айдың алғашқы күндерінде ұсақ-түйек жайсыздықтарға тап болады. Ол жақындармен ренжісу, құнды бір затының сынуы не жоғалуы, тағы да басқалары болуы мүмкін. Қандай жағдай болса да, қапаланбаңыз. Кішкене көңіл-күйді түсіргенмен, өзіңіз жеңіл қабылдауға тырыссаңыз, арты үлкен мәселеге ұласпайды. Наурыздың аяқ шеніндегі аптада идеяларыңызды, жоспарыңызды жүзеге асыруды батыл түрде қолға алыңыз. Бұл күндері сәттілік сіздің жағыңызда.

ТАУЕШКІ

Наруыз айында сізді үлкен істер күтіп тұр. Оларды атқару үшін ынта-ықылас және физикалық күш қажет. Сондықтан, бос әңгімеге, керексіз кездесулер мен пайдасыз істерге уақыт пен энергияңызды құртпаған абзал. Айдың алғашқы онкүндігі жайлы да тыныш өтеді. Бұл күндері қабылдаған шешімдеріңіз де, жасаған істеріңіз де дұрыс болып шығады. Сонда да, жұлдыздар бәрін алдын-ала жан-жақты ойлануға кеңес береді.

СУҚҰЙҒЫШ

Бұл айда астрологтар тағдырға көбірек сеніп, көп істі уақыттың еншісіне қалдыруға кеңес береді. Орын алған жағдайлармен алысамын деп тырыссаңыз, көп күшіңізден айрыласыз әрі оның соңы нәтижесіз болуы да мүмкін. Сондықтан, бәрін бір Аллаға тапсырып, мәселелердің өздігінен шешілуін төзіммен күтіңіз. Ай соңында жақыным деп жүрген бір жан сатқындық жасауы ықтимал. Онда да жүрекке жақын қабылдамауға тырысқан жөн. Жай ғана «солай болуы тиіс еді» деп, оны өз өміріңізден шығарсаңыз болғаны.

БАЛЫҚТАР

Жылдың жаңа мезгілінің басталар тұсында сіздің бойыңызда жаңа өмір бастауға деген құлшыныс оянады. Өмірдің барлық саласына өзгеріс енгізгіңіз келеді. Ендеше, не тұрыс, бастаңыз. Жаңа пайдалы әдеттер мен әрекеттер тізімін жасап, жоспар құрыңыз. Адамдармен қарым-қатынасты жақсарту, өзіңізді тұлғалық дамыту жолында жұмыс жасаңыз.

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here