ӨТКЕНІМЕН БҮГІНГІСІ БЕКЕМ ҚЫЗЫЛОРДА…

0
432

Тарихи деректерге сүйенсек,  1819 жылы іргесі қаланды дейтін Қызылорда  тарихтың талай сыңдарлы сәттерінен өтті. Ақмешіт аталған абатты мекенге кезінде Перовскі деген атау да берілді. Әйткенмен, кейіннен алғашқы атауы қайта берілген қала 1925 жылы Қызылорда атанды. Алаш ардақтыларының арқасында қазақтың Тұңғыш Астанасы да осы аймақ болды. Ел тарихының парақтарында бұл өркенді өңір осынысымен де ерекшеленбек.

Қызылорда қаласы — Сырдария өзенінің төменгі ағысында, облысымыздың әкімшілік, мәдени және экономикалық орталығы оң жағында орналасқан. Бүгінде ел экономикасының, ауыл шаруашылығы мен өндірісінің, ғылымы мен білімінің, әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қомақты үлес қосып отырған ерекше қаласына айналды.

Уақыт өткен сайын құтты мекенге айналған қалада жақсы өзгерістер болып, Тәуелсіздік алған жылдардан бері дамудың жаңа арнасына көшті. Сырдарияны жағалай қоныс тепкен халық бүгінге дейін ырыс пен берекеге куә болып келеді.       

Ежелгі өркениеттің ошағы болған қаланың бүгінде әлеуметтік-экономикалық тынысы кеңейіп, тұрғындардың тұрмыс сапасы артты. Әрине, бұл қазыналы Қызылордада әр саланың осылайша кең қанат жайып өрістеуіне белгілі бір мерзімдерде билікке келген қала басшыларының еңбегі зор.

Мәселен, Кеңес Одағы ыдырап, коммунистік партия тараған жылдарда  Әбдіржан Қалыбаев 6 жыл көлемінде басшылық етіп,  қиын-қыстау кезеңдерде ел іргесінің ыдырамауына еңбек етті. Одан кейін жекешелендіру орын алып, халықтың тұрмыс-тіршілігі төмендеген кездері 2 жылдай  алғашқы қала әкімі болған Жарылқасын Шәріпов те жұртты тоңдырмай, қала тіршілігін тоқтатпай, өз іскерлігін дәлелді. Сондай-ақ, қалаға 3 жыл басшылық еткен екінші әкім, сол кезде құрылған Қызылорда арнайы экономикалық аймағының төрағасы Бақберген Досманбетов те өз кезеңінде қаланың гүлденуіне, сәулеттене түсуіне, сонымен қатар, алғашқы кәсіпкерлердің қалыптасуына, өндіріс орындарының ашылуына ықпал етті. Қызылорданың жаңаша жаңарып, жаңғыруында өзіндік қолтанбасы бар Қожахмет Баймаханов әкім болған 5 жылда құрылыс саласы қарқын алды.   Одан кейін Мұрат Үдербаев пен Айтбай Көшербаев сынды тұлғалардың қаладағы билігі ұзақ болмады. Дегенмен, сол уақытқа тән олардың да өзіндік көзқарастары, жаңалықтары ел жадында. Бұдан кейін елге белгілі тұлға, сөзден гөрі іске бейім Имамаддин Оңғарбаев 2 жыл көлемінде қала басшысы болса, 2007-2008 жылдары билік тізгінін Серік Қожаниязов ұстады. 2008-2010 жылдары бұл қызмет Мұрат Ергешбаевқа тиесілі болса, одан кейінгі 3 жыл Мархабат Жайымбетов әкімдіктің креслосына жайғасты. Қала тарихында бұл есімдердің қай-қайсысының болмасын алар орны ерекше. Өйткені, олардың басшы болуымен бұрын үлкен ауыл атанған Қызылордада қалаға тән жүйелі жұмыстар жүргізілгенінің нәтижесінде, оның нарық жағдайына бейімделіп қана қоймай, ел қалалары арасында көшбасшы қатарынан көрінуіне сүбелі үлестерін қосты. Бұл тұлғалардың барлығы  да қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында өлшеусіз еңбек етіп, тұрғындардың ыстық ықыластарына бөленді.

Кешелі-бүгінгі қала әкімдерінің қызмет жолын таразылай келгенде араларында бұл орында ұзақ отырғаны 2013 жылдан бері яғни 7 жыл бойы Сыр елінің бас қаласының көрікті келбеті мен жақсы тұрмысы үшін тынбай қызмет етіп келе жатқан қазіргі қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев.

