Танымал тігінші тілегі

0
164

— Алғаш тігінге бет бұрған кезіңізді және тігіншілікті неге тандағаныңызды білгіміз келіп отыр… 

— Анам бір ауылды киіндерген тігінші. Әлі күнге дейін тігін тігеді.  6 ұлдан кейін дүниеге келген қызына өз өнерін үйреткісі келді. Мені атақты тігіншілердің қатарынан көруді армандады. Мектеп табалдырығын аттамай тұрып-ақ, тігін тігудің әртүрлі әдісін меңгердім. Анам көрпешенің матасын пішсе, мен тігетінмін. 7 сыныпта алғаш рет анамның көмегінсіз құрақ көрпешені құрадым. Ол көрпешелер әлі бар. Уақыт өте келе Алматыдағы мемлекеттік сервис және технология колледжіне модельер мамандығы бойынша грант негізінде оқуға түстім. Шынымды айтсам, сол уақыттарда есепші болуды армандағандықтан, тігіншілікке аса қызығушылығым болмады. Үлкендердің айтқанын тыңдап өскен жастың бірі ретінде анамның айтқанымен оқуға келісімімді бердім. Нәтиже де бар. Өйткені, оқу барысында енді игеретін әдістерді мен алдын ала біліп отырдым. Пішуді аса білмегенмен, тігудің барлық технологияларын меңгеріп алғанмын. Демалыс күндері Қызылордаға келгенде анам мектеп формаларын пішіп берсе, соны тігіп студент кезімде де ақша таптым. Сосын Бішкек және Алматы қалаларындағы базарлардан мата таңдауды да үйрендім. Оқу бітіргендігі жөніндегі дипломды қорғаған соң 2 күннен кейін ұстазым ұсынған жұмысты істеп, сол аралықта Алматыдағы Сымбат академиясында жоғары оқу орнын бітірдім. Кейін Қызылордаға келіп, үлкен тігін орталығына жұмысқа орналастым. Одан кейін қалаға қарасты Ж.Маханбетов ауылында шағын тігін орталығын аштым. Ауыл тұрғындарының тапсырыстарын алып, жергілікті мектеп оқушыларына арналған форма тіктім. Артынша қалаға келіп, жұмысымды жалғастырдым. Өзгенің шеберханасына жұмысқа орналасуға ынта болмады. Өйткені, жеке кәсібімді дамытуды көздедім. Тұрмысқа шыққан соң да, өз есіміммен ашылған жеке кәсібімді алға ілгерілетіп келемін. 

— Әр кәсіптің ілгері дамуында маманның жауапкершілгі басым болуы керек. Сондай-ақ, әр кәсіптің өз қиындығы мен қызығы тағы бар. Тігінге қатысты тұстарын атап өтіңізші…

— Әйел адам болған соң, үйдегі және түздегі тірліктерді қатар алып жүру керексің. Кейде өз жақындарыма көп уақыт бөлмей қалатын сәттер болады. Қызмет барысындағы әр күнім қызық қой. Жұмыстан қиындық болған емес. Кәсіпке қатысты жаңалықтарды уақытылы игеріп отыру үшін тұрақты ізденемін. 

— Өзіңізбен сұхбат барысында әртүрлі мінезді адамдар келіп жатыр. Шыны керек, бүгінде көпшіліктің тілін де, қалауын да табу оңай емес. Бұл да қызметтегі қиыншылықтың бір парасы емес пе? 

— Тігін ательеме келген барлық тапсырыс берушілермен сыпайы тілдесу — міндетім. Негізі көпшіліктің тілін табу мен үшін аса қиын емес. 

— Өзіңіз таңдаған бұл кәсіптің даму деңгейі біздің өңірде қай деңгейде деп ойлайсыз?

— Мен осы тігін орталығын ашқан уақытта қаламызда жастардың тігін ательелері мүлдем жоқ болды. Уақыт өте келе қатарымыз көбейіп келеді. Сосын біздің халық жеке тапсырыс беруден гөрі дайын өнімді алғанды құп көреді. Яғни, тігіншілерге деген сенім деңгейі төмендеу. Тағы айта кетерлігі, тігетін киімнің бағасын айтсаң, тапсырыс беруші танданыспен қарайды. Оның ойынша тігу бағасы төмен болу керек. Жаппай сатылымға шығарылған киімменен жеке тапсырыспен дайындалған киімнің бағасында алшақтық болатынын ескерген жөн. Бұл сапаға байланысты. Тапсырыс берушінің таңдауымен және қалауымен тігілген киім әсте арзан тұрмайды. Тапсырыс берушінің көңілінен шығу үшін тігілетін тігіс әдісі де, пайдаланатын ине жіптер де қымбат тұрады. Тағы айта кетерлігі, адамдардың таңдауы мен талғамы, киіну үлгілері өзгерді. Бұрынғы және бүгінгі сән үлгілері де, тігу әдістері де басқаша. 

