Өзбекстанға түйе сатыпты

0
557

Жұртымыздың жалпы тыныс-тірлігінің ахуал көрсеткіші — әлеуметтік-экономика­лық даму көрсеткіштері бүгінде бүкіл облыс деңгейінде ілгері көрінеді. Атқарушылар­дың жиын-терім науқаны — есеп берулерде жария еткен жылдық қорытындылар осы­лай деуге негіз боларлық. Кіші әкімдердің қорытын­дыларына қарағанда өткен жылдың халыққа игілікті жемісі аз емес. Осы орайда аудан әкімдерінің есептерінде тізбектелген дерек­терге ден қойсақ…

Әлбетте, тұтас елдің даму бағдары бір дегенмен әр аймақтың, оның ішінде аудан­дардың да жер-су жағдайы, табиғи ерекше­ліктеріне байланысты өзіндік сипаты, қалып­тасқан шаруашылық жай-күйі, соған сәйкес әлеуеті бары түсінікті. Өзіндік сипаты дегенде Арал ауданы алдымен аталары анық. Кейінгі жылдары ауданда балық шаруа­шылығы өндірістік деңгейде өрістеп, экспорттық әлеуетке ие болғаны мәлім. Ауданда жылдық қуаттылығы 19900 тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыттары жұмыс істейді. Өткен жылы Арал балықшылары 3870 тонна балық аулап, оның 3454 тоннасы өңделіпті, 2004 тонна өнім экспортталған. Биылғы жылы ауданда және бір балық өңдеу цехы іске қосылмақ жоспар­да екен. Экономикалық көрсеткішті ілге­рілетуші салалар өндіріс пен ауыл шаруашы­лығы бойынша бірқатар ілгері көрсеткіштер бар. Қазіргі ілгері өндіріс мыңдаған адам станок басында бел жазбайтын байырғы алып кәсіпорындар емес, заманауи технологиямен жабдықталған өнімді кәсіп екені аян. Сондықтан бүгінде бүкіл әлемде «жұмысшы табы» өндірістен гөрі қызмет көрсету саласында басым.  Бұл біздің тараптарда да бар жағдай. Аралдықтардың байырғы кәсібі тұз өндірісінде өткен жылы 734,9 мың тонна тұз қазылып, 242,4 мың тонна йодталған тұз өндірілген. Аудан өндірісінде сондай-ақ 110,8 мың текше кварц құмы өндірілген. Тамақ өнеркәсібінде 674 тонна нан, 245 тонна ет өндірілген. Жылына 130 мың тонна дайын өнім шығаруға әлеуетті түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау жобасы әзірленуде екен. Бүгінде ауданның индустриялық аймағында жалпы құны 239,8 млн. теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы бойынша басымдылыққа ие мал шаруашы­лығында да ілгерілеу бар. Өткен жылы агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім көлемі 7,9 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 102,3%-ға артқан. Мал басында өсім бар. Өткен жылы Арал малшылары Қытайға 40 тонна түйе жүнін өткізіп, Өзбекстанға 189 бас түйе сатыпты. Өнімді өзіміздің игілігімізге игеріп, одан да артылып жатқасын деген жағдаймен еместігі белгілі. Әзірге қолдан келген тірлік осы. Аралдық­тардың ептеп егін шаруашылығымен де айналысатыны аян. Өткен жылы Аралдың егін алқаптарында 15 гектар жаңа жоңышқа, 83 гектар ескі жоңышқа, 84,1 гектар бақша, 14,3 гектар көкөніс, 2 гектар картоп егіліпті. «Берері құдайдан» демекші 5 гектар жерге алма көшеттері де отырғызылыпты.

Әлеуметтік-экономикалық көрсет­кіш­ті ілгерілетуші саланың бірі кәсіп­керлік саласында жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 3693-ке жеткен. Биылғы жылдың басында есеп бойынша аудан­дағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4113 болған екен. Ауыл шаруашылығы саласындағы 142 жоба 685,5 млн. теңгеге қаржыландырылған.

Аудандағы бөлшек сауданың көлемі 7,1 млрд. теңге, көтерме сауда 13,1 млрд. теңгеге жеткен. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% болып, алдыңғы жылғыдан аз да болса азайған. 1611 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 1662 жаңа жұмыс орындары ашылыпты. Әлеуметтік әлеуетті айқын­дайтын денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салалары бойынша халық­тың тұрмыс жағдайының көрсет­кіші — тұрғын үй, жолдар жағдайы, көгіл­дір отын, ауыз су бойынша бірсыпыра ілгері жұмыстар бар.

Бүгінде аудандағы орта білім беретін 50 мектепте 17070 оқушы бар. Өткен оқу жылында Арал мектептерін 733 оқушы бітіріп, олардың 96,3%-ы жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түскен.

Өткен жылдан бүкіл елде алдыңғы кезекке шығарылған әлеуметтік төлемдер бойынша 1,2 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралған. 126 отбасыға есептелген қара­жат заңсыз тағайындалғаны аян болып, 13,5 млн. теңге бюджетке қайтарылған. Әлеумет әлеуетіне қатысты және бір дерек, өткен жылы 539 отбасына 8,7 млн. теңге қайырымдылық көрсетілген. 2019 жылы аралдық отбасыларда 1659 бала дүниеге келгені де әлеуметтік негізді тағы бір дерек.

Қоршаған ортаны қорғау да әлеу­меттік-экономикалық ахуалды анықтай­тын көрсет­кіштердің бірі. Бұл Арал аумағы үшін әсіресе өзекті, күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе екені белгілі. Осы орайда «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау (САРАТС) жобасының екінші кезеңінің жүзеге асырылуын күткелі де бірталай уақыт өткені аян. Жалпы экологиялық сауықтыру негізінде өткен жылы облыстық бюджеттен 5,1 млн. теңге бөлініп, Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйесіндегі су шаруашылығы нысандары­ның техникалық құжаттары жасалған. Аудан аумағындағы Қаһар, Баян, Көкіш, Советжарма каналдарын тазалау, су тоспасын салу жұмыстары жүргізілген.

Экономикалық әлеуеттің негізгі көрсеткіші қаржы жайына келсек, аудан бюджетінің нақтыланған жалпы түсімдері 17 млрд. теңгені құраған. Ауданға 28,6 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылған.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here