Ол халық үшін де жайлы басшы. Тұңғыш Астанамыздағы оң өзгерістерге куә болған жергілікті тұрғындар бүгінде әкімнің оңтайлы қадамдарына оң бағасын беріп, қолдау білдіруде. 7 жыл бойы қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға жағдай жасап келеді. Сондай-ақ, инженерлік-инфра­құрылымға байланысты мәселелерді реттеп, экономикалық дамуға серпін беруде.

Нәлібаев дегенде бір емес бірнеше тындырымды тірліктерді тізбектеуге дәлел көп. Қызылорда қаласы бүгінде қарқынды құрылыс алаңына айналып, жаңа заманға сай келбетке ие бола бастады. Жыл сайын тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жаңа мөлтек аудандар мен көшелер пайда болды. Сондай-ақ, сол жағалаудан бой көтерген жаңа қала да жыл санап халық саны артқан қызылорда­лық­тардың жаңа мекеніне айналды.  Машбекұлы қала көлемінде кәсіпкерліктің кең көлемде өріс алуына және мәдениет пен білім салаларының жоғары деңгейде дамуына әркез қолдау білдіріп келеді. Қала тұрғындарының базынасы мен ұсыныстарын басты назарға алатын басшы “Ашық әкімдік” жобасын да жүйеге еңгізді.  Қызылорданы “Ақылды қала­лардың” тізіміне қосып, 170 көпқабатты тұрғын үйді «Смарт квартал» жобасы арқылы цифрлы есептеме қондырғыларымен жабдықтады. “Рәміздер аллеясын” да салды. Тағы бір айта кетерлігі, қала тазалығына мән беріп, жолдарды жөндеуден өткізуде. Жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды да назардан тыс қалдырмады. Шаһарымыздың әсем келбетін айшықтайтын архитектуралық формалар орналастырып, «Сыр-Ана» монументінің аумағын қайта абаттандырды. “Рәміздер аллеясынан” бастап Тұңғыш Президент саябағы аралығынан жаңа демалыс паркі мен Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойынан қала тұрғындарына жаяу  серуендеуге арналған аллея да салынуда.

Осы және өзге де мардымды жұмыс­тарды атқарып, маңызды жобаларды жүзеге асырып жүрген әкім тағы бір нәтижелі жылды артқа тастап, қызыл­ордалықтар алдында 2019 жылы қала бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді баяндады.

Есеп беру жиынына тұрғындармен қатар, қаланың құрметті ардагерлері, бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдар, жастар өкілдері, облыстық басқарма, депар­тамент басшылары, мәслихат депутаттары, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Досмайылұлы, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Айтбайұлы арнайы қатысты.

Қызылорда қаласының бюджеті 2019 жылдың басында 42,9 млрд. теңге көлемінде бекітіліп, жыл қорытынды­сымен 77,3 млрд. теңгеге жетті. Демек, бюджет көрсеткіші жыл басынан бері 80 пайызға ұлғайған. Бұл — бюджет қазаны толып, ұзақ жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе­лердің түйіні тарқатылды деген сөз.

Егін шаруашылығы мен мал шаруа­шылығында оң өзгерістер бар. Дәлел — өнім көлемі 8 млрд. теңгеден асып, қамбаға 20 мың 885 тонна күріш өнімі жиналды. Мем­лекеттік бағдарламалардың аясында шаруа қожалықтарына 264,3 млн. теңге жеңілдетілген несие беріліп, қала бойынша мал басының саны — 58 мыңға жетті.

6 млрд-қа жуық қаржыға қала көле­міндегі ауыз су желілері қайта жаң­ғыртылды. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып,қалаға қарасты Белкөл кенті, Қосшыңырау, Қарауылтөбе, Талсуат, Ақжарма, Қызылөзек ауылдық округтері мен Наурыз, Сабалақ елді мекендерінде 64,3 шақырым ауыз су құбырларына, 6 кешенді су жинау қоймасының құрылыстарына 2 жарым млрд. теңге жұмсалды.

20 көпқабатты тұрғын үй, жеке инвесторлардың өз қаражаты есебінен 285 пәтерлік 7 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрмысы төмен көп­балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Баламекен» жобасы аясында Болат Өтемұратовтың жеке қорының демеушілігімен «Бәйтерек» тұрғын ауданынан 100 пәтерлік жаңа үйлердің құрылысы салынып, көпбалалы отбасыларға табысталды. 50 пәтерлік 25 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 60 бала, әлеуметтік жағынан әлсіз топтар санатындағы 256 отбасы, 140 көпбалалы отбасы, 105 мүге­дек баласы бар отбасылар жаңа пәтерлерге қол жеткізді.