— Сапасы төмен болса да арзан бағаға сатып алуға бейім жұрт өзіне шақтап лайықталып тігілген киімнің қымбат бағасын қабылдауы үшін қандай қадамдар керек деп ойлайсыз? 

— Ең бірінші білім. Өкінішке орай, ине мен жіп ұстаған әйелдердің барлығын тігінші деп қабылдаймыз. Ол дұрыс түсінік емес. Пішу мен тігудің өзіндік технологиясы бар. Біліктіліксіз тігілген киім адам үстіне қонбайды. Салаға бейімі бар жастар білімдерін әркез жетілдіріп отырса деймін. Жоғарыда айтып өткендей, тігін орталықтары көбейіп келеді. Айта кетейін, әріптестерімді өзіме бәсекелес деп қабылдамаймын. Олардың жетістікеріне әркез қуанамын. Әр адамның өз несібесі бар. Екіншіден, басқа жақтарда күнделікті киімдерді де тіктіруге тапсырыс береді. Ал қызылордалықтарда ательеге тек тойға көйлек тігу үшін ғана келеді. Кеңсеге арналған не спорттық үлгідегі киімдерге тапсырыстар деңгейі өте төмен. Алматыдағы әріптестерім де осыған танданыспен қарайды. Бізден жасы үлкен тәжірибесі бар тігіншілер заман талабына сай тігу өнерінің жаңа әдістерін меңгерсе деймін. Сол кезде қаламыз бойынша тігін кәсібінде ілгерілеушілік болар еді. Өзім де шет елдерге барып білімімді жетілдіргім келеді. Болашақта тігіншілікке қызығушылық танытқандар үшін арнайы оқу бағдарламасын әзірлеп, курстық жобалар өткіземін. Оған сұраныс да аз емес. Менің білімім мен біліктілігім жетеді. Тек уақыт тапшы. 

— Отандық өнімдерді базар, дүкен сөрелерінен сатып алуға, не өздеріңіз сияқты кәсіпкерлерге арнайы тапсырыс беруге жұртшылықтың қалталары көтере бермейді. Бәлкім, тапсырыс деңгейінің төмен болу себебі де сол шығар?  

— Ол да бар. Тек киімдер ғана емес басқа да отандық өнімдердің барлығы қымбат. Өйткені, бізге келетін шикізат қымбат. Мәселен, Қытай тауарлары 4-5 есе арзан. Сырттан елге әкелгеннен кейін баға еселеп өседі. Соның барлығы өнім бағасының өсуіне әсер етеді. Шет елде киім көптеген құрылғылардың көмегімен тігіледі. Қытайда бір киімнің қалтасын немесе жағасын тігетін арнайы машинкалар бар. Бізде ол жағы дамымаған. Сондай-ақ, әр сала мамандарына арналған киімдерді тігу үшін құрылғылар жетіспейді. Көрпеше тігетін машинка да керек. Ал анам көрпешені әлі күнге дейін қолмен тігеді. Адам жұмысын құрылғылардың көмегімен жеңілдеткен соң, киім де арзанға бағаланып, уақыт та үнемделеді. Бізде көп өнімдер қолмен тігілетін болғандықтан бағасының қымбат болуы заңдылық. Егер арнайы құрылғылар біздің елде де болса тауарлардың бағалары қалтаға қонымды болар еді. Екіншіден, мата мен тігіншілердің еңбекақысы да сол бағаға кіреді. Маталарды Қытайдан, Қырғызстаннан және Түркиядан әкелемін.

— Мәселен, ательеңізде бір көйлектің төменгі, орташа және қымбат бағалары қанша теңгенің көлемінде?

— Тойға киетін көйлектердің ең арзаны 30 мың теңгенің шамасында болады. Орташа баға 50 мың болса, ең қымбат киім 100 мыңнан жоғары бағаланады. Тапсырыс берілген киімнің тігілу жұмысына және матасына қарай бағасы қымбаттайды. Бүгінде көпшілік тарапынан 50 мың теңгенің көлеміндегі киімдерге сұраныс көп. Осы тұста айта кетейін, жақында өз орталығымның тігіншілері тіккен өнімдерді ғана сататын дүкен ашамын. Ол дүкеннен тек той көйлектерін ғана емес, күнделікті киімдерді де сатып алуға болады. 

