Қоғамдық кеңес есепке қанағаттанды ма?

0
168

Қазіргі таңда кезекті еңбек демалысын алып жан-жаққа қыдыратындар мен жұмыс бабымен өзге қалаға келетіндер жетерлік. Демалуға шыққандардың  бірі шетелге саяхаттаса, енді бірі отандық туризмді дамыту мақсатында бұрын көрмеген, білме­ген Қазақстанның жер-жерлерін аралайды. Мұндайда өңірлер қай жағынан болса да барлығына сақадай сай болуы керек. Ал, осы тұрғыда “Сыр елі, жыр елі” атанған Қызыл­орданың жағдайы қалай? Туризм саласы бойынша тиісті жұмыстар жасалып жатыр ма? Дәл осы іспеттес сан түрлі сауалдар Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қоғамдық кеңес алдындағы есебі барысында туындап, талқыланды.

Иә, қазір қаламыздың төрт қақпасы да келушілер үшін дайын. Жолдарымыз теп-тегіс. Қонақ үйлер, демалыс орындары т.б бар. Жағдай жасалған.

Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен әкімдердің жылдағы­дай есеп берулері өтіп келеді. Бұл тұста Н.Машбекұлы да ауылдық округтер мен кенттегі жұртшылықпен жүздессе, кейін қала тұрғындарына есеп берді. Өз кезегінде әкім Қызылорда қалалық әкімдігінің мәжіліс залында Серік Дүйсенбаевтың төрағалы­ғымен өткен қоғамдық кеңес алдында жыл бойы жеткен жетістіктер, жіберген кем­шіліктер мен алдағы міндеттерді баян етті.

Жасыратыны жоқ бүгінде Қызылорда қаласы көркейіп, елдің тұрмысы  түзеліп келеді. Тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсарып, жаңадан бой көтерген шағын аудандардан үйлі болуда. Бірі баспаналы болса, енді бірі жаңа атаулы әлеуметтік жәрдемақыға қол жеткізіп қала әкіміне өз алғыстарын айтуда. Расымен де Нәлібаев бүгінгі болмысымыз бен ертеңгі күніміз үшін алаңдаушылық таны­тып, тынымсыз тіршілік қамын жасауда.

— Бүгінде Сыр елінің бас қаласы Қызыл­ордамыз жыл сайын қанатын кеңге жайып, жаңаша түрленіп, өркендеп дамып келеді. Әрине, мұның барлығы халықтың ақ тілегі мен батасының, сіздер мен біздердің бірлесе атқарған еңбегіміздің жемісі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қызылорда қаласы даму үрдісінен еш қалыс қалған емес. Халықтың еңбекқорлығының арқасында ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жұмыстар атқарылды. Көптеген нәтижелерге қол жетіп, жыл сайын барлық салаларда мәселелер шешімін тауып, қала тұрғындарының жайлы да, сапалы тұрмыс кешуіне қажетті маңызды жобалар жүзеге асып келеді. Жалпы, 2019 жылы толайым табыстар сыйлаған жемісті жыл болды. Біз алдағы жылы күш-қуаты­мызды еселейтін ауқымды нарықтың есігін ашамыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуі­нің негізі” атты Жолдауы мемлекетімізді алға жетелейтін жаңа тарихи құжат. Елбасымыздың бастамасымен қалыптасқан игі дәстүр, еліміздің стратегиялық даму жолының негізгі темірқазығы. Бұл Жолдау қоғамдағы тұрақтылық пен сенім, ел эконо­микасының қарқындылығын күшейтуге, халықтың тұрмысын жақсартуға негіз болатын межеленген мақсаттарды жүзеге асыру үшін біздің алдымызға нақты міндеттерді айқындап берді, — деді қала әкімі өз есебінде.

Сонымен қала әкімі өткен жылы атқа­рылған жұмыстарын қоғамдық кеңес алдында таразылап, алдағы асуларды айтып берді. Баяндама соңында Нәлібаевқа қоғамдық кеңес мүшелері жұрттың көңілін­дегі күпті мәселелерді жеткізіп, талқылады.

Қоғамдық кеңеске келген қоғам белсенділерінің бірі: “Нұрлыбек Машбекұлы сіз өткен бір жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жасадыңыз. Көпшіліктің ой-пікірін ескере отырып, қаламыздағы қордаланып қалған мәселе­лердің шешу жолдарын, олардың өздерімен де ақылдаса отырып, қолдағы бар қаражатты тиімді пайдалануға аса назар аударып келесіз. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік” десе, енді бірі түйіні шешілмеген мәселелерді көтерді.

Жалпы қоғамдық кеңес қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жергілікті атқарушы билікке жеткізіп, екі жақты тығыз қарым-қатынастың орнауына қызмет жасап келеді. Айта кеткен жөн, Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев қызмет етуге келгенде жас болса да, бас болып талай тірлікті тиянақты орындауда. Алауыздыққа да жол бермей, «тырнақ астынан кір іздейтіндердің» түтінін сөндіріп, елдің біртұтастығын сақтап отыр. 

P/s: Қоғамдық кеңестің алдында есеп берген Нәлібаев әрдайым бір мақсатты, бір мүддені, бір болашақты көздейтін арнада болайық деген ниетін білдірді. Дегендей-ақ,  ел арасындағы мәселелер  осындай жиын­дарда көтеріліп, билікке өз уақытында жетіп, түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Сонда халық та риза, басқасы да риза.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here