Қоғамдық көліктің жағдайы жүйеге келді. Жергілікті халықтың сұранысына сәйкес, «Қызылорда Автобус Паркі» серіктестігіне орта сыйымдылықтағы қосымша жаңа автобустар алуға облыстық бюджеттен 209 млн. теңге бөлінді.

Көгілдір отынмен 95 пайыз қам­тылды. Былтырғы жылы қала маңындағы Қарауылтөбе ауылының тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізсе, биыл Ақсуат ауылдық округін газдандыру жұмыстары жоспарлануда.

Жол-көлік инфрақұрылымы дамып, әртүрлі жобалар жүзеге асырылды. 2019 жылы 1 млрд. 152 млн. теңгеге 75,6 шақырым­ды құрайтын 181 көшеге орташа, ағымдағы жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. 500 млн. теңгеге қалаға қарасты кент, ауылдық округ­тердің 25 шақырымды құрайтын 28 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала халқының сұранысына сәйкес, 36 бағдаршам, 651 жол белгілері, 34 жасанды тегіс емес қондырғылар орнатылып, 317 шақырымға жол таңбалары сызылды. Сондай-ақ, қаламызда жаңадан светодиоттық бағдаршамдар, 21 ақылды жаяу жүргінші өткелдері орнатылып, қаланың ең керекті аудандарына жаяу жүргін­шілер жолдары салынды.

Кәсіпкерлікке қолдау көрсетілді. Қалада жыл басынан бері өз қаражаты есебінен 91 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, жаңадан 501 жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру картасы аясында 69 млрд. 270 млн. теңгеге 8 жоба жүзеге асырылуда. «Нәтижелі жұмыспен қамту», «Биз­нестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламалары аясында 3,2 млрд теңгені құрайтын 255 жоба қаржы­ландырылды.

Халықтың әлеуметтік әлеуеті жақсарып,  жұмыссыздық деңгейі төмендеді. 9394 адам жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады. 845 адам қайта даярлаудан өтіп, 131 адамға 612 млн. теңге көлемінде шағын несие берілді. 2 мың 263 адам қоғамдық жұмысқа, 406 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 мың 127 жас маман жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа тартылды.

2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 5 есеге өсіп, бұл мақсатқа 8,8 млрд теңге қаралып, 15 мың 495 отбасына берілді.

Көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жасыл желекке айналдыру мақсаты орындалды. Қаладағы 52 аллеялар мен скверлерге жыл көлемінде мыңдаған көшеттер мен гүлзарлар отырғызылды.

Білім ошақтары бой көтерді. Қала мектептеріндегі орын тапшылы­ғын шешу мақсатында екі мектептің жанынан қосымша 150 орындық ғимарат салынды. Сонымен қатар, Жаппасбай батыр көше­сінің бойынан 600 орындық жаңа мектеп бой көтерді. «Ақсуат» ауылдық округінде бөбекжай ел игілігіне пайдалануға беріліп, сол жағалаудан «Болашақ» университетінің бас кампусы, 320 орындық балабақша, 700 орын­дық «Оrda school» жеке бастауыш мектебі ашылды.

Мәдениеттің Ордасына айналды. Ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби “Қайырымды қаланың тұрғындары” атты трактатында “Қала тек құрылыстар жиынтығы ғана емес, мәде­ниеттің де ордасы болуы керек” делінген. Соған сәйкес, өзіндік мәдениеті мен қалыптасқан дәстүрі бар Қызылорда шаһарында бұл салада ілгерілеу басым. Игілікті істердің жалғасы ретінде, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақжарма ауылдық округінде 150 орын­ға арналған мәдениет үйі пайдалануға берілді.

Дәрігерлік амбулаториялар салынды. 2019 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Белкөл кентінде жаңа дәрігерлік амбулатория салынып, жұмысын бастады. Алдағы уақытта Қызылөзек ауылдық округін­де дәрігерлік амбулатория құрылысы толық аяқталып,  ел игілігіне пайдалануға беріледі.

Жыл өткен сайын аймағымызда демографиялық өсім қалыптасып келеді.  Мәселен, былтыр қаламызда 10 мыңнан аса сәби дүниеге келді.

Жылды осылай қорытынды­ла­ған қала басшысы алдағы жос­парлар мен қордаланған мәселелердің шешім табуы жолындағы негізгі мақсаттарға тоқ­талып өтті.

