Сыртқа 30 мың тонна цемент жөнелткен

0
120

Жер аумағы 3239755 гектар 40 елді мекенінде бүгінде 82601 тұрғын қоныс­танған Шиелі ауданы да облыстың өндірісті, шаруашылықты іргелі аудан­дарының бірі.

«2019 жылы ауданның даму көрсет­кіштері  статистика органдарының мәлі­метімен жалпы экономикалық тұрғыдан тұрақты жағдай қалыптасқанын көрсетіп отыр», — дейді сырт көзге біртоға, қызыл сөзге құмарлығы байқалмайтын, шаруа жайына қанық көрінетін әкім Әшім Оразбекұлы. Өткен жылы ауданның жылдық бюджеті 21 млрд. 044,8 млн. теңгені құраған. Оның ішінде жергілікті бюджет кірістері жоспары 1 млрд. 871,9 млн. теңге болып, жыл қорытындысымен 110% бюджеттік шығыстар 99,6% орын­далған.

Әкім атаулының іскерлігінің бірінші шарты ретінде белгіленген кәсіпкерліктің даму барысы жөнінен Ә.Оразбекұлының да ауыз толтырып айтарлықтай көрсет­кіштері бар көрінеді. Өткен жылы ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4895-ке жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда арта түскен. Тіркелген кәсіпкерлердің 91,7%-ы жұмыс барысында екен. Кәсіп­керлікті қолдауға бағытталған өңірлік, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржы алып, кәсібін бастап, кеңейтіп жатқан жұртшылық қатары да баршылық. Аудан кәсіпкерлеріне мемлекеттік кірістер басқармасы арқылы 8,2 млрд. түсім түскен, оның 2,5 млн. теңгесі шағын және орта кәсіптен. Ал енді өндірісті ауданның осы тараптағы өрісі қандай дегенде аудан әкімі тосылып қалмастай. Өткен жылы ауданның өндіріс орындары 31,4 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, көр­сеткішті алдыңғы жылмен салыстырғанда 100 пайыздан асырған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі де арта түскен.

Ауданда өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген жобалық құны 149,2 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылуда екен. «Гежуба Шиелі цемент компаниясы» ЖШС-ның «Тампонажды цемент өндіру зауыты» қарқынды іс барысында көрінеді. 380 мың тоннадан аса өнім шығарып тастап, Өзбекстанға 30 мың тоннасын жөнелтіп тастапты. Шиелідегі бірегей өндіріс «Фирма Балауса» ЖШС-нің «Бала сауысқандық кешенінде қара тақта тасты автоклавты өңдеу» жобасы толықтай іске қосылғанда 649 жаңа жұмыс орны құрылмақ екен. Бүгінде «Фирма Балауса» өндірісінде 150 адам жұмыс істеп, өндірілген өнім Ресей мен Ұлыбританияға экспортталуда екен. Жалпы Шиелінің өндірістік аймағындағы өндірістерді индустрияландырудың екін­ші бесжылды­ғында жүзеге асырылған жобалар бойынша бюджетке 3,2 млрд. теңге салық түсіп, 7,4 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 294 адам тұрақты жұмыс тауыпты.

