Күріш ақтайтын цехы көп

0
121

«Жаңақорған — іргелі аудан. Мұны кәсіпкерлік, құрылыс, ауыл шаруашы­лығы, инвестиция тарту т.б салалардың көрсеткіштері бойынша айтуға болады», — дейді Жаңақорғанның жаңа әкімі Сұлтан Мақашов. Ауданда кен өндіруші 10 мекеме жұмыс істейді. Уран өндіретін 2 компания бар. Сондай-ақ ауданда құрылыс материалдарын өндіретін бірқатар кәсіпорындар бар. Кәсіпкерлік­тің де даму барысы жөнінен облыс көлемінде озық аудан саналады. Ауыл шаруашылығы бойынша да ілгері көрсеткіштері бар.

Жалпы ілгері жағдайдағы ауданның өткен жылғы даму барысы қандай болғанын қолда бар мәліметтің негізінде тарқатып көрейік. Өткен жылы жергілікті бюджет 2205710,3 млн.теңгеге болжам­данып, 2242607,9 млн.теңгеге жетіп, 101,7 пайызға орындалған.

Өнеркәсіп өнімдерін өндіру 78261,6 млн.теңге болған. Өңдеу өнеркәсібінің өнімдері 44638,4 млн.теңге. Өткен жыл­дың басында ауданда тіркелген кәсіпкер­лік субъектілерінің саны 3952 болса, жыл соңында 4677 болған. Оның 4500-і белсенді жұмыс істейтін көрінеді. Жалпы тіркелгендердің 96,2 пайызы жұмыс барысында екен. Халық санына шаққанда кәсіпкерлердің үлесі бүгінде 5,5 пайызға жеткен. Кәсіпкерлер осы бағыт­та­ғы мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылық қолдауға ие болған. Сондай-ақ, «Микробизнес Қызылорда» бағдарла­масы арқылы 171,1 млн.теңгеге ауданда 47 жоба қаржыландырылған. Жалпы ауданға барлық қаржы көздерінен 855 жобаға 1 млрд. 918 млн.теңге тартылған. Өндірісті ауданда бұл тарапта алға қойылған ауқымды жобалар баршылық. Қазір де жүзеге асырылу барысындағы «Шалқия цинк ЛТД» АҚ байыту фабрикасы жобасы. Іске асырамыз дегелі де он бес шақты жыл болған кен байыту фабрикасы 2022 жылы іске қосылады деп жоспар­ланып отыр екен. Кәсіпорын іске қосыл­ғанда 1540 жұмыс орны ашылатын көрі­неді.  Әбден «сүрленген» және бір жоба томат пастасын өндіру зауыты биылғы жылдың қазанына дейін іргетасы қалануы керек деп жоспарланыпты. Бұл жоба өңірлік индус­трияландыру картасына енгізілген.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша өткен жылы 18042,89 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Егіс көлемі 35974 гектар болған. 7757 гектарға күріш егілген. Картоп, көкөніс, бақша егісінің көлемі 3103 гектар болған. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ашылған агроиндустриалды аймақта 256 гектар жер игеріліп 97 адам жұмыспен қамтылыпты.

Өткен жылы бірқатар ауылдарда жаңадан күріш ақтайтын цехтар іске қосылған. Жалпы ауданда 39 күріш ақтайтын цех бар екен. Аудан экономика­сына негіз өндіріс, шаруашылық жағдайы қысқаша тұжырғанда осындай. Әлеу­меттік сала бойынша жағдай жөнінде айтсақ, ауданның денсаулық сақтау мекемелерінде 168 жоғары білімді дәрігер болса, бұл көрсеткіш 10 мың тұрғынға шаққанда 22% қамтылу деңгейін көрсе­теді. Өткен жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 6 ауылдық елді мекен­дерде дәрігерлік амбулатория, медицина­лық бекет салынып, халық игілігіне пайдалануға берілген. Емдеу орындары медициналық құрал-жабдықтармен жаб­дықталған. Аудандық аурухана ғимараты орталықтандырылған газ жүйесіне қосылған. Ауданда өткен жылы 1767 бала дүниеге келіп, 19 бала шетінеген.

Ауданда орта білім беретін 42 мектеп бар. 3-6 жасқа дейінгі балалардың балабақшамен қамтылуы 100%. Ауданда жалпы саны 123 мектепке дейінгі ұйымдар болса, оның 76-сы жеке балабақшалар екен. Ауданда 1-3 жас аралығындағы  бала саны 5768 болса, оның 14,8% ғана бөбек­жаймен қамтылған көрінеді. Мәдениет саласы бойынша жаңартуды, жөндеуді күткен жұмыстар баршылық көрінеді. Мысалы, Кеңес, Қосүйеңкі, Жайылма, Екпінді ауылдық клубтары облыс бойын­ша мемлекеттік-жекешелік әріптес­тік негізінде салынатын ғимараттар тізбесіне енгізілген. «Ауыл — ел бесігі» бағдарла­масы аясында Шалқия кентіне клуб салынып, Түгіскен ауылдық клубына күрделі жөндеу жүргізілмек жоспары белгіленген. Спорт саласы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асырылатын нысандар тізіміне 10 жоба енгізіліп, 9 жоба бойынша жұмыстар басталған.

Өткен жылы халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспары аясында 3608 адам жұмыспен қамтылған. Ауданда 1306 жұмыс орындарын құру жоспары артығымен орындалып, 1480 тұрақты жұмыс орындары, 530 уақытша жұмыс орындары құрылған. Жаңақорған ауданы бойынша өткен жылы 3462 отбасы әлеуметтік көмек алып, бұл мақсатқа барлығы 2474178,0 мың теңге берілген.

Жастар жылында ауданда «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобы құрылып, бұл ұйым облыста «Жыл үздігі» аталған. Бұл топқа 100-ге жуық жастар, жас кәсіпкерлермен қатар аға буын өкілдері кірген.

Ауыз сумен қамтамасыз ету, жол жөн­деу сынды қажетті жұмыстар да едәуір атқарылған. Өткен жылы Жаңақорған кентін сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту жобасы аяқталып жоба негізінде жалпы ұзындығы 192 шақырым магистралды су құбырлары жүргізілген. Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар биылғы жылы да белгіленіп отыр екен. «Белгіленген жұмыстар биыл аяқталуы тиіс», — деп міндет алып отыр екен әкім С.Мақашов.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here