Қабылдаудан әкім шаршамайды, келуден халық тынбайды…

0
108

Қала тұрғындарын толғандырған түйіткілді мәселелерді әркез басты орынға қоятын қала басшысы жыл басынан бері 15-ке жуық кездесу өткізді. Елді мекендер мен кент тұрғындарының, қала халқы мен қоғамдық кеңес алдында есеп беріп, олар көтерген өзекті мәселелерді талқыға салды. Сондай-ақ, құқық қорғау қызметтері орталығында әр апта сайын қоғамдық қабылдау өткізді.

Нұрлыбек Нәлібаевтың кезекті жеке қабылдауына 100-ден аса қызылордалық келді. Олардың әкімге келудегі мақсаттары бір болғанымен, қояр сауалдары мен ұсыныстары әртүрлі. Қала әкімі мен оның  орынбасарлары әр тұрғынның мәселесін бақылауға алып, шешім табуы үшін тиесілі сала басшыларына жүктеді. 

Олай болса, біз әкім мен тұрғын арасындағы диалогті оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Қызылорда қаласының тұрғыны:

— Пәтерге кезекке тұру үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжаттарымды тапсырамын. Бірақ, әр барған сайын әртүрлі құжаттарды толық­тыруымды өтініп, қабылдамайды. Тіркеуге тұрғанмын. Үш баланың анасымын.

Қала әкімі Н.Нәлібаев:

— Негізі құжаттар дұрыс болса дер кезінде кезекке алу керек.Қазір жауапты маманға тапсырамын. Сол кісі түсіндірген соң, құжаттарыңызды толықтырып қайта тапсырыңыз. Жағдайыңыз бақылауда болады.

Қызылорда қаласының тұрғыны:

— Сізге айтар тағы бір өтінішім бар. Біз пәтер жалдап тұрамыз. Шынымды айтсам, қазір үйімде нан да жоқ. Колледжде оқитын баламның шәкіртақысы арқылы күн көреміз. Оның өзі әлі түспей жатыр. Азық-түліктерді дүкендерден қарызға алып отырмын….

Қала әкімі Н.Нәлібаев:

-Міндетті түрде көмек көрсетеміз. Қазір сіз туралы мәліметтерді жазып аламыз. Жақында кәсіпкерлердің қаты­суымен арнайы бір жобаны жүзеге асыра­мыз. Сол уақытта да назардан тыс қал­майсыз. Ал білім беру саласының қыз­меткерлері балаңыздың шәкіртақысын неліктен аудармай жатқанын анықтап, уақытылы жіберуін қадағалауға алады. Құжаттарыңызды толықтырсаңыз кезек­ке де тұрасыз.

***

Қызылорда қаласының тұрғыны:

— Өзім пәтер жалдап тұрамын. Үш балам бар. Кішісі 3 жастан асқан. Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін жұмыс орнымнан тапсырған арнайы анықтама қағазы болмайды дейді. 

Қызылорда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Рахметова:

— Бұл кісінің баласы 3 жасқа толғанына байланысты атаулы әлеуметтік көмекті тоқтатып, жұмыс ұсыну керекпіз. Жұмыс орнынан әкелген құжат жарамсыз. Сұраныс беріліп, жолдаманы әкелген жағдайда ғана біз атаулы әлеуметтік көмекті бере аламыз.

Қала әкімі Н.Нәлібаев:

— Гүлмира Шамсутдинқызы, сіз бұл кісінің басшысымен тікелей сөйлесіп, толықтыруға қажетті құжаттардың қажет­тігін айтыңыз. Атаулы әлеуметтік көмек­ке мұқтаж болғандықтан жауапсыз қалдыруға болмайды.

Қызылорда қаласының тұрғыны:

-Уақытша баспана жайында да сұрағым келіп еді…

Қала әкімі Н.Нәлібаев:

— Уақытша баспанаға қол жеткізу үшін алдымен кезекке тұрасыз. Бүгінде бұл пәтерге кезекте тұрғандардың саны көп. Дәл қазір бос тұрған үй жоқ. Сондықтан, сіз де кезекке тұру арқылы пәтерге қол жеткізе аласыз.

