Нәлібаевтың “Қажымұқандары” қанша?

0
318

Қала көлемінде білім, мәдениет сынды салалардан өзге спорт та өз биігіндегі даму сатысында. Оған дәлел — облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі додалардың ұйымдастырылуы мен салаға қызығушылық танытқан әр спортшыға қолдаудың білдірілуінде. Жылдағы дәстүрден жаңылмай, Қызылорда қаласы әкімдігі жыл басында қазақ күресінен республикалық турнирді ұйымдастырды.

Жарыс күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алуға арналды. Әлем чемпиондарымен бақ сынасқан палуан қатысқан әр сайысынан тек жеңіспен оралған. Сондай-ақ, ол 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған орасан күштің иесі болған. Осы орайда, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жас спортшыларға алып аталарының жолын берсін деген лебізін арнап, көрермендердің қатарында отырды. Бұл күресті ұйымдастырудағы жоспар — Қажымұқан Мұңайтпасұлының спорттағы ізгі жолын бүгінгі өскелең ұрпаққа насихаттай келе өнеге етуге негізделген.

“Евразия” мәдени спорт кешенінің боз кілемінде 2000 және 2002 жылдары дүниеге келген спортшылар белдесті. Еліміздің әр аймағынан ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан Республикаларынан да жас күресшілер ат терлетіп келді. Биыл 8-ші мәрте өткізілген дәстүрлі сайысқа барлығы 220 спортшы қатысты.

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

— Қаламыздың жас спортшылары әртүрлі әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырынан көрінуде. Бүгінде республика көлеміндегі бұл байрақты бәсекеге қатысушы жас спортшылардың саны да артып келеді. Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық қала тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттыру бағытында да көптеген жұмыстар атқаруда. Жыл сайын Сыр өңірінің бас қаласы – Қызылорда қаласында қазақтың қанына сіңген қайсар қасиетінің, биік рух пен намыстың күшін ортаға салып, боз кілемде белдесу үшін еліміздің барлық аймақтарынан, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен жас палуандарымыз бас қосып, ұлттық спортымызды баршаға паш етеді. Алдағы уақытта да жас спортшыларымыз талай табыстарға қол жеткізіп, халықаралық ареналарда еліміздің абыройын асқақтатып, байрағымызды көкке желбірете берулеріне тілектеспін,- деп лебізін жолдаған қала әкімі жеңімпаздарға спорт шеберлігіне үміткер атағы берілетінін атап өтті.

Екі күн қатарынан өткен бұл турнирде 9 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Нәтиже де қуантарлықтай. Мәселен, 1-ші күннің қорытындысына сәйкес, 3-ші орынды түркістандық Дінмұханммед Искаков, Бейбарыс Құрманбай, қызылордалық Ұласхан Алыспаев, Еңбек Сақтағанов,

Дамир Мұңайтпас, павлодарлық Рахат Манап, ұлттық құрамалық Әбдрахман Орынбасар, Өзбекстаннан келген Мірзаев Мухриддин, шымкенттік Ернұр Айдаев және қостанайлық Алдияр Ирболсынов еншілесе, 2-орынға Жамбыл облысынан келген Шоқан Нұрмаханбет, алматылық Қуанышбек Оралбай, Бауыржан Тоқтар және шымкенттік Ғалым Таңатар мен Дархан Ысырайыл ие болды. Ал ұлттық құрамалық Бауыржан Хуангер, түркістандық Бекнұр Қуандық, жамбылдық Азат Рысбек пен Бақберген Бергенбай, қызылордалық Айдын Жыланбаев жүлделі 1-орынды қанжығаға байлады.

Сондай-ақ, боз кілемдегі күрестің 2-ші күнінің қорытындысына сәйкес, жамбылдық Аслан Джармұханбет пен Бақыт Сайлауов, алматылық Жандос Жанәділ, ұлттық құрамалық Орынбасар Бақтыбекұлы, ақтөбелік Бекзат Шакизаев, атыраулық Бекарыс Маратұлы, павлодарлық Әділ Айдарғазин және қарағандылық Жандос Базарбек 3-ші орынға ие болса, Ақмола облысынан келген Рамазан Қуандықов, қызылордалық Әзір Абдрахманов пен Данияр Уралбаев, алматылық Оспан Асатай 2-ші орынды иеленді. Ал шымкенттік Жұмажан Қожамбеков, өзбекстандық Яшнарбек Уроков, түркістандық Әділ Төлен және қызылордалық Теміржан Руслан жүлделі 1-ші орынды еншілеп жеңімпаз атанды.

36 жеңімпаздың ішінен ең жоғары көрсеткішке ие болғаны яғни 7-і қызылордалықтар екенін ескерсек, Нәлібаевтың болашақ “Қажымұқандарды” спортқа бүгіннен баулып жатқанына көз жеткізуге болады.

I орын иегері Бекнұр Қуандық:

— Бұған дейін ҚР чемпионатында чемпион атанған болатынмын. Осы жарысқа да тыңғылықты дайындықпен келгендіктен жеңімпаз боламын деген ой болды. Қарсыластарыма сәттілік, өзіме жеңіс тілеп күрестім. Нәтижесінде, 1-ші орынға ие болдым. Қатысушылардың барлығы жоғары деңгейдегі дайындықпен келген. Жарыс та өте қызықты өтті. Болашақта Қажымұқан атамыз сияқты биік шыңнан көрініп, Қазақстанның туын желбіреткім келеді.

Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі турнирдің құрметті қонақтарының тізімінде Қазақстан Республикасының спорт қайраткері, спорт ардагері Тоқташ Алдоңғаров және Самбодан КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақ күресінен Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы Жақып Мұрат Нұрмағанбетұлы болды.

— Халық палуанына арналған сайысқа республиканың барлық аймағынан қатысушылар келді. Оның ішінде Қазақстандық ұлттық құрама командасы да күштерін сынады. Бұл ҚР чемпионаты алдындағы үлкен жарыс. Өйткені күрестен жеңгендерге спорт шебері атағы беріледі. Әр қатысушы жоғары деңгейлі дайындықпен келгенін әртүрлі әдістерді қолдану арқылы дәлелдей білді, — деген Ұлттық дәрежедегі жетекші төреші Самат Арғынбаев жарысты ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Сайыс соңында спорт саласының үздіктері, сала басшысы жеңімпаздар мен жүлдегелерді мадельдармен және қаржылай сыйлықтармен марапаттады.

А.Әлиарыстан

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here