— Қала тұрғындарының сұранысына сәйкес, жол құрылысын жүргізу барысында шет аймақтардағы жолдардың сапасын жақсартуға негізгі басымдық беріледі. Биылғы жылы осы мақсатта қаладағы 32 көше мен кент, ауылдық округтердің көшелеріне орташа, ағымдағы жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге қалалық бюджеттен 892 млн. 157 мың теңге қаралды.

«Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Ақсуат ауылдық округінде №143 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге, 16 көшені орташа жөндеу­ге 463 млн. теңге бөлінді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті орта қалыптас­тыруға бағытталған жол картасы аясында, қажетті мамандармен қамтамасыз етуге 117 млн. теңге қаржы қаралды. Орта білім беру ұйымдарында физика, биология, химия бағы­тында жаңа пәндік 50 кабинет жабдықталады. Бұл жобаларға 385 млн. теңге бөлінді,- деп сөзін түйіндеген  Нәлібаев алдағы уақытта да барлық күш-жігерін қаланы дамытуға арнайтынын жеткізді.   

Аймақ басшысы оң бағасын берді. Есеп беру кездесуінде Нұрлыбек Нәлібаевтың баяндамасын тыңдаған аймақ басшысы Қуанышбек Досмайыл­ұлы жиылған жұртшы­лықтың алдында қала әкімінің есебіне оң бағасын берді.

— Қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы 2019 жылы атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттерін баяндап өтті. Жалпы, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика бар. Мәселен, соңғы жылдары Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші басқа өңірлермен салыстырғанда көш алда. Соңғы жылдары жаңадан шағын аудандар бой көтеріп, 10 мыңға жуық қызылордалық жаңа пәтерге ие болды. Атқарылып жатқан жұмыстар халықтың көз алдында. Дамудың мүмкіндіктері де жеткілікті»,- деген облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов алдағы уақытта атқаруы тиіс бірқатар мәселелерге де тоқталды.

БҰҚАРАҒА ҚҰЛАҚ ТҮРГЕН БИЛІК

Қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы қандай бір бастамаларды бастамас бұрын, жергілікті тұрғындардың түрлі пікірлері мен ұсыныстарына құлақ түреді.

Мәселен, жыл басынан бері қалаға қарасты кент, ауылдық округтерде, қаланың екі айма­ғында, үш қоғамдық қабылдау мен қоғамдық кеңестің алдында барлығы 15 кездесу ұйымдастырған. Әр кездесуде көкейдегі күрмеуі күрделі проблемалар талқыланып, тұрғындардың тұрмысын одан әрі жақсартуға бағытталған ұсыныстар сараланды.

Құрметті Нұрлыбек Машбекұлы! Еткен еңбек пен төккен тердің жылдық қорытынды­сын баяндадыңыз. Бұған дейін де қала тұрғындары   жаңалықтардан естіп, көзбен куә болып жүр. Өз ауласын таза ұстау арқылы болса да қаланың гүлденуіне үлес қосты. Сондай-ақ, басқа аймақтан келген қонақтары­мызға қаламызды көрсетіп, мақтау сөздерін естіп қуанып қаламыз. Әйткенмен, оң жағын ғана емес, сол жағын да айтып қойғанымыз дұрыс. Тағзым алаңында соғыс ардагерлерінің аты жазылған тақта бізде жоқ. Саябақ ішіндегі ағаштар да күтімсіз жағдайда. Ертеңгі күні аталары немерелеріне, әкелері балаларына Ұлы Отан соғысы туралы мәлімет беру керек. Жеңіс күніне 3 айға жуық уақыт бар. Мүмкін, сол уақытқа дейін бұл ұсынысымызды жүзеге асырып үлгерерсіздер, деген қала тұрғынына әкім былайша үн қатты:

— Сұрағыңыз өте орынды. Бұл біздің де ойымызда жүрген маңызды мәсе­лелердің бірі болатын. Ардагерлер де көтеріп жүр. Ұлы Жеңістің 75 жылды­ғына орай міндетті түрде жасаймыз. Ол біздің басты жоспарларымыздың бірі.

Сонымен қатар, халық үшін өзекті болған жол мәселесіне қатысты сауалдарын жолдай келген тұрғындар да болды. 

Бүгінгі баяндамаңызбен таныстық. Қала­мыз жылдын жылға көркейіп келеді. Тұрғын­дардың бірі ретінде алғыс білдіремін. Сәдуақа­сов көшесіне жақын күндері жөндеу жұмыс­тары жүргізіледі ме?,- деп сауал жолдаушы да жауап алды.

