Абай Сыр бойына жиен бе?

0
809

Биыл елімізде Ұлы Абайдың 175 жылдығы жоғары деңгейде аталып өткізілуде. Соған орай баспасөз беттерінде ақынның өмір тарихы жайында көптеген мақалалар жарияланып жатыр. Деседе әкесі Құнанбай, анасы Ұлжан мен әжесі Зере әжесі жайлы нақты мәліметтер, тұщымды ақпараттар жоқтың қасы. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында да ол кісілердің тегі кездеспейді. Яғни, төркіндері жайлы еш жерде айтылмаған.

Негізінен Құнанбаймен араласқан. Сыйласқан. Шешен тілді Бозжан ағасы Шаншар Кіші жүз, Жеті ру, оның табыны. Тобықты жерін мекендеген. Бір рулы ел Құнанбайдың іргесін нығайтып, қауымын көбейткен.

Құнанбай Бозжанды жақсы көрген. Сыйласқан. Қимастық қасиет сағындырып, қажылыққа барарда Сыр бойы арқылы Кіші жүз, Жаппас руынан Аппаз, Мырқы есімді байларға соғып, Бозжанмен хабарласады.

Ғұлама, жас Қалжан ахунға хабарласып жолығады. «Ықылас ниетіммен қажылыққа бара жатырмын, жаста болсаң білгенің, көргенің көп ғұламасың бәтаңды бер», — дейді.

Үлкенге бата беріп көрмеген жас Қалжан қысылып, мүдіріп қалғанда бірге жүрген Бозжан атамыз «Ай, Құнанбай мен берейін батаны, қолыңды жай», — дейді.

«Алла, Ер қалауын қабыл етсең, Меккеде қалсын. Алла, Ер қалауын қабыл етсең елге оралсын» — деп бет сипайды. Сонымен ел тілегі қабыл болып, аман-есен елге оралады. Қайтарында Түркия Қап тауы арқылы Сыр бойына Арал, Қазалы, Қармақшы Жалағаш, Тереңөзекке соғып арқаға аттанады. Бірге болған Бозжанда қимай қоштасады. Ұлжан қарындасына, Абай жиеніне дұғай-дұғай сәлем жолдайды. Ол уақыт жас Абайдың аты шыға қоймаған кезі екен.

Бұл әңгімені Қалжан ахун әкесінен естіген туған ұлы Уамых Мақсұмды екі аудан, Жалағаш, Тереңөзек арасына қыдыртып жүрген шофер Қосан ағамыз естіген. Ол кісі қазір 87-ге келді. Тереңөзек қыстағында тұрады.

Бозжанның ағасы Шаншар тобықты еліне сіңісіп, күйеу, құдандалы жекжат болады. Қызы Ұлжанды інісі Бозжанның айтуымен Құнанбайға қосады. Ұлжанның жеңгелері: «жас қызды кәрі шалға, соқырға қосқаны несі?» — деген ренжулерін білдірген. Ақылды, жас қыз Құнанбайға жар болып, Абайдай ақылды ұлды өмірге әкеледі.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Қызылордада Гоголь атындағы институтта оқыған Исахметова Роза қарындасымыз бірге оқитын студент қыздардың шақыруымен Семейге қыдырып барып, Жидебайдағы

мұражайға барғанда Ұлжанның өмір дерегінде «Сыр бойының қызы» деген жазуды оқыған.

Енді бір оқиғаны айта кетейін. Құнанбай елінде ірі ас өтеді. Ат бәйгесіне көп мал тігіледі. Құнанбай шараны басқарушыларға: «Бозжан атамыздың бір көзі шағыр байталы бар екен. Соны бәйгеге қосамын», — дейді. Шараны басқарып жүргендер қарсы болады. Құнанбайдың екі бәйге аты, Бозжанның шағыр байталы бір биеден тараған. «Байтал шауып бәйге алмас»- деген сылтаулар айтылып, көп дау болып, ақыр соңында бәйгеге қосады.

Бәйгеде байтал бірінші келеді. Құнанбайдың аттары екінші, үшінші болып келген. Жағымпаздар бас бәйгені бермеуге тырысып, түрлі сылтаулар айтады. Ақыр соңында «соқыр байталға бәйге жоқ,» — деп шорт кеседі.

