Еті мен сүті көп

0
243

Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштерінің бірі өмір сүру ұзақтығы Қармақшы ауданы бойынша 2018 жылы 71,3 жас болса, 2019 жылы 72,8 жас болған. Қармақшы топырағында өткен жылы 1045 сәби дүниеге келген. 3-6 жас аралығындағы балалардың бақ­шамен қамтылуы бүкіл облыстағыдай 100 пайыз. Ауданда 28 орта білім беретін мектеп бар. Өткен оқу жылында 484 мектеп бітіруші түлектің 83,5 пайызы ҰБТ-ға қатысқан. Жалпы орташа балл 26,3 болған. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткізілетін облыстық дәстүрлі «Алтын күз» спартакиадасына ауданнан 1000-нан аса ауыл спортшылары қатысып, аудан бірінші орынды иеленген. Жосалы кенті әкімдігінде жеке тұрғын үй құры­лысын салу үшін жер кезегінде тұрған 1998 азаматтың 665-іне жер телімі табыс­талған. «Дипломмен ауылға» бағдарлама­сы аясында 65 маманға тұрғын үй сатып алуға 246,2 млн.теңге несие берілген. 25570 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріл­ген. Жалпы құрылыс жұмыс­тарының көлемі 4 млрд. 180 млн.теңгені құраған. Ауданда 16 үкіметтік емес ұйымдар бар. Өткен жылы әлеуметтік маңызды жоба­ларға аудандық бюджеттен 6 млн.300 мың теңге қаражат қаралған. 218 азамат аудан әкімінің жеке қабылдауында болған. Қабылдауға келген азаматтар негізінен жұмыс, тұрғын үй, жер телімі, әлеуметтік жәрдем тұрғысында мәселелер білдірген. Әлеуметтік жәрдем демекші, өткен жылы ауданда 3046 отбасына 2 млрд.17 млн.теңге әлеуметтік көмек төленген. Оның 995,2 млн.теңгесі Байқоңыр қаласындағы 1364 отбасына төленген.

Егін шаруашылығы бойынша: өткен жылы 23690 гектарға егін егілген. Оның 14633 гектары күріш егісі. Картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемі 1192 гектар болса, 347 гектарға мақсары,40 гектарға соя егілген. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 12 млрд. 960,4 млн.теңге болған.

Мал шаруашылығы саласы бойынша да бірқатар ілгері істер бар. Төрт түлік басы көбейе түскен. «Тұрмағамбет» ЖШС «Сүт қабылдау және өңдеу» цехы жұмыс істеуде. Асыл тұқымды мал басын көбей­тіп жатқан шаруашылықтар бар. Ет, сүт өндіру арта түскен. Ауданда өткен жылы тіркелген кәсіпкерлік субьектілер саны 3206 болса, оның 30,5 пайызы жұмыс істеп тұрған кәсіп «Қарапайым заттар эконо­микасы» бағдарламасы шеңберінде өткен жылы ауданда 49,3 млн.теңгеге 3 жоба қаржыландырылған. Қолдау тапқан 2 жоба мал шаруашылығы бағытында «Микро­бизнес Қызылорда» өңірлік бағдарламасы бойынша 114 млн.теңгеге 28 жоба қаржы­ландырылған. Аудан бойын­ша бөлшек сауда айналымы 4 млрд.541,3 млн.теңгені құраған. Ауданның өнеркәсіп саласы 3 млрд.301 млн.теңгенің өнімі өндірілген. Кейінгі жылдары ыждаһатты қолға алынған Байқоңыр қаласын жайландыруға байланысты шаруалар өткен жылы да жалғасын тауып, 50 пәтер­лі 5 тұрғын үй пайдалануға берілді. Қала­ны абаттандыру, көгілдір отынмен қамта­масыз ету, телефон желілері жұмыста­рына облыстық бюджеттен 142 млн.теңге қаралып, белгі­ленген жұмыстар атқа­рылған.

Жосалы кентіне көгілдір отын құбы­рын орнату бойынша облыстық және республикалық бюджеттерден бөлінген 753,3 млн.теңгеге белгіленген жұмыстар атқарылған. Құны 3 млрд. 700 млн. теңге жоба бойынша жұмыстар биыл да жалға­сын таппақ. Жалпы көгілдір отынға қосылу бойынша атқарылған жұмыстар едәуір ауқымды. Ақай ауылдық округі, Төретам кентін көгілдір отынға қосу жұмыстары  белгіленіп отыр. Өткен жылы осы жұмыстарға негіз болатын жоба-сметалық құжаттамалар дайындалған. Электр желілерін жаңғырту, ауыз су жүйелерін жаңғырту, елді мекендерді көркейту, абаттандыру, жолдарды жөндеу  сынды жылма-жыл күн тәртібінен түс­пейтіні шаруа барысында да бар қармақ­шылықтар. Енді бұл жұмыстарды өз деңгейінде орындап шығу жаңа әкім Мұса Қалдарбековтің жауапкершілігінде. Әкім Қалдарбековтің халық алдындағы сөзіне қарағанда биылғы жылы да атқарылмақ жұмыстың ауқымы зор. Біріншіден, Жосалы кентін көгілдір отын құбырына қосу. Екіншіден, аудан орталығындағы 220/35/10 Вт қосалқы қондырғысын қайта жаңғырту. Сондай-ақ, Ақтөбе елді меке­ніндегі құс етін өндірмек құс фабрикасын іске қосу міндет. «Жергілікті атқарушы органдардың халыққа дәрежесінде қызмет етуі басты міндетіміз» — дейді  Қармақшы ауданының әкімі М.Қалдар­беков. Солай болуы сөзсіз тиістілік болса-дағы сөздің сөз күйінде қалатыны да сирек жайт емес. Жалпы жаңа әкім Қалдарбеков қандай әкім болады? Әзірге ел алдындағы жауапкершілігіне елгезектік танытқандай көрінеді.

Ал енді ауданның қаражат қоржыны жайын айтсақ, есепті кезеңге аудан бюджетінің өз кірістерінің жоспары 1 млрд. 46,5 млн.теңге болса, атқарылуы 1 млрд.93,1 млн.теңге болған. Шығындар жоспары 16 млрд. 355,6 млн.теңге болса, атқарылуы 16 млрд.281 млн.теңге болған. Аудан бюджетінің 2020 жылдың 1 қаңтарына түсімдер болжамы 16 млрд. 335,5 млн. теңге, атқарылуы 16 млрд. теңге 391,6млн.теңге болған.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here