«Алтын дән» науқанының қорытын­дысымен чемпион атанып та жүрген Ыбырай  Жақаевтың ізбасар-жерлестері өткен жылы да егіншілік бағытында едәуір шаруа атқарыпты. Өткен жылы егіс көлемін 2400 гектарға арттырып, жалпы аумағы 29655 гектарға егін салыпты. 12475 гектарға күріш егіп, гектарына 61,2 центнерден өнім алған. Картоп, көкөніс, бақша көлемі 4664 гектар болған. 9213 гектарға мал азықтық дақылдар, 1896 гектарға майлы дақылдар еккен. Тары, бидай дегендей дәнді дақылдар және бар. «Алтын дән» аталатын шаруа қожалығы Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш өсіру ғылыми зерттеу институтымен бірлесіп, картоп пен асқабақтың жаңа сорттарын егіп, мол өнім алыпты. Ауданда тамшы­латып суару әдісімен 50 гектар алма бағы өсірілуде. Жалпы байырғы диқан ауыл дамылсыз шаруа барысында. Кент аума­ғында көлемі 2 гектар болатын жылыжай кешенінің құрылысы басталған. Қазірде 8 жылыжай өнім бере бастаған. Аудан мал шаруашылығы бойынша да ілгері көрсет­кіштен ада емес. Төрт түлік басы 6-14% көлемінде өскен. Мұнымен  ет, сүт өндіру жоспары 100 пайыздан аса орын­далған. Мал басын асылдандыру бойынша да өткен жылға белгіленген жоспар орындалыпты. Өндіріс, шаруашылық жағдайы белгіленген жоспардан қалыс қалмай, өріс ала түскен ауданның құры­лыс сәулет, коммуналдық шаруашылық, т.б. тұрғындардың тұрмыс әлеуетін, ауданның келбетін келістіретін ілгері жұмыстары бар.

Аудан аумағында өткен жылы жалпы көлемі 452 жеке тұрғын үй жаңадан салынған. Кентте тұрғындар игілігіне 3 бөлмелі 1 пәтерлі 59 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып, бұл мақсатта 998 млн. теңге республикалық бюджеттен сұралып отыр екен. Аудан аумағында 148,4 шақырым аудандық, 92 шақырым облыстық, 80 шақырым республикалық маңыздағы автомобиль жолдары бар. Аудандық маңыздағы жолдардың басым бөлігі 124,5 шақырымы қанағаттанарлық жағдайда көрінеді. Дегенмен, аудан орталығының, елді мекендердің ішкі жолдары, кіре беріс жолдары дегендей жөндеуді қажет ететін жолдар жетерлік деуге болады. Бұл тарапта өткен жылы атқарылған жұмыстар да бар, биылға жоспарланғаны да біршама. «Анау ауыл, мынау ауыл» деп тәптіштемесек те жол жөндеу деген жұмыстың жылма-жылғы жоспардан түспейтіні әбден белгілі. Шиелі кентінде бүгінде тұрғын үйлердің 98 пайызы, 195 мекеме көгілдір отын игілігін көріп отыр екен. Өткен жылы кенттегі 8 білім беру мекемесінің жылу қазандықтары көгілдір отынға ауысты­рылған. Сондай-ақ тұрғындардың жеке қаражаттарына Жақаев, Гигант ауылда­рына көгілдір отын жеткізілген. Алғабас, Бекежанов, Қодаманов, Байсын елді мекендерін көгілдір отынға қосу бойынша жоба-сметалық құжаттары дайындалып, республикалық бюджеттен қаржы сұралып отыр екен.

Ауданда 2018-2019 жылдары 5 дәрігер­лік амбулатория, 2 медициналық пункт,1 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 ауруха­на пайдалануға берілген. Биыл және мемлекеттік-жекешелік әріптестік негі­зін­де 6 дәрігерлік пункт құрылысы басталып, жыл көлемінде пайдалануға берілмек жоспарда.

Аудандағы әлеуметтік жағдайдың және бір көрсеткіші жұмыспен қамту бойын­ша, өткен жылы аудандық жұмыс­пен қамту орталығына 3894 адам жұмыс­сыз ретінде тіркеліп, оның 2069-ы тұрақты жұмысқа орналасыпты. Жұмыссыздық­тың көрсеткіші жылдан жылға аз да болса азая түскен. Айталық, 2017 жылы 5%; 2018 жылы 4,9%; 2019 жылы 4,8% болыпты. Өткен жылы шиелілік 3648 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған.

«Ауданда қоғамдық-саяси, діни ахуал тұрақты» дейді аудан басшысы. Аудан аумағында өткен жылы 53 жол-көлік оқиғалары орын алып, салдарынан 7 азамат қайтыс болып, 54 азамат жарақат алған. Жалпы бағдарында Шиелідегі жағдай осындай.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here