— Тігіншілерді жұмысқа алатын кезде қандай талап қоясыз?

— Тігу стиліне мән беремін. Мүмкіндігінше жастарды алуға тарысамын. Өйткені, тігілген дайын киімдерге өзгеріс еңгізу керек болады. Сондай сәттерде өзіңнен жасы үлкен кісілерге тапсырма беру мен үшін ыңғайсыз. Менің де тігіншілерім болашақта жеке орталықтарын ашамын десе батамды беремін. Өзім де біреудің қоластында жүріп, кәсібімді аштым ғой. Сондықтан менен сәттілік болмаса, қарсылық болмасы анық. Әзірге 5 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Болашақта кәсібімді үлкейтемін деген сенімдемін.

— Қызылордада жеке тігін шеберханасын ашып, кәсібін жүйелі жүргізіп отырғандардың бірі — өзіңіз. Сыр өңіріндегі танымал тігінші ретінде осы кәсіпке қандай жаңашылдық әкелдім деп айта аласыз?

— Әр кәсіптің өз ерекшелігі бар ғой. Келген клиенттің алдымен мүсініне қарап, оған қонымды киім үлгісін таңдауы үшін кеңес береміз. Ол жұмыс барысында анықталады. Қандай да бір киімнің үлгісін тек менің ойыммен ғана тіктіретіндер бар. Аймақ көлемінде сапалы киім тігуге өз үлесімді қостым деп айта аламын. Туысқанға айналған тұрақты клиенттерімнің жылы лебіздері бар. Тігінші болған 7 жыл уақытта осы тігін орталығым, жақында ашылатын киім сататын дүкен қалаға әкелген жаңалығым әрі жетістігім деп білемін. 

— Ұлттық нақыштағы киім үлгілеріне қызығушылық танытып жатқандардың саны жыл санап артуда. Бұл — қуантарлық. Қазақылықтан алыстамаған аймағымызда қыз-келіншектер тарапынан қазақы оюмен безендірілген киімдерге тапсырыс қаншалықты деңгейде? 

— Өзге өңірлермен салыстырғанда ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс жоғары деп айта аламын. Мәселен, ғаламтордан әртүрлі үлгілерді әкеліп тіктіретіндер көп. Тек, біздің аймақтың тігіншілерінен сол сұранысқа сай әрекет пен үлгеру байқалмайды. Өз дүкенімде сатылатын көйлектер мен күнделікті киілетін киімдерді де арнайы ұлттық ою-өрнектермен безендіремін. Бүгінде бұл киімдерге үлкендердің ғана емес, жастардың да сұраныстары жоғары.  

-Отандық дизайнерлердің басым көпшілігі шет елдердегі және өз еліміздегі көрсетілімдерге жиі қатысып, киім үлгілерімен таныстырады. Республикалық көлемдегі шаралардан бой көрсету ойда бар ма?

— Маған жыл сайын әртүрлі көрсетілім ұйымдастырушылары тарапынан ұсыныс түседі. Бірақ, өзім қарсылық танытамын. 

— Неліктен?

— Қатысу үшін де ақша төлеуге міндеттіміз. Ол қаражатты мен орталығымды ілгерілету үшін пайдаланғаным дұрыс деп ойлаймын.

— Бәлкім, республика көлемінде Назым Тайымбетова брендінің сән әлеміндегі  қалыптасуына мұрындық болар ма еді?

— Алдағы уақыттарда сәті түсер деген сенімдемін. Мен ол қаржыға маталар сатып алғанды жөн көремін. Мүмкін, демеушілер іздеп қатысуға да болар еді… Қаржыны әзірге ондай шараларға ысырап еткім келмейді. Өзімнің тігін орталығымнан шыққан өнімдерді тек қалада ғана емес, басқа өңірлерде де сатуды көздеймін. Тігіншілердің санын арттырып, ательенің көлемін кеңейткім келеді. Қазір жұмыс орнын жалға алып жұмыс істеп отырмыз. Алдағы уақытта  жеке ғимарат сатып алып сонда көшсем деймін. Сондай-ақ, сапалы киім тігіп, сұранысқа сай үлгілердің санын арттырсам қазақстандықтарға танымал болармын деп ойлаймын. 

— Сұхбатыңызға рақмет!

А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here