Әкімдер рейтингісі: Ысқақовтың деңгейі қандай?

0
341

Ақпан айы елімізде елең еткізер оқиғаларға толы болып тұр.  Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін министрлер, әкімдер мен депутаттардың жұмысы айтарлықтай жандана бастады.

Үкімет мүшелері өздерінің стратегиялық мәселелерін шешуде қалай жұмыс істейтіндерін көрсетуге тырысса, аймақ басшылары жылдағыдай дәстүрлі есеп беру жиындарын өткізуде. Жыл бойына атқарған жұмыстарының сыналар сәті шенеуніктерді шынымен терлетіп жүргенге ұқсайды. Мемлекет басшысының қатаң тапсырмасынан кейін бәрінің көкейінде жылы орынтағынан айырылып қалу қаупі басым екені белгілі. Ал депутаттық корпусқа келетін болсақ, халық өкілдері тарапынан өзгешелік байқалмайды. Ескі тактика негізінде бір сарында жұмыстар жүргізілуде.

Әкімдер есебі әлі де өткізіліп жатқанына қарамастан, қазірдің өзінде әкімдер рейтингін жария етіп жатқандар бой көрсетуде. Соның негізіндей, медиалық технология орталығының аналитикалық қызметі 2019 жылдың қорытындылары бойынша әкімдер рейтингін ұсыныпты. Енді осыған аз-кем тоқталып өтейік.

Орталықтың сараптауымен, әкімдердің көшбасшылар тобына бес шенді орналасқан. Олардың қатарында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов (1-орын), Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев (2-орын), Қостанай облысының әкімі Архимед Мұханбетов (3-орын), Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов (4-орын) және Ақмола облысының әкімі Ермек Маржикпаев (5-орын) кіреді.

Рейтингтің «орта шаруалары» Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовқа (6-орын) тиесілі. Оған қоса бұл сатыда Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Уразалин (7-орын), Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек (8-орын), Атырау облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Ноғаев (9-орын), Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев (10-орын), Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов (11-орын) және Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов (бұрынғы) (12-орын) орналасыпты. Ал аутсайдерлер қатарында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов (13-орын), Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғани Есқалиев (14-орын), Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Турмов (15-орын), Шымкенттің экс-әкімі Ерлан Айтаханов (16-орын) және Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов (17-орын) бар.   

Бұл көрсеткіштерге бірқатар сайттар сауалнама жүргізу арқылы саясаттанушылардың түрлі пікірлерін де беріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы белгіленген мерзім ішінде қайсысының өз қызметін жоғары деңгейде көрсете алатыны жайында түрлі жорамалдар жасалуда.

Әрине, бұл соңғы рейтинг емес екені сөзсіз. Тұтастай алғанда, әлеуметтік-саяси көріністерді талдау көктем айларында саралануы бек мүмкін. Бұл жерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлығына соңғы ескерту жасағанын және жұмыстағы кемшіліктерді жақын арада жоюға рұқсат бергенін еске салсақ орынды болады.

Айтпақшы, 18 наурызда Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізу туралы хабарлама қызығушылық тудырды. Еске сала кетейік, өткен жылдың тамыз айында болған саяси кеңесте партия лидері «Нұр Отанның» қатарын тазартуды бұйырған болатын. Демек өз қызметін жоғары деңгейде атқара алмаған шенеуніктерге қауіп төніп тұрғаны өздігінен байқалады.

Осы айдың 19 жұлдызында ортаңғы сатыда тұрған аймақ басшысы Қ.Ысқақовтың есебі жария болады. Сан мен сапаның сараланатын сәті таяған сайын ой сан-саққа жүгіреді. Әкімдер рейтінгінде біздің әкім «үздік бестіктің қатарын қайтадан толықтыра алады ма?» деген заңды сұрақ туындайды.

Жалпы әкім Ысқақов өзіне сеніп тапсырған қызметке кіріскен уақыттан бері алғашында әкімдер рейтингінде жетінші орыннан бесінші орынға көтерілген болатын. Артынша бір саты төмен сырғып, алтыншы орынға төмендеп отыр. Бұл тұрғыда бұрынғы әкім Қ.Көшербаевтың өнеркәсіпті өндірісті әртараптандыру бойынша жұмыстарды жүргізіп, миллиондаған долларлық инвестиция тартқаны белгілі. Демек бұл рейтингте әлі де бұрынғы әкімнің ықпалы зор екенін аңғаруға болады.

Ал «Ысқақов әкім болғалы қандай шаруалар тындырды?» деген сауалға келсек, жаздың ортасында облыста күн электр станциясының құрылысы басталды. Бірнеше аудан мен облыс орталығын электр қуатымен қамтамасыз етуі тиіс бұл жоба ауадағы көмірқышқыл газының жылдық мөлшерін 75 мың тоннаға төмендетуге негіз қалайды деп жоспарланған. Бұған қоса өткен күзде жаңа әкімнің тұсында өңірде екі ірі күріш өңдейтін зауыт ашылғаны белгілі. Оның бірі Қазақстан бойынша теңдессіз зауыт саналады. Жаңа технологияның арқасында зауыт бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады.

Қызылорда қаласында атқарылған жұмыстар ауқымы да кең. Жаңа әкімнің ықпалымен Сырдарияның сол жағалауында 200-ден астам пәтерге арналған төрт көпқабатты тұрғын үй салынса, 320 орындық балабақша, сондай-ақ заманауи қондырғылармен жабдықталған 700 орындық жеке бастауыш мектеп ашылып, оқушылар қабылдай бастады. Бұған қоса облыста «Қызылорда облысын газдандыру және жаңа активтер құру» инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда.

Осылайша аймақ басшысы қызметіне кіріскен жеті айдан асқан уақыт ішінде айды аспанға шығармаса да облыс экономикасын өркендетуде бірқатар шаруалар тындырылғаны көзге көрініп тұр. Оны баяндамада жазылатын цифрлармен емес, күнделікті атқарылған жұмыстар нәтижесінен аңғаруға болады. Оның бағасын сарапшылар жыл аяғында саралайтыны белгілі. Демек облыс әкімі Қ.Ысқақовтың әлде де үздіктер қатарынан көрінуі әбден мүмкін.

Е.ЖАЛҒАСБАЕВ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here