— Біраз жолдарымыз күрделі, орташа жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті. Сондай-ақ, жарық бағаналары мен аялдамала­ры орнатылды. Қалаға қарасты елді мекендер мен округтердің кіре беріс жолдары мен негізгі көшелері жөнделді. Енді біз шағын көшелер мен шет аймаққа күш саламыз. Арнайы құрылған комиссияның ұсынысымен ең өзекті деген көшелерді жөндеуден бастаймыз. Сіздің де көше назарымызда болады. Анықтап, жазбаша жауап береміз.

— Жыл бойы атқарылған жоғары деңгейдегі жұмыстарыңызға ризамыз. Тәуелсіздік көшесі мен Есенов көшесінің қиылысына бағдаршам орнатып берсеңіз жақсы болар еді. Өйткені, машина көп жүреді,- деп қала қауіпсіздігін қаперге алған тұрғынның біріне “Жол полициясынан жол белгілерін, бағдар­шамдар орнатуға ұсыныстар келіп жатыр. Мамандар қажет деп тапса, бағдаршам орнатуға дайынбыз», — деп сұраққа тиісті жауабын берген қала әкіміне ұсыныстарын арқалаған жастар да келді. Солардың бірі — Сәрсенбек Ердаулет.

— Өткен жылы қаламызда алғаш болып, автокөлік бөлшектерін өндіретін цех аштым. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 1,5 миллион грант және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 6 пайызбен несие алдым. Осы сәтті пайдалана отырып, кәсіпкерлерге қолдау білдірген Президентке және қала бойынша кәсіпкерлік саласын дамытуға қосқан үлесіңіз үшін Сізге алғыс айтамын. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мүмкіндіктерді пайдаланып,  жастарды кәсіппен айналысуға шақырамын. Менің тағы бір жобам бар еді. Кеңірек түсіндіріп, жүзеге асыру үшін алдымен жеке қабылдауы­ңызды сұраймын,-деген жас кәсіпкерге Нұрлыбек Нәлібаев қолдау білдіретінін жеткізді.

— Облыстағы кәсіпкерлік нысандар­дың 49 пайызы қаланың үлесінде. Бұл деңгей бізді қанағаттандырмағандық­тан, әлі де жұмысты жалғастырамыз. Кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, жаңа жобаларыңызды талқылайық.

* * *

Әл-Фараби шынайы бақыт жолында ынтымақтастық жолы ерекше дейді. Ол үшін басқару заң күшіне, игі тәжірибеге негізделуі тиіс. Ол «бақыт дегеніміз — игіліктердің ішіндегі ең қадірлісі, ең үлкені және ең жетілгені» деп атап көрсетеді және әр адамның оған толық құқығы бар дейді. Ал ондай құқыққа ие болуға қайырымды қала тұрғында­рының ғана мүмкіндігі бар, сондықтан да қайырымды билеушілер билеген қала тұрғындары ғана бақытқа жете алатын­дығын айтады. Мұндай қалалардың басқа қалалардан басты айырмашылы­ғы және негізгі белгісі жоғары тәртіп пен оның тұрғындарының мәдениеттілігі, сыпайыгершілігі және билеушілерінің қайырымдылығы, ақыл-парасатында деген екен. 

Шынайы бақытқа қол жеткізгісі келетін қайырым­ды қала тұрғындарының бүгінгі билеушісі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен қала және қалаға қарасты ауылдық округтер әлі де ілгері даму қарқынынан таймақ емес. Қала әкімдері арасындағы салыстырмалы көрсеткіш нәтижесінде Нәлібаев көш бастап тұратынын да мақтанышпен айта өткен жөн. Расында, соңғы жылдары өңір экономикасының даму динамикасы нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Қала тұрғындарының өмір сүру сапасы да артуда. Жүйелі жоспарлармен, биік бағыттар және межелі мақсаттардың арқасында біздің шырайлы шаһар әлі де гүлденері хақ.Әл-Фараби айтпақшы, қайырым­ды қаланың мейірімді, мәдениетті және сыпайы тұрғындарымен парасатты әкімі бірлесіп атқара­тын ортақміндет бар. Ол — қаланың қарыштап  дамуы жолындағы перзенттік парызымыздың орындалуы. Олай болса, Алаш Ақмешітінің мәртебесі бүгінгіден де биіктей беретініне сенім білдіреміз.

А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here