***

Қызылорда қаласының тұрғыны:

— Біз пәтер кезегі бойынша келдік. 6 баламыз бар. 2019 жылдың сәуір айында кезекке тұрдық. Бүгінде пәтер жалдап тұрамыз.

Қала әкімі Н.Нәлібаев:

— Биыл да жаңа пәтерлер береміз. Бірақ, ұзақ жылдар бойы кезекте тұрған­дар қоныс тойларын тойлауы тиіс. Сіздер алдағы екі жылдың көлемінде күтесіздер. Өйткені, 3000-нан аса көпбалалы отбасы­лар кезекте тұр. Жолдасыңыз екеуіңіз жұмыс істейтін болсаңыздар «Бақытты отбасы», «Өз үйім» секілді әртүрлі бағ­дарламалар арқылы жақын арада үй алуға болады. Біздің мамандар сіздерге ол бағдарламалар жөнінде және құжаттар жайында мағлұматтар береді.

***

Қызылорда қаласының тұрғыны Д.Қалия:

— 17-ші нөмірлі автобус 10 жыл бойы жүрген бағытымен жүрмейтін болды. Бастапқы аялдамасы Сапарбаев көшесіне дейін барғаны дұрыс. Ар жағында 5 көшеде тұратын халық бар. Біз автобусқа міну үшін аялдамаға ұзақ уақыт жаяу келеміз. Мен сала басшылары арқылы бұл мәселені шешуге тырыстым. Мән-жаймен танысқа­ны болмаса нәтиже жоқ. Жасым 80-де болғаннан кейін қала әкімінің алдына ұяла келіп отырмын.

«Қызылорда Автобус паркі» ЖШС басшысы Нұржан Ахатов:

— Қазір ол автобус мектепке дейін ба­ра­ды. Мен бұл кісімен бірге жүріп, мәсе­ленің мән-жайымен таныстым. Тиісті жұмыстар­ды атқарып бүгінде ГАИ қыз­меткерлерінен жауапты күтіп отыр­мыз. Жолдың сапасына байланысты үлкен автобустар ол көшеден жүре алмайды. Егер арнайы мамандар аталған көшенің бойынан көліктердің бұрылуына болады десе, онда бағытын бұ­рыңғы қалпына келтіреміз. Егер бұрылуға рұқсат бермесе, жолды жөңдеген соң ғана қоғамдық көлік­­тердің жүруіне болады.

Қала әкімі Н.Нәлібаев:

— Тасбөгет кентінің 95 пайыз көшесі күрделі жөндеуден өтті. Қалған көшелер алдағы уақытта жасалады. Қалаға қарасты елді мекендер мен шет аймақтың тұрғын­дарына да мән беруіміз керек. Сіздердің кенттеріңіздің гүлденуі үшін жасалған жұмыстың көлемі аз емес. Жаңадан көп­қабатты үйлер мен балабақшалар салын­ды. Одан қалды емхана да бой көтерді. Біраз адам жұмыспен қамтылды. Ал бүгінгі мәселеңіз де назардан тыс қалмай­ды. Алдағы үш күнде жолдың сапасын дұрыстап, сіздер айтып өткен көшелер бойынша жүргізуге мамандарға тапсырма беремін. Тұрғындардың барлығы қолдаса сол бағытта қалады. Егер қоғамдық көлік­тердің бұрылуына кері әсерін берсе, онда өзгеріссіз қалады. Алдымен, сіздердің ұсыныстарыңызды қарап көреміз.

Қызылорда қаласының тұрғыны:

— Нұрлыбек Машбекұлы, қаламыз жылдан жылға көркейіп келеді. Қаншама құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қаланың гүлденуі үшін жасап жатқан еңбек аз емес. Осы бағыттан таймай, халық үшін атқарып жатқан адал еңбегіңізге береке тілеймін. Бүгінгі ұсынысымның да назардан тыс қалмағанына алғыс білдіремін.

А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here