Әділетсіздікке шыдамаған Бозжан: «Әй, не деп тұрсыңдар. Соқыр Құнанбай ел басқарып, би, сұлтан болып отырған жоқ па?» — деген кезде бір жандайшап: «тіліңді тартып сөйле», — деп, қамшымен Бозжанды 1-2 рет тартып жібереді. Ешкім ара түспейді. Құнанбай төмен қарап отырған күйі үндемей қалады.

Сол ашумен жақындарын ертіп, (ермегендер қалады) Сырға бет алады. 2-3 күн өткенде Құнанбай жанындағыларын жинап: «Әй, қауым менің іргем сөгіліп қалды ғой. Бозжаннан кешірім сұрап қайтарыңдар,» — деп тай тұяқ алтын беріп, адамдарын жібереді. Еліне бағыт алған Бозжан кері оралмайды. Еліне қауышып, қалың көпшілікке сыйлы болып, би атанады. Қашаннан өтірікке, әділетсіздікке, зорлыққа шыдамайтыны қанында бар қасиет. Сыр бойындағы келеңсіздіктерге де қарсы шығады. Кәдімгі айта беретін байлар, би-болыстар төменгі тапқа жарлы-жақыбайға, тізелерін батырып, үстемдік жасаушылар, бұл жақта да барына ренжіп, төменгілердің сөзін сөйлеп, қорған болады. Орыс тіліне жетік Бозжан атамыз Ақмешітке генерал губернатор Перовскийдің қабылдауында болып, әділдікке қол жеткізеді. Бозжаннан тараған ұрпақтар (немерелері) Нұрмұхамед, Жармұхамед, Жолмұхамед Қазақстанға белгілі азаматтар. Тарихта аттары қалған орта жүзге жиендер.

Бозжан атамыздың қайтыс болған бәйбішесінен бір қыз қалған. Өзі кейін арқаның қызына үйленген. Орта жүздің қызы әжеміздің Құдайберген, Алдаберген, Тәңірберген, Тайлыбай деген балалары тарайды.

Немересі Нұрмұхамеді Алматы облысында, І-хатшы Жоғарғы кеңестің төрағасы, ерекше қабілетті белгілі тұлға, ал Жолмұхамед Бауыржан Момышұлының орынбасары, саяси жетекшісі, оң қолы болып, (политрук) Мәскеуді қорғап, 1941 жылы желтоқсан айында қаза табады. Ол тарих Бауыржан туралы жазылған деректерде молынан айтылған. Оны Бауыржан Жолмұхаммед демей Жолтай, Ақжолтай деп атаған.

Абай халықтың, қазақтың ортақ ұлы. Ерекше тұлғаны ешкімде меншіктей алмайды. Біздер Кіші жүз, оның ішінде Табын руы Абайдың қанында, қасиетінде үлесі бар деуге негізіміз бар.

Шаншар атамыз тобықтыға күйеу. Сол Семей өңірінде тұрақтап қалған. Бозжан атамыз елге оралып, үлкен шаруалар атқарып, Жезқазғанмен шектесетін Қарақұм жайлауында дүниеден өтті. Бейіті Нұралықта. Мұнайлы алқапта. Қазір мәңгілік жатқан төңірегінен көп мұнай өндірілуде.

Атақты Абайды Кіші жүзге, Жетіруға, оның ішінде Табын руына жиен деп санайды. Бұл дерек баяғыдан елдің зердесінде.

«Абай жолы» кітабындағы Бөжейді Бозжанға телиді. Бірақ Бөжейдің сүйегі сол жақта, асы берілгендігі тағы басқа көптеген деректері Бозжанға келіңкіремейді.

Бұл тарихтан академик Ғарифолла Есімов хабардар болуы мүмкін. Тарихшылар тануы мүмкін. Дерек көздерінің нағыз куәлары өмірден өтті. Анық шындықты ол жақтан анықтау күмәнді. Десе де сыр еліндегі деректерді биылғы Ұлы ақынның 175 жылдығында хабарлауды жөн деп таптық.

Дерек көздерден жинақтаушы: Б.Көштаев,

Жалағаш кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы,

еңбек және тыл ардагері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы,

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here